Вернуться к списку статей

Мақсатына жеткен Молдақараев

Футбол
2K
Жасұлан Молдақараев Қазақстан ұлттық құрамасына шақыртылды
"Енді мен Рональдиньо емеспін ғой. Бір мүмкіндік берсінші, ұлттық құрама үшін барымды саламын" деген еді сол кезде сұрмерген. Мүмкіндік берілді. Жасұлан Молдақараев 30 тамыз күні Бішкекте өтетін Қырғызстан – Қазақстан кездесуінде негізгі құрамда алаңға шығуы ғажап емес.

Кеше Қазақстан футбол федерациясының ресми ұлттық құрамамыздың Қырғызстанға қарсы дайындалатын ойыншыларының тізімін жариялады. Арасында біреуі ерекше назар аудартады. Ұлттық құрамаға ақыры Жасұлан Молдақараев шақырту алды.

Егер сәті түссе, 30 тамыз күні Жасұлан Молдақараев еліміздің бас командасы сапында өзінің алғашқы матчын өткізеді. 29-ға толған шағында қызылордалық шабуылшы ақыры арманына қол жеткізді.

Жалпы, Жасұлан ұлттық құрамаға 2014 жылы да шақырту алған. Ол кезде бас командамызды Юрий Красножан жаттықтыратын. Қызылорданың «Қайсарында» ойнайтын кезі. Премьер-лигаға жолдама ала салысымен көшбасшыларды бірінен соң бірін сүріндірген «Қайсар» сапында сол кезде легионерлер Кирилл Прядкин, Римо Хунт және Мартин Кляйнмен қатар Жасұлан Молдақараев пен Рахымжан Розыбакиевтің де айдарынан жел есіп тұрған. Клубқа осы екеуіне Красножанның көзі түскені туралы хат келді.


Жасұлан Молдақараев "Қайсар" – "Ордабасы" кездесуінде

Сүйіншілеп, екеуіне де хабарластым. Сол кездегі қуанғандарын көрсеңіздер ғой... Бутсыларын сайлап, дайын жүрді. Бірақ ұлттық құрамаға сол күйі шақыртылған жоқ. Кім біледі, бәлкім ол кезде Молдақараев өз шебінде ойнамағандықтан Юрий Красножанға керек болмаған шығар. Өйткені, қапталдағы жартылай қорғаушылар бас командамызда Жасұлансыз-ақ жеткілікті болатын.

Екінші жағынан Молдақараев табиғатынан шабуылшы. Шабуылда ойнап, 2013 жылы Бірінші лигада 28 гол соққан. Алайда бір жарым жылдай «Қайсарды» жаттықтырған Дмитрий Огай оның сұрмергендік қасиетін байқамады. Үнемі қапталға қоятын. Онда да көп жағдайда ары кетсе жарты-ақ тайм уақыт беретін. 20-25 минутта футболшы алаңда не бітіре қойсын, өзіне деген сенімділігі де азайып, жанкүйерлердің де лағынеттерін естіп жатты. Юрий Красножан да оны түбегейлі ұмытты.

Жасұлан Молдақараев
Жасұлан Молдақараевқа мақсатына жету оңай болған жоқ

Тек жаңа бапкер келісімен Молдақараевтың қызылордалық командадағы екінші демі ашылғандай болды. Былтыр маусым ортасында «Қайсарды» қолына алған Ресейлік маман Федор Щербаченко Сыр командасын тұңғиықтан алып шыға алмағанымен Жасұланға жақсылық жасап, шабуыл шебіне шығарып көрді. Сол-ақ екен, сұрмерген маусым соңына дейін алты гол соғып берді.

«Қайсар» Премьер-лигадан ұшып кеткеннен кейін Жасұланда басқа клубтардан бірнеше ұсыныс түсті. «Ер жігіт үш жағдайда қателеспеу керек» дейді ғой. Яғни, жар таңдауда, дос таңдауда және мамандық таңдауда. Дегенмен, футболшы болсаң, клуб таңдауда да қателеспегенің маңызды. Бірнеше ұсыныстың арасынан «Оқжетпесті» таңдап, білікті маман Владимир Мұқановтың қолына өткені үшін тағдырына рахмет айтуы керек шығар.

Жасұлан Молдақараев
Жасұлан "Оқжетпеске" ауысып, дұрыс таңдау жасады

Владимир Васильевич бірінші күннен-ақ Молдақараевқа сенім арта бастады. Тіпті, кейде Әлібек Бөлешев, Серж Бандоларды қосалқы құрамға отырғызып қойып, негізгі құрамнан орын тауып беріп отырды. Қазір оның еншісінде 23 матч, 6 гол. Әлбетте, Қазақстан чемпионаты үшін, қазақ футболшысы үшін жаман көрсеткіш емес.

Дегенмен, биыл да ұлттық құрамамыздың бапкерлер алқасы біразға дейін Молдақараевты көзге ілмей жүрді. Рас, үнемі назарда болатын. Бірақ жеме-жемге келгенде құрамнан шет қалып қоятын. 7 маусым күні Далянға барып, Қытайға қарсы ойнап қайтатын шығар деген үміт болған. Резервтік тізімге ілігіпті. Алайда, ол кезде де бапкерлер алқасы Қытайға апармай, елде қалдырып кетті. Мұның себебін бас бапкер Талғат Байсуфиновтен сұрағанымызда «Біз Молдақараевты ұмытқан жоқпыз. Бірақ бізде қазір Таңат Нөсербаев, Сергей Хижниченко, Роман Мұртазаев бар» деп қысқа қайырған. «Сонда жолдастық кездесуде өзін көрсетуге мүмкіндік алмаса, ұлттық құрамаға қашан шақырту алады» деп бас шайқағанбыз.


Жасұланның жақсы қасиеті - бірден қақпаны нысанаға алады 

Кейін аға жаттықтырушы Нүркен Мазбаевпен тілдесудің сәті түсті. «Жасұлан жақсы шабуылшы. Алайда, ешқандай креативі жоқ. Ойыны тік. Техникасын жетілдіру керек» деген-ді Нүркен Қалдыбекұлы. 

Рас, Молдақараевтың ойыны тік екенімен келісуге болады. Техникасы да Лионель Мессиді айтпағанда, тіпті Бауыржан Исламхандыкіндей көз сүйсінтпейді. Дегенмен, шабуылшы ретіндегі жақсы бір қасиеті бар. Жасұлан допты алған бетте артқа қарайламай, алға ұмтылады. Бірден қақпаны нысанаға алады. Оның бар ойы - гол соғу. Нағыз сұрмергенге қажетті қасиет осы емес пе? 

Бір кездескенде Мазбаевтың әлгі сөзін футболшының өзіне айтқанымызда «Барымды салып жүрмін. Енді мен Рональдиньо емеспін ғой. Бір мүмкіндік берсінші, ұлттық құрама үшін барымды саламын» деген еді. Мүмкіндік берілді. Жасұлан Молдақараев 30 тамыз күні Бішкекте өтетін Қырғызстан – Қазақстан кездесуінде негізгі құрамда алаңға шығуы ғажап емес. Бапкерлер алқасы оған үлкен сенім артып отыр. Оны сұрмергеннің өзі де түсінеді. Сондай-ақ, бас командамыздағы тағдыры да осы матчқа байланысты болатынын сезеді. Ал 4 қыркүйек күні бізді «Астана-Аренада» Қазақстан – Польша матчы күтіп тұр.

Жасұлан Молдақараев
Молдақараев "Оқжетпес" – "Тобыл" матчында

Жалпы, Жасұлан секілді ұлттық құрамаға кеш шақырту алып, кейін өз мықтылығын дәлелдеген шабуылшылар аз емес. Мәселен, ағылшын Джейми Вардиді былтырға дейін әлем ғана емес, Англия жанкүйерлері де аса жақсы танымайтын. Ал қазір ол өз құрамасының басты шабуылшыларының бірі. Сондай-ақ, Ариц Адурис те Испания құрамасына алғаш рет 2009 жылы 29 жасында шақыртылған. Жақында 35 жасына қарамастан Францияда өткен Еуропа чемпионатына қатысты. Келтіре берсең, мұндай мысалдар өте көп. Даниель Гуиса алғаш рет Испания құрамасына 27 жасында шақыртылып, Еуропа чемпионы атанған. Сол секілді Лука Тони де Италия сапына кеш шақыртылып, 29 жасында әлем чемпионы атанды. Мирослав Клозе 36 жасына дейін Германияны өрге сүйреді. Сондықтан, Жасұлан Молдақараев та қарқынынан қайтпаса, Қазақстан ұлттық құрамасында әлі біраз жыл доп тебуге мүмкіндігі бар.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика