Вернуться к списку статей

Құттыбек Ысқақов – Фонографиялық сарап барлық былықтың бетін ашып береді

Футбол
2K
Футбол заңгері Құттыбек Ысқақов фонографиялық зерттеудің қорытындысын күту қажет дейді
Телефонның арғы жағындағы дауыстар Бақтияр Байсейітов пен Дмитрий Васильевтікі ме, әлде жай ғана фэйк пе? «Fair Play» спорттық қоғамдастығы «Ордабасы» және «Ақтөбе» өкілдеріне фонографиялық сараптаудан өтуді ұсынды. «Осылай ғана бастары дауға қалған басшылар өздерін ақтап ала алады» - деді sportsffa.kz порталына сұхбат берген қоғамдастықтың үйлестірушісі, футбол заңгері Құттыбек Ысқақов.

– Құттыбек, «Fair Play» спорттық қоғамдастығы әлеуметтік желідегі ресми парақшасы арқылы Бақтияр Байсейітов пен Дмитрий Васильевті фонографиялық сараптаудан өтуге шақырып жатыр. Бұл үндеулеріңіздің мақсаты не?

– Мұндай жазбаның пайда болуының өзі дұрыс емес. Бір шикіліктің барын көрсетеді. Қазір жұрттың барлығы Васильев пен Бақтияр Даниярұлын жазғырып, дауыс солардыкі екендігін айтып жатыр. Өздері мұны жоққа шығаруда. Біз де дәл қазір аталмыш функционерлердің ант-су ішкен сөздеріне көбірек сенеміз. Кім біледі, бәлкім, шынымен де, фэйктік жазба шығар. Расымен де кінәсіз болар. Сондықтан, өздерін ақтап алғылары келсе, фонографиялық сараптаудан өткендері дұрыс. Біз оларға ресми түрде осындай ұсыныс тастадық. Егер шынымен де, біз ойлағандай риясыз таза болса, сараптаудан өтулері тиіс. Сонда ғана халықтың күдігі сейіліп, күмәнданбайтын болады. Әйтпесе, әртүрлі айып сөздер өздерін де шаршатып жіберген шығар.

– Демек, Сіздер бір жағынан Байсейітов пен Васильев мырзалардың сөздеріне сеніп тұрғандарыңызбен, екінші жағынан іштей күмәндарыңыз бар сияқты. Солай ма?

– Шындығында, қалай телефон арқылы ашықтан ашық осы жайлы сөйлесе беруге болады деген ой келеді ғой. Жазбадағы дауыстар расымен де Байсейітов пен Васильевтікі дегенге сену қиын. Бұл мүмкін емес секілді. Біреулер тарапынан жасалып жатқан арандатушылық болуы да мүмкін. Бірақ басқаша ойлайтын жанкүйерлер мен футболсүйер қауым жетерлік қой. Олардың күдіктерін сейілту үшін нақты қадамдар жасап, фонографиялық сараптаудан өтулері керек. Сарапшылар бір пәсте-ақ бәрін анықтап береді.


– «Ордабасының» бас бапкері Бақтияр Байсейітов баспасөзге сұхбат беріп, сараптаудан өтуге дайын екендігін айтыпты ғой. Тіпті, «қай жерде, қалай өтуге болады?» деп те сұраған екен. Ендеше сараптаудан өту үшін аталмыш функционерлерге не істеу қажет?

– Олардың ештеңелері кетпейді. Қалталарынан бір тиын да шығармайды. Барлық шығынды өзіміз көтереміз. Тек дауыстарын алуға келісімдерін беріп, біздің сарапшымызға дауыстарын жазып берсе болғаны. Одан кейін ол дауыстар шетелге жіберіліп, дауыстар әлгі функционерлерге тиесілі ме, жоқ па, оны сол жақтағы білікті мамандар анықтайды. Сондай-ақ, кеңес беріп, дұрыс дауыстарды жинау үшін осы тақырыпта кәсіпқой саналатын Олег Кузнецов деген бейтарап сарапшы маманды шақырттық. Ол да өз кезегінде функционерлерден көмегін аямайды. Осы орайда Бақтияр Даниярұлына алғысымызды білдіреміз. Бұл жайтқа бей-жай қарамайтындығын білдіріп, ірден баспасөз беттерінде сараптаудан өтуге дайын екендігін айтты.

– Ал ол кісілерге жеке хабарластыңыздар ма?

– «Ақтөбе» футбол клубының бас директоры Дмитрий Васильевтің біздің үндеуімізге еш реакциясы болған жоқ. Ал Бақтияр Даниярұлы баспасөз беттерінде серіктестікке дайын екендігін жеткізген соң өзіне тікелей хабарластық. Бірақ оны да түсінеміз. Алда «Ордабасыны» ел чемпионы «Астанаға» қарсы маңызды матч күтіп тұр. Бізге қолы тимей жатқандығын айтты. Енді «Астанамен» болған ойыннан кейін тағы хабарласамыз.

– Дегенмен, екеуі де көпшілікке жақсы таныс адамдар ғой. Бейнесұхбаттары ғаламторда толып жатыр. Ол жақтан неге ала бермеске?

– Бұл да бір вариант. Сот сараптамасында «еркін дауыс үлгісі» және «тәжірибелік дауыс үлгісі» деген түсініктер бар. «Тәжірибелік дауыс үлгісі» деп арнайы жазып берген дауысты айтады. Ал «еркін дауыс үлгісі», өзіңіз айтпақшы, ғаламтор беттерінде толып жатыр. Біз сол жақтан Бақтияр Байсейітовтің дауысы анық естілетін бірнеше үлгілерді жазып алдық та, фонографиялық зерттеу жүргізу үшін сарапшыларға өткіздік. Алайда, бәрі таза болу үшін дауыс иесі кім екендігін айтқан жоқпыз. Олар тек сол дауыстар мен әлгі телефон әңгімесіндегі дауыстардың бір адамға тиесілі ме жоқ па, соны анықтап береді. Сондай-ақ, телефондағы әңгіменің қаншалықты монтаждалғанын да нақты айта алады.


– Фонографиялық сараптаудың қорытындысына қаншалықты сенуге болады. Олар бәрін нақты анықтап бере алады ма?

– Қазір технологияның дамыған заманы ғой. Осыдан жүз жыл бұрынғы әзер естілетін жазбалардағы дауыстардың өздерін «мынау мына адамдыкі» деп дәл анықтап беріп жатқанда біздің мәселеде шындыққа қол жеткізу оп-оңай. Олар жүз пайыздық туралықпен бәрін дал айтып береді. Оның үстіне, телефондағы әңгімеде дауыстар тап-таза естіліп тұр.

– Қазақстан футбол федерациясы өзінің арнайы комиссиясын құрды. Бірақ бәрі де ҚФФ мен Кәсіпқой футбол лигасының өкілдері. Қалай ойлайсыз, бұл комиссия шындықты ашып бере ала ма?      

– УЕФА-ның «Еуропа футболы таза ойын үшін бірігеді» деген қарары бар. Бұл қарарға біз де қол қойғанбыз. Ол жерде «келісілген ойын, алаяқтықтың белгілері білінген жағдайда міндетті түрде арнайы комиссия құрылуы тиіс» деп жазылған. Қазақстан футбол федерациясы сол қарарға байланысты комиссия құрып отыр ғой. Бірақ қаншалықты обьективті комиссия екендігін айта алмаймын. Өйткені, оның құрамында барлық қатысты тараптың өкілдері болуы қажет. Тек ҚФФ қызметкерлерін ғана емес, төрешілерді де, ойыншыларды да мүшелікке қосу керек еді. Сосын бұл комиссияның қай ойынды қарастыратыны да маңызды. 4:4 есебімен аяқталған «Ақтөбе» – «Ордабасы» матчын ғана емес, осы екі команданың қатысуымен болған барлық ойынды бүге-шігесіне дейін тексеріп шығулары тиіс. Егер 4:4 есебімен аяқталған «Ақтөбе» – «Ордабасы» ойынын ғана тексерер болса, онда бәрі әділ, таза ойын болды деп қорытынды шығара салып, қазанның бетін жаба салуға болады.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика