Вернуться к списку статей

"Ертіс" Елащукті қызметінен босатып, басшыларын екшеді

Футбол
1K
Фотолар fcirtysh.kz сайтынан алынды
Кешеден бері «Ертіс» футбол клубының ресми сайты басшыларының ауысқандарын жариялап, чемпионат соңында үшінші орыннан айырылып қалмау қамына кіріскендей.

«Ертістің» еңсесі неге түсті?

«Ертістің» директоры Игорь Елащук қызметінен кетіп тынды. Отандық басылымдар «бұл маман Қазақстан футбол федерациясына жақпай қойды» деп көп жазды. Ол 20 мамыр күні Алматыда өткен еліміздің Кәсіпқой футбол лигасы басқосуында ҚФФ басшысымен сөзге келіп қалып, дауыс беруге қарсы болған...

Сол жиындағы «қарсы болудың» кесірі тиді ме, жоқ па, белгісіз. Алайда содан бері «Ертістің» бас бапкері премьер-лигадағы кейбір матчтардан соң төрешілердің шешімдеріне наразы екендігін бірнеше рет тұспалдап та, меңзеп те айтып жүрді.

Сонымен қатар, әр түрлі себептермен бірнеше ойыншысы басқа командаларға ауысып кетті. «Футболшылары жалақыларын уақытында ала алмай жүр» деген ақпараттар да аракідік әр жерде “бұрқ” ете қалып та жүр.  

Бір қызығы, соңғы жеті ойында «Ертіс» алты рет ұтылып, үшінші орыннан айырылып қалу қауіпі үйіріле бастады. Қазір төртінші орындағы «Оқжетпестен» бір ғана ұпайы артық.

Ал осыдан жеті тур бұрын (ХІХ турдан соң) 38 ұпаймен екінші орында тұрған болатын. Ол кезде төртінші орындағы Көкше клубынан жеті ұпайы артық болған-ды.

“Ертіс” Ерлан Қожағапановты Павлодарға шақырады

Павлодар клубы чемпионат соңында үшінші орыннан айырылып қалмау үшін қарекет етіп, шара қолдануға кірісті. Әуелі директоры Игорь Елащук қызметінен өз еркімен кетіп, оның орнына Жанайдар Дүйсембаев тағайындалды.

Кеше кешкісін клубтың спорттық директоры болып, елімізге танымал бапкер Ойрат Садуовтың бекітілгендігі мәлім болды. Ол – бірнеше жыл бойы өз елімізде қызмет етіп, отандық футболдың қыр-сырына мейілінше қаныққан маман.

Ойрат Батаевич «Ертіс» клубының ресми сайтына берген қысқаша ғана сұхбатында Қазақстан футбол федерациясымен тіл табысып, тату болудың маңызы зор екендігін тілге тиек етіпті. Тіпті өз ойын «біздің қаламызда әлі болмаған федерация президенті Ерлан Қожағапановты шақырғымыз келеді, Павлодар – еліміздегі футболды аймақтардың бірі ғой» деп түйіндепті.

Ал «Ертістің» биылғы маусымдағы басты мақсаты – келесі жылы Еурокубокта бақ сынау. Жаңа басшылары енді осы мақсатқа қол жеткізуге тырысады. 

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика