Вернуться к списку статей

Кәсіпқой футбол лигасы бір топ футболшыны сотта жеңіп шықты

Футбол
1K
Фото: pflk.kz
Еліміздің Кәсіпқой футбол лигасы «қазақстандық футбол түлегі» мәселесіне қатысты өздерін сотқа берген бір топ ойыншыны жеңіп шығыпты. Бұл ақпаратты ҚР КФЛ ресми сайты таратты.

2016 жылдың сәуір айында С.Куцов, К.Прядкин, В.Котляр, А.Заруцкий, Т.Данилюк, Т.Халмуратов, Д.Рихард сынды футболшылар Алматы қаласындағы Әуезов ауданының №2 аудандық сотына шағымданып, ел біріншілігінің регламентіндегі «қазақстандық футбол түлегі» түсінігін заңсыз деп санайтындықтары жөнінде арызданған.

Ауызекі тілмен айтқанда, Қазақстан футбол федерациясы мен Кәсіпқой футбол лигасын сотқа берген болатын.

2016 жылдың 25 мамырында Сот шешімімен арызданушылардың талаптары қанағаттандырылмаған, өтініштері қабыл алынбаған. Ал 2016 жылдың 8 тамызында Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі Апелляциялық сот алқасы жоғарыда аталған Сот шешімін өзгеріссіз қалдырған.

Сөйтіп, бірінші және апелляциялық инстанциялы (сатылы) соттар «қазақстандық футбол түлегі» деген түсінік Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын футболшылардың конституциялық және басқа да құқықтарын бұзбайды, кемсітушілік, шектеушілік және заңсыз сипаты жоқ деп таныған.

Еліміздің Кәсіпқой футбол лигасы болса, «қазақстандық футбол түлегі» деген түсінік, бірінші кезекте, футбол клубтарын өз резервтерін тәрбиелеп шығаруға ынталандырады және УЕФА тарапынан футбол клубтарына қойылатын осыған ұқсас талаптарға сай деп отыр.

Анықтама:

Қазақстандық футбол түлегі болып саналатын ойыншылар:

1) 12 жастан бастап (спорттық маусым басында 12-ге толған), 21 жасқа дейінгі (спорттық маусым соңында 21-ге толатын) аралықта толықтай үш спорттық маусым бойы, Қазақстан Республикасындағы кез келген футбол клубында және/немесе спорттық мектептерінде тіркелген ойыншы;

2) Қазақстан Республикасының жасөспірімдер (U-17 және U-19), жастар (U-21) және ұлттық құрамалары сапында ресми ойындарға қатысқан ойыншы;

3) Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын және ҚР КФЛ екінші трансферлік кезеңнің аяқталуына дейін тіркелген, 2014 жылы қол қойылған еңбек келісімі бар ойыншы.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика