Чемпиондыққа келесі жылы таласамыз
– Әйгерім, «Астана» арулар клубы ел біріншігіне биыл бірінші рет қатысып жатқанына қарамастан қазірдің өзінде күміс жүлдегер атанайын деп отырсыздар. Бәсекелестеріңіз тым әлсіз бе?
– Мен олай демес едім. Рас, «БИІК-Қазығұрттың» орны бір бөлек. Олардың деңгейі қазір басқа командалардан жоғары болып тұр. Дегенмен, Алматының «Барысында» да тәжірибелі қыздар жиналған. Бірақ екінші орынды енді ешкімге бере қоймаспыз. Ал келесі жылы шымкенттік қыздарға лайықты қарсылық көрсетіп, чемпиондыққа да таласамыз.
«БИІК-Қазығұрт» «Веронаны» жеңеді
– Шымкенттіктер демекші, «БИІК-Қазығұрт» биыл Чемпиондар лигасының 1/16-финалында Италияның «Веронасымен» кездеседі. Қалай ойлайсыз, қарсыластарын ұтуға шамалары жете ме?
– Қанша дегенмен, «Верона» «Барселона» емес. Былтыр «БИІК» қыздарына Испанияның «Барселонасы» тап болып, жолдан тайдырған. Соның өзінде де жерлестеріміз лайықты қарсылық көрсете алған еді. Ал Италияда ерлер футболы жоғары деңгейде дамығанымен әйелдер футболы әлі де кенже қалып келеді. Оның үстіне, «Верона» бізге жолығуы мүмкін болған қарсыластардың ішінде ең осалдарының бірі. Сондықтан, шымкенттіктердің жеңісіне бәс тігемін және өзіміз соларға жанкүйер боламыз. Себебі, Чемпиондар лигасында сәтті өнер көрсетер болса, келесі жылы бұл турнирге Қазақстан атынан екі команда қатыса алады.
Біздің бапкер – диктатор
– «Астананың» бас бапкері молдовалық маман Виктор Сеник. Оған жаттықтырушы ретінде қандай баға бересіз және ол сіздерден не талап етеді?
– Виктор Сеник біздің командаға осы маусымның басында «Астана» енді құрылып жатқанда келді ғой. Бастапқыда бір-бірімізге түсінісу қиын болды. Ол сырттан келген маман. Біздің менталитетімізге үйренісе алмай біраз жүрді. Дегенмен, кейін ақырындап тіл табысып кеттік. Өзінің айтқанын істете алатын адам. Кейде бізбен әкесі секілді, кейде досы секілді сөйлеседі. Бірақ диктаторлығы бар. Басқарғанды жақсы көрді. Бір жағынан дұрыс та шығар. Мысалға, менің көп нәрсеге қабілетім бар екенін біледі, алайда жалқаулығым да жоқ емес. Сондықтан, маған келгенде талапшыл.
Биді тастап футболға келдім
– Сіз «Астанаға» дейін екі жылдай «Көкше» футбол клубының намысын қорғадыңыз. Ал жалпы футболды қалай бастадыңыз?
– Алматыданмын. «Тастақ» мөлтек ауданы жақта «Спутник» деген стадион болған. Балалық шағымыз сол жақта өтті. Басында бимен айналысып көрдім. Дегенмен, тартпады. Кішкентайымнан допқа құмар едім. «Спутникке» барып бірінші жаттығуымнан-ақ командаға іліктім.
Әйелдер аяқдобы ерлер футболынан әдемірек
– Жалпы, ерлер футболына қарағанда қыздар футболын тартымсыз деп жатады. Оның үстіне, «футбол – қыздарға арналған ойын емес» деген де пікір бар.
– Мен мұнымен келіспеймін. Қыздар футболы да қызық. Мысалға біздің ойынымызды бір көрген адам келесі матчымызға да келеді. Ойындарымыздың қашан өтетіндігі туралы сұрап жатады. Әлбетте, Месси мен Роналду сияқты ойнай алмайтын шығармыз. Техникамыз солардыкі секілді жетіліп кетпеген шығар. Алайда, әйелдер футболының да артықшылықтары бар. Біздің алаңдағы ойлау қабілетіміз ерлерге қарағанда жоғарырақ. Сондай-ақ, қыздар футболы әдемі болады. «Футболды сүйетін қыздарды мен де сүйемін» деп жігіттер бекер айтпайды ғой.
Қазақстан әйелдер футболына PR қажет
– Мейлі, солай-ақ болсын. Ендеше неге әйелдер футболы кезінде стадионда көрермендер тым аз болып жатады?
– Өйткені, Қазақстанда әйелдер футболына жарнама жетіспейді. Барлық назар, барлық көңіл ерлер футболына аударылуда. Әйелдер футболын керек қылып жатқан ешкім жоқ. Қарапайым ғана мысал, ел біріншілігінің қай күні өтетінін бізден басқа ешкім білмейді. Сіз де білмеуіңіз мүмкін. Бізге PR керек. Егер жарнамасын жасап, телеарналарда біз жайлы бағдарламалар болатын болса, онда әйелдер футболы да көрерменді көптеп тартар еді. Өзіміз шетелдің командаларымен жиі кездесіп жүрдік қой. Ол жақта жағдай басқаша. Тіпті футболшы қыздарды көшеде танып, қолтаңба алып жатады. Ол Қазақстанда ғой, қыздар футболы кенже қалып қойған.
Жалақымызды жалақыға жалғаймыз
– Олай болса, сәл басқашалау сұрақ. Жалақыңыздың қанша екенін сұрамай-ақ қояйын, өзіңізге жетеді ғой, әйтеуір?
– Тамағыма, ішіп-жеуіме жетеді. Ол жағынан қысылмаймын. Қалаған тамағымды сатып алып жейтін жағдайдамыз. Қыдырамыз, киноға барамыз. Ол жағынан қам жемейміз. Дүкендерде жеңіліктер болған жағдайда ұнатқан киімдерімізді жеңілдікпен сатып ала аламыз. Дегенмен, біздің айлығымыз пәтер немесе көлікке ақша жинауға жетпейді. Жалақыны жалақыға жалғастырып өмір сүреміз.