Вернуться к списку статей

Қазақстан футзалшылары әлем чемпионатының ширек финалына шыға алмады

Футбол
2K
Қазақстан – Испания – 2:5. Фото: fifa.com
Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Колумбияда өтіп жатқан ХІІІ әлем чемпионатының 1/8-финалында Испания құрамасынан ұтылып қалып, ширек финалға шыға алмады.

Бұл ойын 2:5 есебімен аяқталғанымен, матч соңғы минутқа дейін шектен тыс тартысты болды. Тек 39-минуттан бастап, Испанияның бағы жанып, біздің жігіттердің ұнжырғалары түсіп кетті...

Қазақстан – Испания кездесуі өте шиеленісті басталды. Екі дүркін әлем чемпиондары ойынның басында есеп ашты. Қызыл жейделілер айып соққысын орындап, Игита Лозаноның пәрменді соққысын тойтара алмады.

Алайда, көп ұзамай біздің футзалшылар таразы басын теңестірді. Игита алыстан шірене теуіп, оның қуатты соққысын Испания қақпашысы тойтарғанымен, жанында тұрған Шыңғыс Есенаманов теңбіл допты қақпа ішіне енгізіп үлгерді.

Бірінші таймда екі команда да өте сақ, шектен тыс мұқият ойнады. Басқадай қателіктер болған жоқ. Екі құрама да бірін-бірі жақсы біледі. Деңгейлері – өте жоғары. Ең бастысы, жаза басып, қате жіберіп алмау болды.

Екінші таймда осындай мәтінде өрбіді. Алайда Испания құрамасының кезекті бір шабуылшысы біздің футзалшыларды шым-шытырық шатыстырды. Сол қапталда жалғыз қалған Бебе шірене теуіп, Игитаны екінші рет қапы қалдырды.

Біздің футзалшылар да берілер емес. Екінші тайм бел ортасынан ауа тамаша шабуыл ұйымдастырып, Дәурен Нұрғожин оны асқан шеберлікпен түйіндеді. Таразы басы қайта теңесті.

Өкінішке қарай, әрі қарай біздің құраманы қырсық “шыр айналдырғандай” болды. Әуелі Нұрғожинді жаңылыстырды. Испания құрамасы аса жоғары жылдамдықта шабуылға шығып, қауіп төндіргенде, допты қақпашыға бере салмақ болып атылып еді... Теңбіл доп аяғына тиіп, қақпа ішіне қойып кетті. Игита болса, доптың бағытына қарай оң жағына қарай шығып кетіпті. Ол да сан соғып, дәрменсіз күй кешті.

Ойын аяқталуға айналғанда біздің құрама тәуекелге бел буды. Қақпашының орнына бесінші ойыншысын шығарды. Осылай Қазақстан құрамасы қарқындарын үдете түсті. Бірақ Испания құрамасының қарсы шабуылдары тым қауіпті-ақ.

Осындай жылдам ұйымдастырмақ болған қарсы шабуылдарының бірінде Лозано өтірік құлап, екінші рет ескерту алып, алаңнан қуылды. Әрі Қазақстан құрамасы екі минут бойы артық құрамда ойнау мүмкіндігіне ие болды.

Иә, тағдыр екі минуттық мүмкіндік бергендей болды. Бірақ біздің жігіттер гол соғып, есепті теңестіре алмай, діңкелері құрыды. Бірлі-жарым мүмкіндіктері болды. Алайда ала допты қақпа торында тулатудың сәті түспей-ақ қойды.

Содан футзалшыларымыздың жүйкелері де сыр берді ме, соңғы минутта екі рет жаңылысты. Қорғаушымыз да, алдыға шығамын деп қақпашымыз да жаза басты. Екі қате – екі гол. Есеп ұлғая түсті. Құдды, Испания құрамасы біздің жігіттерді оңай жеңгендей...

Испания – Қазақстан – 5:2

Голдар: Лозано, 2:50 (1:0), Есенаманов, 4:55 (1:1), Бебе, 22:40 (2:1), Нұрғожин, 30:59 (2:2), Нұрғожин, 31:07-автогол (3:2), Рауль Кампос, 38:58 (4:2), Мигелин, 39:34 (5:2).

Қазақстан: Игита, Лео, Дуглас, Нұрғожин, Довгань – Сүлейменов, Есенаманов, Таку, Першин, Пенгрин, Гуров, Кнауб, Гребонос, Мун.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика