Вернуться к списку статей

"Қайраттың" бас бапкері Қазақстан чемпионатын сынға алды

Футбол
2K
Клубтың ресми сайтына сұхбат берген «Қайраттың» бас бапкері Кахабер Цхададзе Қазақстан Премьер-лигасының жүйесі мен чемпионаттың ойындар күнкестесін біраз сынға алды. Айтқандары құлақ түрерліктей екен.

Мәселен, грузиялық маманға ел чемпионатының алғашқы жартысында демалыстың тым аз болып, енді екінші кезеңде ұзақ үзілістердің көп болатындығы ұнамаған. Бұрын өзі қызмет еткен Әзірбайжан чемпионатын мысалға келтіре отырып, Цхададзе бапкер біздің Премьер-лига жайлы былай деп түйдектей ойларын ортаға тастаған.

«...Әзірбайжанда да «алтылықтар» болған. Бірақ қазіргідей ұзақ үзілістер болмайтын. Осыған дейін екі айдай демалыссыз ойнадық. Ал қазір бірден үш апта демалыс. Қыркүйек айында да екі апталық үзіліс күтіп тұр. Қазан айында да солай. Футболың дамуына зиянын тигізбес үшін ойындар күнкестесін түзетін шенеуніктер бұл мәселеге мұқият қарауы қажет...»

«...Меніңше, «Қайрат» бұл кезеңді (екі ай демалыссыз уақытты – авт) психологиялық тұрғыда да, физикалық тұрғыда да тамаша өткізе білді. Әлбетте, біздің мүмкіндіктеріміз бұған жетеді. Тез арада қайта қалпымызға келе аламыз. Дегенмен, басқалардың әлеуеті бұған жете бермейді ғой. Біз мұны жақсы пайдаланып, әрдайым жоғарғы қарқынды ұстадық. Алайда, көптеген командалар шыдай алмады. Бұл әсіресе соңғы ойындарда айқын көрінді...»

«...Бұл жайлы мұқият ойлану қажет. Ойындар күнтізбесін дұрыс түзу үшін кәсіпқой мамандарды тарту керек. Егер келесі ойынға дұрыс дайындалуға мүмкіндігіміз болып, жақсы демала алсақ, матчтар да тартысты, қызықты өтеді...»

«Қайрат» футбол клубының бас бапкері Кахабер Цхададзенің Премьер-лигадағы ойындар кестесі жайлы айтқаны осы. Одан кейін грузиялық маман ел чемпионатының екінші кезеңінен кейін командалардың екіге бөлініп, доданы жалғастыратындарын сынға алды.

– Бұл менің жеке пікірім. Дегенмен, өз басым барлық команданың теңдей болғанын қалаймын. Бөліп тастады. Менің карьерамда бұрын мұндай жағдай болған. Екінші алтылықтың қалай болатынын білемін. Ол жақта көрермендер де аз болады. Ешқандай қызығушылық та болмайды. Меніңше, төрт айналымнан тұратын чемпионат дұрыс, - деді Цхададзе.

Айта кетейік, Еуропаның Дания, Ирландия сынды чемпионаттарында да біздікіндей 12 командадан. Бірақ ол жақта бірінші кезеңнен командалар екі топқа бөлінбейді. Чемпионаттары үш айналымнан өтеді. Сонда әр команда бір маусымда 33 ойыннан өткізеді.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика