Вернуться к списку статей

Твумасидің «Астанадағы» тағдыры қалай болмақ?

Футбол
1K
Твумасидің
Бұл күндері отандық бұқаралық ақпарат құралдарында Патрик Твумасидің тағдыры қызу талқылануда. Оның болашағына «Астана» жанкүйерлері де кәдімгідей алаңдап жүр. «Командада қала ма, жоқ па» деген сынды пікірталастарды да жиі көзіміз шалады. Бұл мәселеде біздің ойымызды білгіңіз келсе, мынадай.

Твумасидің көңілі неге түсті?

Жалпы, Твумаси – техникасы жетілген, талантты ойыншы. Қос қапталмен де тамаша шабуылдап, кез келген қорғанысыңды бұзып жарып өте алады. Ел чемпионатының өткен турында «Оқжетпес» қақпасына екі гол соқты. Сөйтті де, өзінің биылғы чемпионаттағы бесінші голын  соғып қана қойған жоқ, әлі де «Астана» үшін қажеттілігін дәлелдеді. Одан бөлек, «Селтик» қорғаушыларының әбден сілікпесін шығарып, литвалықтардың қақпасына гол соқты.

Өткен маусымда «Астананың» Чемпиондар лигасындағы ең үздік ойыншысы болды. Алты ойыннан аластатылғанына қарамастан тағы алты ойынға қатысып, төрт гол соқты. «Бенфика», «Галатасарай» сынды командалардың қақпасынан саңылау тапты. Былтыр ішкі аренада «Астананың» 35 кездесуіне қатысып, 12 гол соқты, әріптестеріне 6 нәтижелі пас шығарып берді.


Патрик Твумаси былтыр Чемпиондар лигасында 6 ойын өткізіп, төрт гол соққан

Дегенмен, биыл Патрик бас бапкер күткен ойынды көрсете алмай жүр. Маусым басында да Станимир Стойловтың аузынан «Твумасидің ойыны көңілден шыққан жоқ» деген сынды пікірлерді оқта-текте естіп қалатынбыз.

Соңғы кездері Стойловтың арызы тым жиілеп кеткен еді. Ақыры жағдай Еуропа лигасының маңызды кездесуінде қосалқы құрамға отырғызып тастауға дейін жетті. Алдымен Никосиядағы матчта «Апоэлге» қарсы алаңға 33-ақ минутқа шықты. Онда да қарық қылған жоқ. Көзінен от байқамадық. Алдында тұрған допқа аяғын созбай, жанынан өтіп бара жатқан «снарядқа» жүгірмей, біздің де, бапкерлер алқасының да ығырын шығарды. Одан кейін ел чемпионатының аясындағы «Ақтөбеге» қарсы кездесуде де доптан жиі айрылып қала бергендіктен, 70-минутта бас бапкер оны алмастырып тастады.


Биыл Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы қосқанда Твумаси 7 ойында 1 гол соғып, 2 нәтижелі пастың авторы атанған.

Стойлов пен Твумаси арасындағы түсініспеушілік

Жанкүйерлердің нағыз алаңдаушылығы «Астана» – «Янг Бойз» кездесуінен кейін басталды. Әдетте бірінші минуттан бастап алаңға шығатын ганалық легионер сол матчта қосалқы құрамда қалып қойды. Тең түсіп, жағдай Патриктің ойынға қосылуын талап етіп жатқанда да бас бапкер оны керек қылмады. Тіпті, Станимир Стойлов стадион толы көрерменнің «Твумаси-Твумасилетіп» ұрандатқандарына құлақ асқан жоқ.

Содан басталды дейсің әртүрлі өсек. «Твумаси мен Стойлов тіл табыса алмай қалыпты, Енді ол «Астанада» маусым соңына дейін уақыт өткізіп, содан кетеді» деген сынды әңгімелер жанкүйерлердің біріншісінен екіншісіне жетіп, желсіз-ақ шөптің басы ырғала берді.

– Командадағы барлық ойыншылармен жақсы түсінісеміз. Егер футболшылардан кімде-кім маған ұнамаса немесе тіл табыса алмасақ, онда ол «Астанада» ойнамас еді, - деп ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында Станимир Стойлов «тіл табыса алмау» мәселесіне өзі нүкте қойғысы келді. «Егер жаттығуларда жақсы жағынан көрініп, ойындарда барын салса, онда мен оны қосалқы құрамға қамап қоймаймын. Ал дәл қазіргідей ойынын мен де көрсете аламын», - деп те қосып қойды.

Дегенмен, отқа майды Патриктің өзі құйып жіберді. Ағылшыншаға шорқақ, орысшасы одан төмен футболшы «инстаграммдағы» жеке парақшасына мынадай сурет салып, бүй деп жазыпты:


Патрик Твумасидің "инстаграмдағы" жазбасынан

Бұл жазбаның кімге бағытталғанын аңғару қиын емес шығар. Дауыстап оқысаңыз, көңілі құлазып жүрген адамның жан айқайы секілді естіледі екен. «Егер арамызда проблема болса, келіңіз де айтыңыз» деген сөзі жанға батты. «Бапкер мен футболшы осыдан кейін өзара сөйлесті ме екен?» деп ел чемпионатының 29-туры аясында өткен «Астана» – «Оқжетпес» ойынынан кейін Стойловқа тағы да мазасын алдық.

– Жоқ сөйлескен жоқпыз. Маған бұл қажет емес. Бұл да бір қызық өзі. Ойыны жүріп жатқанда ешкім менімен сөйлеспейді, сәл алаңға шықпай қалсыншы, менімен сөйлескіш болып кетеді. Ойынымен дәлелдесін, - деген енді сол кезде Стойлов мырза.


Биыл ел чемпионатында Патрик 25 ойынға қатысып, 5 гол соққан. 8 нәтижелі пастың авторы

Твумасиге Загребтің «Динамосынан» ұсыныс түскені рас па?

Соңғы кездері «Твумасиге Загребтің «Динамосынан ұсыныс түскен» деген алып-қашпа әңгімелер тарап жүр. Бізге жеткен ақпараттарға сенсек, жаздың соңында Патрикті шынымен де хорваттар шақырған екен. Алайда, «Астана» басшылығы жібермепті. Ганалық легионер соған ренжіп, алаңда дұрыс ойнамай жүрген көрінеді-мыс.

Иә, Загребтің «Динамосы» – Шығыс Еуропадағы еңселі командалардың бірі. Бұл команда Англия, Испания, Италия, Германия сынды чемпионаттардың клубтарына өту үшін тамаша трамплин. «Реалдағы» Лука Модрич те кезінде осында ойнаған. «Реалдың» тағы бір сайыпқыраны Матео Ковачич Италияның «Интеріне» осы «Динамо» арқылы келген. «Ювентустегі» Марио Манджукич пен Марко Пьяца, «Ливерпульдегі» Деян Ловрен сынды футболшылар да Загреб арқылы карьерасын жасаған. Сондықтан, бір жағынан Твумасидің өкпесі түсінікті де шығар. Ол да «Реал» немесе «Барселонада» ойнауды армандайды. Оның үстіне, хорваттар қазір Чемпиондар лигасында «Ювентус», «Севилья», «Лион» сынды алпауыттармен бір топта ойнап жүр. Ренжісе, ренжитініндей-ақ бар. Бірақ...


Transfermarkt.de сайтының мәліметі бойынша Твумасидің нарықтағы бағасы 900 мың евро.

... Біріншіден, «Астана» төлеп жүрген жалақыны «Динамо» көтере алады деп айта алмайсың. Хорватияда клубтар футболшыларын ақшамен құтыртпайды. «Астанада» таршылық көрмеген Патрик Загребте талтаңдап жүре алмас. Екіншіден, Еуропа лигасында ойнап жүріп-ақ, Еуропаның еңселі командаларына ауысуға болады. Тіпті, қазір батыстық клубтардың көздеріне жақсы жағынан түссе, онда олар айлығын еселеп көтеруден де қашпайды. Бұдан «Астана» да жақсы пайда көрмек. Елордалық клубтың көздеп отырғандары да осы. Әйтпесе, баяғыда-ақ Неманья Максимовичті Францияның «Лионына» немесе Италияның «Ромасына» жібере салар еді. Айтпақшы, «Янг Бойзбен» болған кездесудің үздік ойыншысы Максимович болған екен. Осыған қарап, болашақты ойлайтын футболшы Неманья сияқты-ақ болсын дегің келеді. Сондықтан, Патрикке кішкене жерге түсіп, өз мықтылығын «инстаграмда» емес, жасыл алаңда көрсету қажет.


Қазақстанның екі дүркін чемпионы, бір рет ел суперкубогын жеңіп алған 

Твумаси «Астанада» қала ма?

«Астана» жанкүйерлерін алаңдататыны осы сұрақ. Әлбетте, мұны футболшының өзі және бапкерлер мен басшылар шешеді. Дегенмен, бәрі футболшының өзіне байланысты.

– Бүгін оның ойыны көңілімнен шықты. Екі гол соғып, жеңіске жетуімізге сүбелі үлесін қосты. Егер әр ойында осылай ойнайтын болса, онда мен оны Еуропа лигасында да негізгі құрамда шығарып тұрамын, - деді «Оқжетпеспен» болған ойыннан кейін Станимир Стойлов. 

Иә, Стойлов біреуге қасастық қылатын, сөзге келіп қалғаны үшін ғана алаңға шығармай қоятын бапкерлердің қатарынан емес. Бұл жағынан ол Висенте Дель Боске немесе Карло Анчелотти секілді. Футболшылармен жұмыс жасау мәнерлері ұқсайды. Егер Твумаси кеудесіне піскен нанды түсіріп тастап, әр ойында барын сала ойнайтын болса, онда оған маусым соңында Загребтің «Динамосынан» ғана емес, Италия, Франция сынды чемпионаттардың да клубтарынан құда түсулері ғажап емес. Әр кездесуде алаңға шығар алдында Патрик осыны ойлап шығуы тиіс.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика