Вернуться к списку статей

Қола жүлде – “Ертістен” гөрі “Ордабасының” мүмкіндігі мол сияқты

Футбол
1K
Қола кімге бұйырады?
Биыл Қазақстан премьер-лигасында чемпиондық атақтан гөрі қола жүлде бәсекесі мейілінше тартысты болғалы тұр. «Ертіс» пен «Ордабасы» ел біріншілігі аяғында доп додасы көрігін қыздыратын болады.

Биылғы ел чемпионатының соңында алтын жүлденің “тағдыры” тек бір команданың “қолында” екенін жаздық. Ал қола жүлде бәсекесі шектен тыс қызықты болмақ. Үшінші орынға Павлодардың «Ертісі» мен Шымкенттің «Ордабасы» клубы таласады.

Ел біріншілігінің көмбесі көрінгенде үшінші орыннан үміттерін үзбей, үзеңгі қағысытырып келе жатқан командалар саны селдіреді. Негізі, «Оқжетпестің» де қола жүлдедеден дәмесі зор еді. Бірақ қыркүйектің аяғында-ақ үмітін үзген сияқты.

Себебі орталық қорғаушылары Чижов пен Чертов жарақаттанып, қатардан шығып қалды. Содан болар, қорғанысы сыр бере бастады. Әрі тәжірибелі төрт ойыншысын команда сапынан “қуып”, жағдайларын тығырыққа тіреп алды.

Енді қола жүлдеге «Ертіс» пен «Ордабасы» таласады. Иә, бар мәселе 16 қазан күні Шымкенттегі екеуара матчта шешілуі керек. Десек те, чемпионат аяғындағы «Ертістің» ойындар күнтізбесі – тым күрделі.

Әуелі Шымкентке барады. Содан соң өз алаңында «Қайратты» қабылдайды (23 қазанда). Ал соңғы турда (29 қазанда) «Астанамен» өз алаңында кездеседі. Екеуі де – чемпиондық атаққа таласып жатқан командалар...

Ал «Ордабасы» «Ертісті» өз алаңында қабылдаған соң, Көкшетауға барып, «Оқжетпеспен» ойнайды. Содан кейін, соңғы турда «Ақтөбені» қабылдайды. Бұл екі ұжымды дәл қазір алғашқы алтылықтағы ең осал командалар десек, көңілдеріне ала қоймас...

Бірақ, кім біледі, егер 16 қазан күні «Қайрат» – «Астана» матчында биылғы маусымдағы чемпионымыз анықталып, көшбасшылар қалған ойындарда қосалқы құрамдағы футболшыларына мүмкіндік берсе ше? Онда «Ертістің» бағының жанғаны...

Жалпы, «Ертіс» екінші кезеңнің бірінші айналымында кежегесі кейін тартып, бес ойында да ұтылып қалмағанда, тым болмаса бір-екі ойында жеңіске жеткенде, «Ордабасы» жете алмас еді. Енді чемпионат соңында бар күш-жігерін салмаса болмайды...  

Сонымен – «Ертіс» пен «Ордабасы». Қайсысының бағы, қайсысының бабы шабады, оны тек алаңдағы ойындар көрсетеді. Біз тек қызықты, әділетте ойындардың куәсі болғанды қалаймыз...

Сөз соңында алғашқы алтылықтағы қалған үш турдың ойындары күнтізбесін ұсынамыз:

ХХХ тур. 16 қазан, жексенбі

«Ордабасы» – «Ертіс»

«Қайрат» – «Астана»

«Ақтөбе» – «Оқжетпес»

ХХХІ тур. 23 қазан, жексенбі

«Оқжетпес» – «Ордабасы»

«Ертіс» – «Қайрат»

«Астана» – «Ақтөбе»

ХХХІІ тур. 29 қазан, сенбі

«Ордабасы» – «Ақтөбе»

 «Ертіс» – «Астана»

«Қайрат» – «Оқжетпес»

Қола жүлдеден үмітті екі команданы биылғы ел біріншілігіндегі үш кездесуінің нәтижелері:

V тур. «Ертіс» – «Ордабасы» – 2:0 (Мұртазаев, Гогуа-пенальтиден)

ХV тур. «Ордабасы» – «Ертіс» – 2:0 (Нұрғалиев, Нұрғалиев-пенальтиден)

ХХVІ тур. «Ертіс» – «Ордабасы» – 1:2 (Мұртазаев – Гейнрих-пенальтиден, Гейнрих)

ХХХ тур. «Ордабасы» – «Ертіс» – ? 



Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика