Вернуться к списку статей

Жеңілістің де жемісі болады немесе Қырғызстан – Қазақстан кездесуінен бес плюс

Футбол
2K
Қырғызстан - Қазақстан кездесуінен бес плюс
Әлбетте, ФИФА рейтингінде 105-орында тұрған, Азиядағы ең әлсіз құрамалардың бірінен ұтылу оңай емес. Мұндайдан кейін бапкерлер алқасына теріс бата беріп, футболшылардың жеті атасын түгендеп шыққың келеді. Бірақ, өз басым, кешегі ойыннан бес плюс байқадым.

1. Аспаннан бір-ақ түсірді

Шыны керек, сәтті сериямыз тым созылып кетіп еді. Өткен жылдың қазанында Ригаға барып, Латвияны тізерлетіп қайттық. Одан кейін биыл алдымен Әзірбайжанды ұтып, артынша Грузиямен тең ойнадық. Қытайды өз жерінде жеңіп, тіптен сенсация жасағаннан кейін аспанда қалықтап кеттік. Кешегі ойын соның көрінісі. «Қырғызстан бізне не тәйірі, қалпақпен қайырып аламыз» дегендей маңғаздана ойнадық. Сөйткен, футболшыларымызды қырғыздар аспаннан жерге бір-ақ түсірді. Есесіне, енді қандай қарсыласқа болмасын, тыңғылықты дайындалып, бір минут та босаңсымайтын болады.



  1. Қаһарымызды Польшаға төгеміз

Бұл дер кезінде орын алған жеңіліс болды. Әдетте, мұндай сәтсіздіктерден кейін команда келесі қарсыласына қарсы тыңғылықты дайындалып, жасыл алаңда жанын салып жатады. Қырғыздардан ұтылдық, есесіне Польшаға қарсы сәтті ойнаймыз деген үміт бар. Мәселен, 2007 жылдың қыркүйегінде Алматыда өткен жолдастық кездесуде Тәжікстан құрамасымен күтпеген жерден тең түсіп қалғаннан жерлестеріміздің жер жебіріне жетпеген жанкүйер қалған жоқ. Нәтижесінде, араға үш күн салып, тарихи ойында Бельгиядан тең есепті жұлып алғанбыз.

  1. Шабуылдарды орта шеппен ұйымдастыруды үйреніп жүрміз

Қазақстан құрамасы қаптал арқылы шабуылды жақсы ұйымдастыратынын білеміз, стандарттарды да тамаша орындаймыз. Бірақ орта шеппен шабуылдауға, шыны керек, көп жағдайда батылымыз жете бермейді. Кешегі ойында Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов осы жағына көп мән берді. Рас, бәрі ойдағыдай болған жоқ. Оны ойыннан кейін өзі де мойындады. Допты орта шеппен сүйреп, шабуылшылардың аяғына салып берер ешкім болмады. Дегенмен, жаңа тактикаға талпынғандары үшін де жігіттерге зор «респект».


  1. Доп ұстауды үйрене бастадық

Ойыннан кейінгі статистикаға жүгінсек, Қазақстан құрамасының доп иелену көрсеткіші 60 пайыз болғанын байқаймыз. Екінші таймда бірақ уақыт қырғыздарды допсыз далақтатып қойдық. Тура «Барселона» сияқты. Бірақ каталониялықтардан бір айырмашылығы – Қазақстан құрамасы допты көбіне өз айып алаңында ұстады. Алғы шепке «снаряд» аз жетіп жатты. Дегенмен, мұның өзі қазақ футболшыларының допты өздерінде ұстай білетіндігін көрсетіп тұрғандай. Шіркін, 4 қыркүйек күні Левандовскилерге де доп бермей, құр далақтатып қойсақ қой.


  1. Құраманың басым бөлігі қазақ

Жергілікті ойыншылары көп, қазағы басым құрамадан қалай айналмайсың? Бір кездері қаракөздерімізден жасыл алаңға тек Смақов пен Жұмасқалиев кезек-кезек шығып жүргенде осыны армандадық емес пе? Талғат Байсуфиновтің жинаған жігіттерін қараңызшы, кілең қазақстандықтар, кіл қазақтар. Тек Сергей Малый мен Виктор Дмитренко ғана сырттан қосылған. Әйтпесе, қалғанының барлығы өз ойыншыларымыз. Маусым айында Қытайға қарсы да солай болған. Кеше қырғыздарға қарсы тоғыз қазақ футболшысы шықты. Оның алтауы негізгі құрамда ойнады. Ал Таңат Нөсербаев, Ұлан Қонысбаев, Серікжан Мужиков сынды саңлақтарымыз сапта болғанда, онда бұл көрсеткіш одан да жоғары болар еді.


Сондықтан, кешегі кездесуден тек кемшілік іздей бермей, осындай плюстарды да байқап отырғанымыз жөн болар.  

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика