Тасқамал қорғаушы әлі де тың. Бұрынғыдай гол соғып та жүр. «Школьник» – «Астана-1964» командалары арасында өткен текетіреске толы ойында баспен гол соғып, командасының жеңісіне сүбелі үлесін қосты. Матч аяқталған соң Максимді аздап әңгімеге тартып, ойыншылық карьерасы туралы сұраған едік.
– Астана қаласы біріншілігінің 8-турында Сіздің командаңыз «Школьник» өзінің басты бәсекелестерінің бірі «Астана-1964» командасын 2:0 есебімен ұтты. Ойын қаншалықты қиын болды?
– Біз үшін бұл жеңіс өте құнды. Өйткені, жеңіліп қалғанымызда бұдан әрі чемпиондыққа таласу қиынға соғар еді. Оның үстіне, «Астана-1964» өте жинақы, тәжірибелі команда. Сондықтан, кездесуге тыңғылықты дайындалдық. Ал ойын бізге ғана емес, жанкүйерлерге де керемет әсер сыйлады деп ойлаймын. Маңыздылығы, ойын барысы, қарқыны тұрғысынан алғанда бұл текетірестің деңгейі Қазақстан Бірінші лигасының үздік үштігі арасында өтетін матчтармен пара-пар болды.
– Осы ойында есепті ашқан өзіңіз болдыңыз. Голыңызды суреттеп берсеңіз...
– Стандартты жағдайларды бұрыннан жақсы көремін. Қарсыластың қақпасына айып добы немесе бұрыштама соққысы орындаларда әрдайым шабуылға жетіп баратыным бар. Бұл жолы да алға қарай жүгірдім. Оның үстіне, әріптесім Азат Смағұлов бұрыштама добын әдемі асырды, қақпашы да аздап позициясын жоғалтып алғандай болды. Маған қалғаны – тек бәрінен биік секіріп, допты ашық тұрған қақпаға тоғыта салу болды.
– Қала біріншілігінде бірінші рет ойнап жүрген жоқпын. Бұған дейін де үнемі қатысып тұратынмын. Тіпті, Премьер-лигада ойнап жүргенімде де әрдайым бабымда болуым үшін осы турнирде доп тебетінмін. Ал бұл командада достарым аз емес. Көбісімен кезінде футболды бірге бастағанбыз. Солар шақырды. Бас кезінде жай ғана бірге доп теуіп, жаттығу жасап жүретінбіз. Бәрі кенеттен басталды. Команда құру жайлы идея пайда болып, осы қала біріншілігіне қатысуды жөн көрдік.
– Құпия болмаса, бұл командада Сіздерге айлық төлей ме?
– Әуесқой деңгейдегі команда болғандықтан жалақы деген жоқ. Бірақ жеңіс үшін сыйақы алып тұрамыз.
– Максим, енді өзіңіздің кәсіпқой футболшылық ғұмырыңыз жайлы әңгімелессек. Өткен жылы Бірінші лиганың «Қызыл-Жар» командасында ойнағаныңызбен екі-ақ матчқа қатыстыңыз. Онда да бәрін қосқанда алаңда небәрі 10 минуттан сәл ғана астам уақыт өткізіпсіз. Жарақатыңыз кедергі болды ма, әлде басқа да себептері бар ма?
– Футболшылық ғұмырымды екі рет аяқтағанмын. Біріншісінде 2014 жылдың басында демалуды жөн көріп, футболды қойғанмын. Бірақ кейін «Қызыл-Жар» командасынан ұсыныс түсіп, бутсамды қайта кидім. Дегенмен, ол жақта мен негізінен бапкер-ойыншы болдым. Бір жағынан жаттығуларға, екінші жағынан жаттықтырушылық курстарына қатысып жүрдім. Сондықтан, барлық ойынға қатысуды мақсат тұтқан жоқпын. Қазір «А» жаттықтырушылық лицензиям бар. Енді өз бетімше команда жаттықтыра аламын.
– Әдетте, қорғаушылар 32 жасында тәжірибесі толысып, шеберлігі шыңдалып, нағыз бабына еніп жатады. Кәсіпқой футболды ерте аяқтадым деп өкінбейсіз бе?
– Әрине, тағы біраз жыл кәсіпқой деңгейде доп тебуге қарсы болмас едім. Дегенмен, өкінішке қарай, өмірде бәрі сен ойлағандай бола бермейді. Менің бұл шешімді қабылдауыма көптеген факторлар себеп болды. Бірақ, ешнәрсеге өкінбеймін. Менің де дәуренім жүрген кездер болды. Қазақстан чемпионы атандым, ел кубогы мен суперкубогын жеңіп алдым. Ұлттық құрамада ойнадым. Менің карьерама жеткендер де бар, жетпегендер де жетерлік.
– Еліміздің «Жеңіс», «Ертіс», «Жетісу», «Атырау» сынды көптеген клубтарында доп тептіңіз. Ал ойнағыңыз келіп, бірақ ойнаудың сәті түспеген командалар болды ма?
– Менің үнемі ойнағым келетін бір-ақ команда бар. Ол – өзімнің туған қаламның командасы. Неліктен екенін білмеймін, қазір Астананың командасында жергілікті ойыншылар азайып кетті. Соңғы рет жергілікті ойыншылар 2006 жылы ел чемпионы атанғанымызда көп болған екен. Басқа командалар жайлы айта алмаймын. Әлбетте, қай команда да ойнасамда, алаңда барымды салдым. Екі қолды қалтама салып, жатып алып ақша тапқан командам болған емес.
– Кезінде Сізді Словакияның «Слован» командасы шақырды, Бельгияның «Антверпен» командасында ойнадыңыз. Ол жақтарда барлық ойлаған жоспарларыңызды жүзеге асыра алдыңыз ба?
– Иә, «Слован» мені шақырды, тіпті келісімшартқа қол қойып та қойғанбыз. Бірақ ол кезде мен «Астана» футбол клубына тиесілі болатынмын. Олар ақша жағынан өзара келісе алмады. Оданк ейін «Антверпенде» болдым. Бірақ мен барғанда Бельгия чемпионатының бірінші айналымы бітіп, екінші кезең басталғалы жатқан. Негізгі құрамнан орын алу үшін жаттығуларда барымды салдым. Алайда сол күйі бас бапкердің көңілінен шыға алмадым. Бүйтіп жүре берсем, ұлттық құрамаға шақыртылмай қалармын деп ойладым да, елге қайттым.
– Бұлардан бөлек тағы қандай шетелдік командалардан шақыртулар болды?
– 2006-2009 жылдар аралығында шетелден ұсыныстар аз болған жоқ. Словакия, Бельгия, Норвегия клубтары мені өздерінің қатарынан көргілері келді. Бірақ, көп жағдайда трансфер келіссөздерден ары аспайтын.
– Максим, енді алдағы жоспарыңыз қандай?
– Өткен жылы «А» категориялы жаттықтырушы лицензиясын алдым ғой. Енді жұмыс іздеуім керек. Әлбетте, Бірінші лига командаларын жаттықтырғым келеді. Бірақ ол үшін клуб басшылығы саған сену керек қой. Ал әзірге жұмыссыз үйде жатырмын.
– Сұхбатыңызға рахмет, Максим! Жаттықтырушылық карьераңызға табыс тілейміз!