Вернуться к списку статей

Жас таланттарымыз Сербияда екінші рет жеңіске жетті

Футбол
1K
Қазақстан-U17 құрамасы Сербияда екінші рет жеңіске жетті. Фото: kff.kz
Сербияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан Қазақстан-U17 құрамасы екінші рет жеңіске жетті. Бұл жолы «Спартак» клубының бозбалаларынан басым түсті.

Еліміздің 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы құрамасы 24 шілдеден бері Сербияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Осы жиын барысында өздерімен құрдас, Сербия-U17 құрамасымен екі жолдастық кездесу өткізу жоспарланған болатын.

Осыдан бірер күн бұрын сол кездесудің біріншісі өтіп, Қазақстан жеткіншектері Сербия бозбалаларын 2:0 есебімен тізе бүктірген болатын. Сербтер өз жерлерінде екінші рет ұтылып қалып, ұятқа қалғылары келмеді ме, белгісіз, екінші жолдастық кездесуде біздің жас талантарымыз «Спартак» (Суботица) клубының өрендерімен кездесіпті.

«Спартак-U17» ұжымы да Қазақстан жеткіншектерінен ұтылып қалып, жеңілістің кермек дәмін татты. Бірақ бұл жеңіс оңайлықпен келмеді. Бозбалаларымыз ойын басталған бетте шабуылға шығып, ширақтық танытқан болатын. Осындай шабуылдардың бірінде алаң иелері ойын ережесін бұзып, біздің жас таланттарымыз пенальти соғу мүмкіндігіне ие болды.

11-метрлік айып соққысын Стара Плаза қаласында өткен бірінші жолдастық кездесуде Сербия-U17 құрамасының қақпасына екі голды да соққан Мәди Жақыпбаев орындаған болатын. Өкінішке қарай, Мәди мүлт кетті.

Жақыпбаевтың пенальти соға алмай қалғаны, басқа жігіттерімізге де әсер етіп, біздің жігіттердің ұнжырғалары түсіп кетті. Ал алаң иелері керісінше, бозбалаларымыздың абдырап қалғандарын пайдаланып, көсіле сілтей бастады. Көп ұзамай, олар есеп ашып, алға да шықты.

Тек осыдан кейін ғана біздің бозбалаларымыз жинақталып, намысқа жүгініп, қарқындарындарын қайтадан үдете түсті. Қайсарлық танытып, екі гол соқты. Бұл ойында Еркебұлан Сейдахметтің айдарынан жел есіп, «Спартак-U17» қақпашысын екі мәрте қапы қалдырды.

Сөйтіп, серб жеріндегі жолдастық кездесулердің екеуінде де жеңіске жетті. Еліміздің 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы құрамасын жаттықтыратын Александр Кузнецов шәкіртерінің жанкештілік танытып, жеңіске жеткендерін айрықша атап өтті.

«Спартак-U17» (Суботица, Сербия) – Қазақстан-U17 – 1:2

Голдар: Милан Милиясевич, 26 (1:0). Еркебұлан Сейдахмет, 30 (1:1). Еркебұлан Сейдахмет, 66 (1:2).

11-минутта Жақыпбаев пенальти соға алмады.

Қазақстан-U17: Медведев, Әйтім (Шәмші, 68), Қашкен, Ілиясов, Совет, Махан (Усачев, 52), Сағынаев, Сейідахмет (Қайыркенов, 66), Жақыпбаев (Қолмоңбетов, 72), Ульшин (Кеңесов, 52), Красноперов (Сидоров, 52).

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика