Бұл ойын Абу-Дабидегі «Шейх Зайед спорт орталығы» стадионында өткен. Мәскеудің «Спартагы» екі құраммен ойнаған. Дмитрий Аленичев пен оның бапкерлер штабы бірінші таймда алаңға жас футболшыларын шығарған. Ал екінші таймда тәжірибелі футболшыларына ерік берген. Тек орталық шабуылшы Зе Луиш қана екі таймды толық ойнап шыққан. Ал қорғаушы Таски тұмауратып қалып, мүлде алаңға шықпаған.
«Астана» бірінші таймда қызыл-ала жейделілердің жастарымен тең түскен. Екі рет астаналықтар қауіпті шабуыл ұйымдастырып, бір рет «Спартак» жастары қақпаны нысанаға алғандай болған.
Есесіне, екінші таймда «Спартактың» негізгі құрамдағы серкелері көсіле шапқан. Жауапсыз бес гол соғып, «Астана» клубын сеңдей соғыстырған. Есеп – 0:5.
Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде «Атлетико», «Бенфинка» және «Галатасарай» сынды азуларын айға білеген айбынды клубтармен тең түскен «Астана» Мәскеудің «Спартагын» қалпақпен ұрып аламыз деді ма екен? Түсініксіз...
Осы ойыннан кейін «Астана» футбол клубының президенті Саян Хамитжанов бұл жеңілістің өз футболшыларына баға жетпес сабақ болатындығын айтыпты. Бір жағынан ұтылғандары дұрыс та болған шығар. Өйткені былтырғы жетістіктерінің буынан арылып, алдағы маусымға жан-жақты дайындалып, әрбір ойынға жауапкершілікпен қарау керек қой. Себебі бүкіл қазақстандық жанкүйерлер олардың әрбір қадамдарына «үңіле» қарап, әрбір ойындарынан жеңіс күтеді емес пе?
Жасыл алаңға шыққанда, мейлі ол жолдастық кездесу болсын, кешегі жеңістер мен жетістіктерді «ұмыта» тұру керек шығар...
«Спартак» (І-тайм): Митрюшкин, Кутин, Пуцко, Кутепов, Макеев, Тимофеев, Леонтьев, Мелкадзе, Зуев, Давыдов, Зе Луиш.
«Спартак» (ІІ-тайм): Ребров, Паршивлюк, Гранат, Боккетти, Д. Комбаров, Ромуло, Зотов, Глушаков, Попов, Промес, Зе Луиш (Зуев, 78).
Голдар: Зе Луиш, 55. Зе Луиш, 72. Промес, 79. Попов, 81. Зуев, 85.