Вернуться к списку статей

Ресейдегі Зуев Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғай ма?

Футбол
1K
Доппен – Қазақстан тумасы Александр Зуев. Фото: spartak.com
Қазақстан футбол федерациясы Мәскеудің «Спартагында» ойнайтын Александр Зуевпен келіссөздер жүргізіп, ұлттық құрама сапына тартуға әрекеттеніп жүрген көрінеді.

Бұл ақпаратты ресейлік izvestia.ru басылымы таратты. Олардың мәлімдеулерінше, Қазақстан футбол федерациясы Александр Зуевке біздің елдің ұлттық құрамасының намысын қорғау жөнінде ұсыныс жасап, келіссөздер жүргізіп жатқан көрінеді.

Мұны жас футболшының агенті Михаил Череповский де теріске шығармайтын көрінеді:

– Қазір шынымен де қазақтар Александр Зуевке қызығушылық танытуда. Бірақ дәл қазір нақтысын айту мүмкін емес. Ерте әлі. Бүгінгі таңда Зуев –ресейлік, жастар құрамасының ойыншысы.

Аталған басылымда Қазақстан футбол едерациясының бұрынғы қызметкері, қазір «Ақтөбе» клубының бас директоры қызметін атқаратын Дмитрий Васильевтің де пікірі жүр. Ол:

– Егер Зуев Қазақстан азаматығын алатын болса, онда міндетті түрде Ресей төлқұжатынан бас тартуы керек болады. Әрі бұл – ҚФФ-ның регламенті емес, мемлекеттің заңы. Өйткені Қазақстанда қос азаматтыққа заң жүзінде тыйым салынған, – деп “отқа май құя” түсіпті.

Әрине, бұған ресейлік басылым алаңдаушылық танытып, байбалам салуда. Жалпы, бұл ақпарат Ресейге қалай жеткен, тіс жарып айтып жүрген кім екен?!


Фото: izvestia.ru

Түсінікті, ресейліктердің Зуев секілді жас таланттан айырылып қалғылары келмейді. Өйткені 5 тамыз күні ФИФА Әзірбайжан футбол қауымдастығының өтінішін қабыл алып, «Боавишта» клубының 24 жастағы жартылай қорғаушысы Эмин Махмудов пен «Трабзонспор» командасының 20 жастағы шабуылшысы Рамиль Шейдаевтың осы елдің ұлттық құрамасының сапында ойнауларына рұқсат берген.

Яғни аталған екі футболшы енді Әзірбайжанның намысын қорғайды. Бұған дейін екеуі де Ресейдің әр жас шамасындағы құрамалары сапына ілігіп жүрген. Енді – Зуев...

Негізі, Зуев – Қазақстан тумасы. 1996 жылы 6 маусымда Қостанайда туған. «Тобыл» клубының секциясында футболмен шұғылданып, жастар арасындағы құрамында 23 ойын өткізіп, бір гол соққан. Алғашқы жаттықтырушысы – Рафик Балбабян.

2005 жылы Зуевтар отбасы Челябинскіге көшіп кетеді. Саша сол қаладағы «Академия» футбол мектебіне барып, аяқдоп өнеріне мейілінше ден қойып, жаттыға береді. 2008 жылы «Балала футбол лигасындағы» доп додасында мәскеулік бапкерлердің көздеріне түсіп, 2009 жылдан бастап Ресей астанасында шеберлігін шыңдай бастайды.

Әуелі – «Чертаново», одан соң – «Спартак». 2011 жылдан бастап Ресейдің жасөспірімдер арасындағы құрамасы сапындай ойнай бастайды. Ол 2013 жылы Ресей U-17 құрамасымен Еуропа чемпионы болады. Ал 2015 жылы Ресей U-19 құрамасымен Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері атанады.

20 жастағы Қостанай тумасы енді Қазақстан ұлттық құрамасын күшейте ме, тіпті біздің елдің намысын қорғай ма, белгісіз. Егер өзі келіссе, ФИФА-ның қарсы болмаса керек-ті...

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда туып, бала кездерінде Еуропаға көші кеткен төрт футболшы біздің елдің ұлттық құрамасының сапында ойнады. Олар – Сергей Каримов, Генрих Шмидтгаль, Константин Энгель, Александр Маркель.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика