Басында Соломон аралдары футзалшылары тайталасып бақты. Негізі, техникалық шеберліктері тәп-тәуір екен. Тек тактикалық тұрғыда ұжымдық ойын үлгілерінің “бір қайнауы” жетіспейтін сияқты. Кейбір ойыншылары алдындағы қарсыласын алдап өтуге машық. Ұстараның жүзіндей лып-лып етеді.
Алайда біздің жігіттер оларға футзалды шын мәнінде қалай ойнау керек екенін көрсетті. Командалық ойын үлгісінің қандай болатындығын “үйретті”. Жоғары жылдамдықта допты бір-біріне қақпақылдап, Соломон аралдары “маржандарының” бастарын айналдырды.
Бірінші таймда төрт гол соқты. Үзілістен кейін біздің футзалшылар құйындай орап соқты. Қарсыластарының аптықтары басылып, тайсақтап қалғандарын сезді де, көсіле шапты.
Осы ретте айта кетуіміз керек, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Какау да алаңға негізінен қосалқы құрам орындығындағы футзалшыларымызды шығарып, олардың өз өнерлерін паш етуге мүмкіндік берді.
Мәселен, екінші таймда Дуглас пен Лео мүлде бірге ойнаған жоқ десек те болады. Екеуін қосалқы құрам орындығындағы жігіттерімізбен екі төрттікте ойнады. Содан соң екеуінде отырғызып қойып, алаңдағы футзалшыларымызға жетекшілік етуді Шыңғыс Есенамановқа тапсырды.
Ал Дінмұхамбет Сүлейменов, Дәурен Нұрғожин, Александр Довгань сынды тәжірибелі жігіттеріміз екінші таймда алаңға шыққан жоқ десек те болады. Тіпті екінші таймның орта тұсында қақпашыларымызды ауыстырып, Александр Гуровқа да әлем чемпионатында өз өнерін ортаға салуға мүмкіндік берді.
Осылай біздің құрама қосалқы құрам орындығындағы жігітерімізбен-ақ Соломон аралдары құрамасын ойсырата жеңді. Алаңға көп шықпайтын, тіпті құрама сапына соңғы сәтте ғана қосылған футзалшыларымыз гол соғып, қуанышқа бөленді.
Қазақстан – Соломон аралдары – 10:0
Голдар: Довгань, 3:21 (1:0). Кнауб, 8:54 (2:0). Дуглас, 15:39 (3:0). Лео, 17:54 (4:0). Кнауб, 21:25 (5:0). Таку, 27:31 (6:0). Дуглас, 28:01 (7:0). Мун, 28:54 (8:0). Таку, 29:22 (9:0). Пенгрин, 37:03 (10:0).
Қазақстан: Игита, Лео, Дуглас, Довгань, Першин – Сүлейменов, Есенаманов, Нұрғожин, Таку, Пенгрин, Гуров, Кнауб, Гребонос, Мун.