Вернуться к списку статей

Қазақстан ұлттық құрамасы ма, әлде Бразилияның екінші командасы ма?

Футбол
2K
Қазақстан ұлттық құрамасында бразилиялықтардың қатары тағы біреуге көбеюі мүмкін
Футзалдан тағы бір бразилиялық легионерге Қазақстан азаматтығын бердік. Өзі алаңда бес-ақ ойыншы ойнайтын командалық спорт түрінде төртеуінің легионер болуы тым көп емес пе?

Бүгін тағы бір бразилиялық ойыншы Эвертонның Қазақстан азаматтығын алғаны белгілі болды. Енді ол да Игита, Дуглас, Леомен бірге футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғауға мүмкіндік алатын болады. «Алаңда өзі бес-ақ ойыншы, оның төртеуі легионер болса, онда оның несі Қазақстан ұлттық құрамасы?» дерсіз. Бірақ...

Бәрі де белгілі бір спорт түрінің қайбір елде қалай дамығанына байланысты ғой. Кім біледі, бәлкім, болашақта қазақ боксшылары да әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарына әр ел сапынан шығып жатар. Ал енді ары қарай оқымас бұрын алдымен мына суретті қарап алыңыздар.

 

Бұл Рио Олимпиадасында үстел теннисінен өнер көрсететін спортшылардың бірсыпырасы. Барлығы емес, бірақ спорттың осы түрінен өнер көрсететін спортшылардың жартысынан астамы қытайлықтар, тайпейліктер немесе жапондар. Бірі Испанияның, екіншісі Канаданың, үшіншісі Түркияның намысын қорғауда. Тіпті, Египет пен Конго сияқты Африка елдерінің құрамаларында да сапында шығыс азиялық теннисшілер бар. Сондықтан шығар, Рио Олимпиадасында үстел теннисі бәсекесіне көпшілік мамандар Қытай және Тайпей турнирі деп айдар тағып үлгерген. Тіпті, ғаламтор беттерінде бұл жайлы әртүрлі мэмдер де жетерлік.

Сол сияқты, биыл ақпан айында Сербияда өткен футзалдан Еуропа чемпионатына да жанкүйерлер Бразилия біріншілігі деген айдар таққан еді ғой. Қазақстан құрамасының намысын үш бразилиялық қорғаса, Ресей сапында латын америкалық төрт, Әзірбайжан сапында бес легионер ойнады. Тіпті, Италия, Испания, Португалия сынды Еуропаны ғана емес, әлемді де мойындатып тастаған құрамалардың өздері қатарларын оқта-текте бразилиялықтармен толықтырып тұрады.   

Футзал демекші... Бұрын жабайылық санап, таңсық көрінетін легионер ұғымы бүгінде қалыпты жағдай айналғаны жасырын емес. Расында да, Олимпиада ойындарында ауыр атлетикадан медальді бұрынғы қытайлық, дзюдодан бұрынғы моңғол әперіп, күресте бозкілемге Қазақстан атынан кавказдар шығып жатқанда командалық спорт түрлерінде де легионерлердің көмегіне жүгінуіміз заңдылық.

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасына шақыртқан үш бразилиялық Игита, Дуглас және Лео үмітімізді ақтап тұр. Бас командамыздың Еуропада үшінші атануымызға үлестерін қосып, әлем чемпионатына жолдама алуымызға себепкер болды. Соларға қарап өзіміздің жігіттер де өсіп жатыр. Дінмұхамед Сүлейменов, Серік Жаманқұлов, Дәурен Нұрғожин, Павел Таку, Николай Пенгрин сынды жігіттер солардың жанында намысқа тырысып, бразилиялықтардан кем ойнамайтын болды.


Енді, міне, Эвертонды да «қазақ» қылып жатырмыз. Әлем суперкубогының иегері. «Қайраттың» ойыншысы. Алматылық командаға осы жылдың қаңтар айында қосылған. Ұлттық құрамамыздың бас бапкері Какау бұл жігітті де бас командамыздың қатарына қосып, Колумбияға алып кетуі мүмкін. Дегенмен, легионерлер тарту тәжірибесіне тым қатты әуестеніп кетпесек болғаны. Өзіміздің ойыншылар да өсіп келеді, осымен жетер.

Ертең кешкісін Қазақстан ұлттық құрамасы Алматыда Өзбекстан командасымен жолдастық кездесу өткізеді. Эвертон құрамаға іліге ме, жоқ па, сол кезде көреміз.

Ал Алматының «Қайраты» жаңа маусым қарсаңында тағы үш легионермен толықты. Екеуі қорғаушы, біреуі шабуылшы. 34 жастағы бразилиялық қорғаушы Довенир Нето соңғы маусымын Хорватияның «Сплит» командасында өткізген екен. 27 жастағы ресейлік қорғаушы Александр Упаловтың соңғы клубы «Тюмень» болыпты. Ал 29 жастағы бразил шабуылшысы Андре Малука «Қайратқа» Италияның «Реал Рети» командасынан келді. Үшеуінің де ресми таныстырылымы бүгін кешкісін Алматыда арнайы баспасөз мәслихатында өтеді. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика