Вернуться к списку статей

Боруц пен Борат немесе Польша мен ҚФФ

Футбол
2K
Футбол ма, дзюдо ма? Фото: buzz.eurosport.de
Қазақстан ұлттық құрамасы Астанада Польшамен тең түскелі осы матч шетелдік басылымдарда әлі талқыланып, қызығы мен шыжығы басылар емес.

Гол соғу “белсіздігі”

Әуелі Польша басылымдары өздерінің сенім артқан серкелерінің қазақтың сайын даласында тең түсіп, қоржындарына бір-ақ ұпай салғандарына риза болмай, наразылықтарын запырандай төкті.

«Биылғы Еуропа біріншілігінде ширек финалға дейін жетіп, болашақ чемпионнан ұтылған жетістіктеріне дандайсып кетті» деп те жазды. Тіпті Польша құрамасының бұрынғы бір ойыншысы (Сильвестр Черышевски) шабуылшыларының бірін аяусыз сынады.

Ол «Левандовский өзінің жанына 2-3 ойыншыны үймелетіп алып, Милик қарауылсыз қалса да, гол соға алмады. Егер оның гол соғуға деген “белсіздігі” (импотенциясы) болмағанда, үшінші голды соғып жеңіске жетер едік» деп салды.

Бұзақы Левандовски және “қылқындыру әдісі”  

Біздің топтағы Румыния елі де бұл матчқа бейжай қарамай, өз пікірлерін ортаға салды. Әсіресе, олар Польшаның әйгілі шабуылшысы Роберт Левандовскидің жасыл алаңдағы тәртібіне ерекше көңіл бөлді.

Өздеріңіз білесіздер, Левандовски әуелі шынтағымен Елдос Ахметовті мұрнынан қойып қалып, қан қылған болатын. Содан соң Бауыржан Исламханды мойнынна білегімен қысып алып, жекпе-жек түрлеріндегі қылқындыру әдісін “қолданған”...

Румынияның DigiSport телеарнасы «ФИФА Польша капитанының бұл бейбастығын бейнежазба арқылы талқылап, тиісті жаза қолдануы мүмкін» деген пікір айтты. Олардың пайымдауларынша мұндай бейбастық үшін футболшы үш ойынға аластатылуы ықтимал екен.

Ал Польша басылымдарының бірі «Левандовски дзюдоға әдіс қолданғаны үшін ескерту алды» деп жазды. «Қазақстан ойыншылары тең есепті уыстарынан шығармас үшін тәртіп бұзып, уақыт созумен болды» деушілер де болды.

Айтпақшы, неміс басылымдары да Левандовскидің қазақ топырағындағы қылықтарын "бұзақылық, бейбастық" деп бағалаған болатын...



Ағылшындар: Бәріне Борат пен Боруц кінәлі...

Басқасы басқа, бірақ бұл матчтағы тартысты дода мен қым-қуыт оқиғаларға ағылшындар да беймарал қарап отыра алмапты. Олар әлем чемпионаты іріктеу турнирінің бірінші турындағы қызықты сәттерін және нәтижелерін теріп шығып, рейтинг түзген. Ондыққа Қазақстан – Польша құрамалары арасындағы ойын да кірген.

Британияның The Guardian деген басылымы бұл матчта біздің жігітердің ойын тәртібін 27 рет бұзып, алтауының ескерту (сары қағаз) алғандарына айрықша көңіл бөлген.

Ал Польша футболшыларының ойын ережесін бес рет бұзып, төртеуінің ескерту алғандарын да тілге тиек етіп, «Қазақтар қарсыластарын тартқылап-шалып, арандатуға тырысты. Бұл олардың Артур Боруцқа деген ашу-ызаларынан туындаған секілді. Ол өзінің Instagram-ына Бораттың суретін салып қойған болатын» деп жазыпты.

Иә, Польша құрамасының қосалқы құрамдағы қақпашысы Артур Боруц матч қарсаңында, 3 қыркүйек күні Астананы аралап келген соң, Instagram-дағы жеке парақшасына қонақүйде отырған суретін салып, «Бұл керемет, – Борат айтқандай» деген мағынада сөздер жазған. Бірақ көп ұзамай бұл жазбасын алып тастаған-ды.

Левандовски мен Глик жазаға тартыла ма?

Негізі, бұл матчта Роберт Левандовски ғана емес, Камил Глик те адамгершілікке жатпайтын, кесірлік қылық көрсеткен болатын. Ол жерде жатқан Бауыржан Исламханды аяғымен тұрғызып жібермек болып, әрекеттенген. Бірақ төреші оны да, Польша капитанын да алаңнан қумай, ескерту жасаумен шектелген болатын.

Егер Қазақстан құрамасы ойыншысының орнында Англия немесе Германия футболшыларының бірі болса, қияңқы Глик олай істей алар ма еді? Қайдам? Оған күмәндіміз. Сондықтан оның бұл кесірлігі үшін жазаға тартылғаны дұрыс болар еді.

Біздің түсінбейтініміз, неге Қазақстан футбол федерациясы осы екі футболшының (Левандовски мен Гликті айтамыз) ерсі қылықтары түсірілген бейнежазбаны ФИФА-ға ұсынып, шағымданбайды?!

Әлде Левандовски мен Глик сияқты сотқарлар ойларына келгендерін істеп, мұрнымызды бұзып; кеңірдегімізден қысып, қылқындырып; аяғымен аударып тастамақ болып, теуіп жүре берулеру керек пе?! 

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика