Вернуться к списку статей

Румындардың мұрнын бұзып, тістерін сындырып... тең түстік

Футбол
3K
Қазақстан – Румыния – 0:0. Фото: kff.kz
Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында Румыния футболшыларын қабылдап, 0:0 есебімен тең түсті.

Негізгі құрамдағы өзгерістер

Бұл ойында Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлері негізгі құрамда алаңға шығатын футболшыларымыздың біразын алмастырып, бірнеше өзгеріс енгізіпті. Румыния құрамасымен де Подгорицадағыдай бес қорғаушымен ойнадық. Бірақ бұл жолы Александр Кислицынның орнына Елдос Ахметов шықты.

Жартылай қорғаушылардан тек Исламбек Қуат қана бірінші минуттан бастап ойнады. Ал Бауыржан Исламхан, Азат Нұрғалиев және Альмир Мухутдиновтың орындарына Серікжан Мұжықов, Мақсат Байжанов және Самат Смақов шықты.

Екі құрама да гол соға алмады

Біздің футболшылар бұл ойында жеңіске жетіп, Қаратау (Crna Gora) еліндегі жеңілістерін жуып-шайғысы келді. Сол себептен аянбай тер төкті. Матчтың басында шабуылға шығып, Румыния футболшыларын тықсырып тастауға тырысты.

Бірақ қонақтар бірте-бірте «Астана-Аренаның» жасанды желегіне бейімделе бастағандай болды. Уақыт өткен сайын олардың шабуылдары қауіпті бола бастады. Әйтсе де, біздің қорғаушыларымыз бен қақпашымыз олардың шабуылдарын тойтарып отырды.

Екінші таймның басында да Румыния құрамасы жиі шабуылға шыға бастады. Бірақ ойынның аяғында біздің жігіттер қарқындарын үдетіп, қонақтардың қақпасына қауіп төндірумен болды. Өкінішке қарай, гол соғудың сәті түспеді.

Сіздерге қалай, білмеймін, бірақ бізге Румыния құрамасының шабуылы Польша командасымен салыстырғанда соншалықты пәрменді болып көрінбеді. Әлде Арарат аңғарында барлық күш-жігерлерін сарқ етіп алған ма? Әлде, Астанадағы жасанды желек үстінде өз қабілеттері мен мүмкіндіктерін толық көрсете алмады ма?

Румыния футболшылары оңбай таяқ жеді

Бұл ойында қонақтардың бірнеше футболшысы жарақат алып қалды. Ойынның басында румындардың капитаны Драгош Григоренің мұрны бұзылды. Дәрігерлердің көмегіне жүгініп, алаңға қайта оралғанымен, қан тоқтамай, ақыры матчтың 26-минутында орнын басқа футболшыға босатуға мәжбүр болды.

46-минутта Александру Кипчудің орнына да басқа ойыншы шықты. Оның бұлшық еті тартылып немесе құрысып қалды ма, әйтеуір ойынды жалғастыра алмады. Жарақаттанып қалыпты.

Ал Кристиан Сэпунару бастан-аяқ ойнап шыққанымен, матчтан соң Румыния басылымдарының бірі (gsp.ro) “ол 5 тісі сынып, Астана ауруханаларының біріне жөнелтілді” деген ақпарат таратты...

Әрине, бұл ойында біздің футболшылар жеңіске жету үшін бар күш-жігерлерін салды. Аянған да, тартынған да жоқ. Бірақ олар ойын ережесін шектен тыс өрескел бұзса, төреші лайықты жазасын беруі керек еді. Бәрі де ойын барысында болып жататын жағдайлар сияқты-тын...


Фото: gsp.ro

Ахметов орталық қорғаушы міндетін абыроймен атқарып шықты

Бұл ойында қорғаушыларымыз сенімді ойнады. Әсіресе Елдос Ахметовті бөле-жара атап өткіміз келеді. Ол орталық қорғаушы міндетін атқарып, бапкерлер сенімін ақтады. Абзал Бейсебеков те жиі көзге түсіп, шабуыл өтіне май құйып отырды.

Шомко да сол қапталдан атойлап алға шауып, Румыния қорғанысын піспектеп отырды. Малый мен Логвиненко да сенім үдесінен шыға білді. Қақпашы Стас Покатилов та өрескел қателік жіберген жоқ. Бірнеше рет қонақтардың жойқын соққыларына тосқауыл бола білді.

Серікжан Мұжықов тыным таппай, зыр жүгірді. Жартылай қорғаушыларымыз тылдағы ойыншыларымызға көмектесіп отырды. Тек шабуылға шыққанда Румыния қорғанысын “жіліктеп” тастаудың орайын табудың реті келмеді. Сол баяғыдай, гол соғатын шабуылшы жоқ...      

Қазақстан – Румыния – 0:0

Қазақстан: Покатилов, Бейсебеков, Ахметов, Малый, Логвиненко, Шомко, Қуат (Тағыберген, 86), Смақов, Мұжықов, Байжанов (Нұрғалиев, 66), Хижниченко (Мұртазаев, 82).

Румыния: Тэтэрушану, Бензар, Григоре (Моци, 26), Сэпунару, Тошка, Марин, Хобан, Кипчу (Энаке, 46), Попа (Андоне, 84), Станку, Станчу.

Бас төреші: Мануэл де Соуза (Португалия).

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 6 – 10

Тура соққы: 0 – 3

Қиыс кеткені: 4 – 5

Тойтарылғаны: 2 – 2

Бұрыштама соққылар: 2 – 4

Офсайдтар: 3 – 2

Доп иелену: 55% – 45%

Пастар: 369 – 280

Дәл пастар: 312 – 229

Қорғаныста доп тартып алу: 30 – 35

Ескерту (сары қағаз): 2 – 0

Ереже бұзу: 20 – 7

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика