Вернуться к списку статей

"Астана" клубы талан-таражға түсе ме – жиеннің назары жаман...

Футбол
2K
«Астана» футбол клубының басшылығы ауысқалы “шаңырағы” шайқалып, берекесі қаша бастағандай...

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, бәрі де сол «Астана» футбол клубының Бас менеджері қызметіне сонау Италиядан Марко Абай Трабуккидің келуінен басталды. Маусымның қызған кезінде, Еурокубоктар додасы қарсаңында бірлігі жарасқан, тірлігі сүттей ұйыған, ауызбірлігінің қаймағы бұзылмаған ұжымның басшылығы ауысқанынан секем алып едік...

Бекерден-бекер күдіктеніп, сезіктенбеген сияқтымыз. Көп ұзамай, «Астана» футбол клубының берекесі кетіп, құты қаша бастағандай болды....

Әуелі клубтың бұрынға Бас директоры Саян Хамитжанов отандық басылымдардың біріне берген сұхбатында «Астананың» Байқаушы кеңесінің басшысы мәртебесіне “жоғарылатылғанына” наразы екендігін тұспалдап, меңзеп өтті.

Бұдан соң Чемпиондар лигасының былтырғы додасында жанкештілік танытып, «Астананың» тасқамал қорғаушыларының бірі болған Евгений Постников биылғы шешуші матчтар алдында командаға қажет болмай қалды.

Чемпиондар лигасының үшінші електік сатысындағы шешуші ойын, яғни Глазгодағы қарымта матч қарсаңында Неманья Максимович аяқасты ауырып қалды. Сырқаттанып қалғаны шын ба, әлде талантты жас футболшыны Еурокубоктардың топтық кезеңінде ойнайтын азулы командалардың біріне сату ойластырылып жатыр ма, анығын білмедік...

Ол, ол ма, Глазгодағы матчтан соң клубтың жаңа Бас менеджері Марко Абай Трабукки өз командасындағы ойыншыларды бүкпесіз сынап-мінеді. Абзал Бейсебековті биыл премьер-лигадамыздың өзінде көп ойнап жүрмеген, халықаралық додалардағы тәжірибесі аз ойыншы ретінде сомдап, сенімді ақтамаған Игорь Шитовтің “ақымақтығына” таң қалып жүргендігін жайып салды. Ал Дмитрий Шомконы жерден алып, жерге салды деуге де болады...

Сондай-ақ, жаңа Бас менеджердің пікірінше, былтыр «Астананың» жолы болып, асығы алшысынан түсіп жүріпті-мыс. Мәселен, «Селтик» және БАТЭ клубтарының деңгейлері ХИК және АПОЭЛ командаларымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екен...

Қазақта «жиеннің назары жаман (немесе қатты)» деген сөз бар. Марко Абай Трабуккидің өз ойыншыларын баспасөз арқылы сынап-мінеуі көпшілікке ұнаған жоқ. Іле-шала орыс тілді отандық басылымдардың бірінде «Астана» футбол клубы жанкүйерлерінің бірі жазған пікірі, яғни наразылығы жарық көрді.

«Астана» футбол клубының ойыншылары да өкпелі сияқты. Мысалы, Дмитрий Шомко орыс тілді отандық басылымдардың біріне берген сұхбатында қиын-қыстау сәттерде клуб басшысының өз ойыншыларын демеп-жебеудің орнына баспасөз беттері арқылы сынап-мінеуін түсіне алмай жүргенін тілге тиек еткен.

Тіпті жаңа басшыларымен тіл табыса алмай жүргенін жасырмай, маусым соңында келісім шартының мерзімі аяқталған соң сүйікті командасынан кететіндігін де меңзеген...

Ал бүгін ресейлік басылымдардың бірінде «Астана» клубының бас бапкері, болгар маманы Станимир Стойловтың Мәскеудің «Локомотивінің» тізгінін ұстауы мүмкін екендігі жылт етті. Бірақ бұл дақпыртты Стойлов жоққа шығарыпты. Әйтсе де, «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген мәтел есімізге түсіп отыр...

Сонымен, әрі қарай не боолады? Былтыр ғана Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойран салған «Астана» талан-таражға салына ма? Қазіргі ойыншыларының көбісі әр тарапқа тарыдай шашырап кете ме?

Сөз жоқ, олардың орындарына басқа футболшылар алынар. Марко Абай Трабуккиге команда жасақтау қиынға түспес. Тек солардың бәрі өзінің “клиенттері” болып жүрмей ме? Олар былтырғы үлгідегі «Астана» сияқты Чемпиондар лигасының финалына дейін жеткен азулы командамен тең түсе ала ма?! Ең бастысы, жанкүйерлерін жанкештіліктерімен тәнті ете ала ма?!

Десек те, әліптің артын тосайық. Бәлкім, «Астананың» басшылары мен ойыншылары тіл табысып, “бір жағадан бас, бір жеңнен қол” шығарып, жаңа белестерді бірге бағындырар.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика