Вернуться к списку статей

"Қайсар" Премьер-лига жолдамасын жеңіп алды

Футбол
2K
Қайсар ФК – Бірінші лиганың 2016 жылғы жеңімпазы
Басты бәсекелестерінен 14 ұпайға ұзап кеткен Қызылорданың «Қайсары» Бірінші лиганың аяқталуына үш тур қалғанда Премьер-лига жолдамасының мәселесін шешіп тастады.

Қызылордалықтарға «Мақтаарал» көмектесті. Өз алаңында «Қайсардың» басты бәсекелестерінің бірі «Қызыл-Жарды» қабылдаған жетісайлықтар 3:1 есебімен жеңіске жетті.

Бірінші тайм голсыз аяқталған. Үзілістен кейін кездесу тізгінін бірден өз қолдарына алған алаң иелері 68-минутта пенальти орындауға мүмкіндік алды. Нүктеге капитан Сабырхан Ыбыраевтың өзі жақындап, айып добын мүлтіксіз орындады. Есеңгіреп қалған қонақтардың қақпасына араға екі минут салып Асқар Әбутов екінші голды соқты. Дегенмен, «Қызыл-Жардың» қақпасына пенальти белгіленсе, көп ұзамай қарсыластардың қақпасына да айып соққысы орындалатын ғадеті ғой, 75-ші минутта қарағандылық арбитр Алексей Бобров «Мақтаарал» ойыншысының ойын ережесін бұзғанын байқап, оларды да жазалады. Сергей Струков мүлт кеткен жоқ. Алайда, бұл күні алаң иелерін тоқтату мүмкін емес еді. Матчтың аяқталуына үш минут қалғанда Абылайхан Махамбетов жойқын соққысымен кездесуді қорытындылады.

«Қызыл-Жардың» сүрінгені «Алтайға» қол болды. Шахтерлер еліне қонаққа барған шығыс қазақстандықтар ойынның басында бір ышқынып, соңында бір күшеніп, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Матчтың басында Әлібек Сәкенов есеп ашса, соңғы минутта Алексей Шакин қонақтардың әдемі шабуылын голмен қорытындылады. Осылайша, Сергей Тимофеев шәкірттері турнир кестесінде 2-орынға көтерілді. Дегенмен, келесі тур шығыс командасы үшін шешуші болмақ. Семейге басты бәсекелесі «Қызыл-Жар» келеді. Егер жеңіске жетсе, онда 2-орынды ешкімге бере қоймас. Сәйкесінше, Премьер-лигаға берілер екінші жолдамаға таласуға мүмкіндік алады.

Ал «Қайсардың» өзі түзде Ақтаудың «Каспийін» 2:0 есебімен тізе бүктіріп, Премьер-лигаға берілер тікелей жолдаманы жеңіп алды. Үзіліске дейін есеп ашылмаған жоқ. Есесіне көрермендер басқа да қызықтардың куәсі болды. Алдымен бас төреші астаналық Арман Исмуратов 32-минутта алаң иелерінің Владимирі – Яковлевке қызыл қағаз көрсетсе, үзіліске бір минут қалғанда қонақтардың Владимирі – Вяткинді алаңнан қуды.

Нағыз ойын командалар екінші таймда көрсетті. Бастапқыда «Каспий» қарқынды болғанымен уақыт өте келе қонақтар да тізгінді өз қолдарына алып, екі сәтті шабуыл ұйымдастырды. Біріншісін Руслан Сахалбаев, екіншісін Елжас Алтынбеков голға айналдырды.

Иә, осылайша біріншіліктің аяқталуына үш тур қалғанда Қызылорданың «Қайсары» Бірінші лига чемпионы атанып, Премьер-лига жолдамасын жеңіп алды. Шынын айтқанда биыл чемпиондыққа лайық үш команда бар еді. Олар: «Қайсар», «Алтай» және «Қызыл-Жар». Алайда, жасыратыны жоқ, арасында Сыр командасының орны ерек. Ә дегеннен аттарына қамшы басып, бірден турнир кестесінде көш бастады. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев та «Қайсардың» өз алаңындағы еш ойынын жіберген жоқ. Ұтылса жұбатып, жеңсе – футболшылармен қуанып, қай кезде болмасын команданың басты жанкүйері болды. Облысқа әкім болып тағайындалғаннан бастап «Қайсар» үшін бар жағдайды жасап жүрген басшы клубтың ыстығына да, суығына да жанкүйерлермен бірге төзді. Енді «Қайсардың» бұл қуанышы ұзағынан болсын деп тілейміз! Былтырғы сәтсіздік облыс және клуб басшылығына үлкен сабақ болуы тиіс.     

 

БІРІНШІ ЛИГА, 25-ТУР

«Екібастұз» – «Алтай» (ШҚО) 0:2 (0:1)

Голдар: Сәкенов, 3. Шакин, 90.

Ескертулер: Жарынбетов 11, Саденко 35, Аллаяров 44, Сүлейменов 59, Айдарғалиев 90 – Колодин 59, Құлахметов 67, Нұрғалиев 81.

Қызыл қағаз: Жарынбетов 52, Мырзабаев 70

«Екібастұз»: Айдарғалиев, Жарынбетов, Саденко (Головешкин 80), Червов (Мырзабаев 69), Чифин (Жұмкенов 30), Сүлейменов, Оразалиев, Айменов, Бралин (к), Аллаяров, Джамаришвили (Әубәкіров 72)

Резерв: Нарымбаев, Зейноллин, Омаров, Әнуарбеков, Қуанышев

«Алтай»: Котляр, Умашев, Мұқанов, Құлахметов, Карпович (к) (Щеткин 90+2), Д.Шмидт, Шакин, Сәкенов (Е.Шмидт 63), Нұрғалиев (Халелов 90+2), Димов, Колодин

Резерв: Сапарғалиев

Төрешілер: Чеховский (Астана), Шабалкин (Алматы), Русяев (Қарағанды)

Екібастұз. «Шахтер» стадионы. 2 000 көрермен.

«Каспий» (Ақтау) – «Қайсар» (Қызылорда) 0:2 (0:0)

Голдар: Сахалбаев, 51. Алтынбеков, 89.

Ескертулер: Таңжарықов 2, Нәбиханов 43, Шевченко 66 – Вяткин 41, Павинич 86

Қызыл қағаз: Яковлев 32 – Вяткин 44

«Каспий»: Аязбаев, Елтаев, Таңжарықов (Жанысбаев 79), Нәбиханов, Пасеченко, Коне, Шевченко, Қадырбаев, Яковлев, Қайраллиев, Арменов (к) (Жақыпов 90+1)

Резерв: Овчинников, Алқамбеков, Озғанов, Сарғұлов, Утробин, Сердюков
«Қайсар»: Исламқұлов, Ілиясов (Кейлер 90+1), Жахаев, Вяткин, Керімжанов, Марочкин, Сахалбаев (к) (Павинич 64), Граф (Алтаев 90+1), Марушко, Күнов, Хромцов (Алтынбеков 78)

Резерв: Рушинас, Нүсіп, Сейітханов, Кеңесбек, Оразбек

Төрешілер: Исмуратов, Навроцкий (екеуі де – Астана), Бейжанов (Петропавл)

Ақтау. «Жас Қанат». 2 000 көрермен.

«Мақтаарал» (ОҚО) – «Қызыл-Жар» (Петропавл) 3:1 (0:0)

Голдар: Ибраев, 68-пен. (1:0). Әбутов 70 (2:0), Струков 75-пен (2:1). Махамбетов 87 (3:1)

Ескертулер: Седельников 38

«Махтаарал»: Кувшинов, Бақтияров, Рыбалко, Мәжитов (Қамбил 90), Аллашүкіров, Задорожный (Махамбетов 86), Ыбыраев (к), Покатилов, Шубаев (Мыңбаев 90+2), Зверев, Алекперзаде (Әбутов 46)

Резерв: Хамытбеков, Ілімов, Әліпбеков, Иманов, Орынбеков

«Қызыл-Жар»: Зәкіров, Гунченко, Перцух (Серғалиев 75), Аверченко (к) (Мульдинов 69), Аитов, Әлиев, Байжанов (Гридин 76), Бурцев, Струков, Ступич, Седельников

Резерв: Калмыков, Голубничий, Видич

Төрешілер: Бобров (Қарағанды), Ахметов, Қожабеков (екеуі де – Қызылорда)
Атакент кенті. «Алпамыс Батыр» стадионы. 500 көрермен. 



Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика