– Польша ұлттық құрамасының бас бапкері Адам Навалка стадион және алаң сапасы туралы көп айтты. Бұл жайлы сіздің пікіріңіз қандай?
– Кім қалай десе де, «Астана-Арена» дәл қазір еліміздегі ең жақсы стадиондардың бірі. Одан артығы әзірге жоқ. Бұл алаң бізге жайлы және ертең командамызға сәттілік әпереді деп сенемін.
– Польша ұлттық құрамасы туралы не айтасыз?
– Артық таныстыруды қажет етпейтін құрама. Ойыншыларының 80 пайызы Еуропаның еңселі командаларында ойнайды. Жазда өткен Еуропа чемпионатында ширек финалға дейін жетіп, тек чемпион Португалиядан ғана пенальти сериясы бойынша жеңілген. Біз оларға құрметпен қараймыз. Дегенмен, қорқып отырғанымыз жоқ.
– Қырғызстан құрамасынан 0:2 есебімен ұтылып қалғаннан кейін футболшылардың психологиялық көңіл күйлері қалай?
– Қырғызстанмен болған ойыннан кейін бірден кесіп-пішіп шешім қабылдауды жөн көрген жоқ едім. Кейін сол кездесуді әбден ой елегінен өткізіп, әр минутын сараптадық. Жеңілістен де плюс іздеуге болады екен. Ұтылып қалғанымызбен сол матчтағы ойын ұнады. Әлбетте, мен үшін Қырғызстанмен болған ойыннан гөрі ертеңгі поляктарға қарсы матч маңызды.
– Польшаны жеңуге, тым болмаса, олармен тең түсуге мүмкіндігіміз бар ма?
– Біз ертең алаңға тек жеңіс үшін шығамыз. Үш ұпайды ғана көздейміз. Егер "тең есеп жеткілікті" деп бір ұпай үшін ойнасаң, футбол заңдылығы бойынша жеңіліп те қалуың мүмкін.
– Құрамада жарақат алған, соған байланысты ертеңгі ойынға шыға алмайтын футболшылар бар ма?
– Таңат Нөсербаев пен Юрий Логвиненконың жарақаттары бар. Біз оларды ертеңгі ойынға дейін жазылып үлгеретін шығар деп үміттенгенбіз. Алайда, Юрий емделіп үлгермеді. Ол біз үшін негізгі қорғаушылардың бірі ғана емес, ойынымызды үйлестіруші. Енді ертең аздап тактикамызды өзгертуімізге тура келейін деп тұр.
– Сонымен, қорғаныста кімдердің шығатынын, қақпаны кімнің қорғайтынын анықтадыңыз ба? Жалпы, құрамада кімдердің ойнайтыны жөнінде ең болмаса ішкі ойыңыз бар ма?
– Сіздер қай футболшыларды ойлап тұрсыздар, сол құраммен алаңға шығамыз. Халықтың, жанкүйерлердің көңілінен шығатындай құраманы жасақтаймыз. Дәл қазіргі таңдағы ең мықтылар ойнайды.