Вернуться к списку статей

"Қайсар" Бірінші лигада бірінші кезеңнің жеңімпазы атанды

Футбол
1K
Бірінші лигасының бірінші кезеңі аяқталып, үздік алтылыққа шыққан алты команда мен аутсайдерлер алтылығы толық анықталды.

Соңғы жолдама «Екібастұзға» бұйырды

«Екібастұз» – «Қыран» (Шымкент) 1:0

Гол: Ярослав Саденко, 51.

Үздіктер қатарынан орын алған бес команда өткен турда-ақ белгілі болған. Бүгін соңғы жолдаманы «Екібастұз» бен «Қыран» командалары өзара сарапқа салды. Шымкенттіктерге қалайда жеңіс қажет болатын. Ал алаң иелеріне тең есеп те жеткілікті еді. Бірақ Қуаныш Өтеулов шәкірттері тең есепті місе тұтпады. Екінші таймның алтыншы минутында Ярослав Саденко «Екібастұзға» үш ұпай сыйлады. Ал «Қыран» енді екінші кезеңде «Бәйтеректі» де, «Шахтер-Болат» пен «Байқоңырды» да билеп жүріп жеңетін шығар.

Екі пенальти және 5:0

«Қызыл-Жар» – «Байқоңыр» (Қызылорда) 5:0

Голдар: Бошко Ступич, 7. Сергей Струков, 22-пен. Бошко Ступич, 40. Владимир Седельников, 65. Бошко Ступич, 70.

Петропавлдың «Қарасай» стадионын әуесқойлар үшін жауып тастағанына бірнеше апта болып қалды. Қазір мұнда тек «Қызыл-Жар» және басқа кәсіпқой спортшылар ғана жаттығуларын жүргізіп, ойындарын өткізе алады. Ақпараттарға сенсек, жақында мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, трибуналардың орындықтары жаңартылуы тиіс. Ал әзірге көрермендер бар нәрсені қанағат қыла тұрады. Соңғы турда «Қызыл-Жар» Қызылорданың «Байқоңырын» қабылдап, 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Екеуін пенальтиден соқты. Хет-трик авторы атанған босниялық шабуылшысы Бошко Ступич барлығы 10 голмен Бірінші лигада сұрмергендер тізімін бастады.

«Қайсар» қалысар емес

«Қайсар» (Қызылорда) – «Мақтаарал» (ОҚО) 2:0

Голдар: Олег Хромцов, 30. Олег Хромцов, 51.

Қазіргі «Қайсардың» күні шабуылшы Олег Хромцовқа қарап тұр. Жазғы трансферлік маусымда Жайықтың жағалауынан Сыр бойына қоныс аударған украиналық шабуылшы қызылордалық команда үшін сегіз матчта 7 гол соғып үлгерді. Соның екеуін бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының «Мақтаарал» қақпасына тоғытты. Осылайша, басты бәсекелестерін бір ұпайға болса да жақындатпауды ойлаған «Қайсар» әр турдан үш ұпайдан алып отыр. Ал шымкенттіктер осы жеңілістің кесірінен үздік үштіктегі орнынан айрылып қалып отыр.

«Алтай» үздік үштікке көтерілді

«Алтай» (ШҚО) – «Каспий» (Ақтау) 1:0

Гол: Алексей Шакин, 42.

Қызыл қағаз: Владимир Яковлев, 51 (К)

Маусым басында «Бірінші лиганың үздік үштігін қай командалар құрайды?» дегенде көпшілігі «Қайсар», «Қызыл-Жар», «Алтайды» атайтын. Асыра сілтегеніміз емес, өзгелерге қарағанда осы үшеуінің әлеуеті зорырақ. Алайда, тоғыз ұпайынан айрылған шығыс қазақстандықтар осыған дейін үздіктер қатарынан орын ала алмай келген. «Мақтааралды» жеңген «Қайсар» қол ұшын берді. Өздері де қарап қалған жоқ. «Каспийді» қабылдап, бірінші таймның соңына таман Алексей Шакин соққан голдың арқасында 1:0 есебімен жеңіске жетті. Үзілістен кейін ақтаулықтар қарқындарын күшейткен еді, бірақ бас төреші астаналық Тимур Қумашев 50-минутта «Каспийдің» бір ойыншысын алаңнан қуып, тең есепке деген үміттерін біржола сөндірді.

Аутсайдерлер арпалысы

«Шахтер-Болат» (Теміртау) – «Бәйтерек» (Астана) 2:1

Голдар: Константин Бернацкий, 27-пен. Александр Алексеев, 77 – Кирилл Пасичник, 90.

Теміртаудың «Металлург» стадионында 200 көрермен тамашалаған «Шахтер-Болат» – «Бәйтерек» кездесуі өтті. Екеуі де гол айырмашылығы жөнінен минусқа кеткен командалар. Соңғыларының еншісінде, тіпті бір-ақ ұпай бар. Біраз «бразилиялық» жастардан құралған «Бәйтерек» бұл жолы да жеңілді. Қорытынды есеп – 2:1.

Осылайша, Бірінші лиганың екінші кезеңінде «Қайсар», «Қызыл-Жар», «Алтай», «Мақтаарал», «Екібастұз» және «Каспий» Премьер-лига жолдамасына таласар болса, «Қыран», «Шахтер-Болат», «Байқоңыр» және «Бәйтерек» аутсайдерлер төрттігін құрайтын болады.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика