Вернуться к списку статей

Станимир Стойлов – "Селтикті" үш-төрт гол айырмашылығымен жеңетін мүмкіндігіміз болды

Футбол
1K
Астана - Селтик 1:1
«Астана» футбол клубының бас бапкері Станимир Стойлов «Селтикпен» болған кездесуден кейін ойынға көңілі толатынын, дегенмен таблодағы көрсеткіш сырт алаңда басқаша ойнауға мәжбүр ететінін жасырмады.

– Бүгін Чемпиондар лигасына лайық, еуропалық деңгейдегі футболдың куәсі болдық. Қалай ойнағымыз келді, солай ойнадық. Бір емес, екі-үш гол соғатын мүмкіндіктеріміз болды. Бірақ болмашы бір ғана қателік көңіл-күйіміздің барлығын құртты. Еуропада сәл қателіктің өзі кешірімсіз. Енді сырт алаңда қалайда өзімізге қажетті нәтижеге қол жеткізуіміз керек, - деді Станимир Стойлов.

– Енді пайыздық көрсеткіш бойынша «Астананың» келесі кезеңге шығуға мүмкіндігі қандай?

– «Селтик» өз алаңында енді мүлдем басқаша ойнайды. Бұған дейін айтқанымдай, олар әлі де фаворит. Бізге қиын болады.

– Абзал Бейсебеков пен Азат Нұрғалиевтің ойындарына қандай баға бересіз?

– Жеке-жеке тоқталғым келіп тұрған жоқ. Алайда, Абзал қапталдағы қорғаныста да, жартылай қорғаныста да жақсы ойнады. Азат та бірінші рет «Астана» сапында Чемпиондар лигасында алаңға шыққанына қарамастан тамаша ойнады. Тіпті, қақырата тепкен добы қақпа маңдайшасын жанап өтті.

– Азатты тым ерте ауыстырып жіберуіңіздің себебі неде?

– Нұрғалиев тырысты. Дегенмен, бірінші матчы ғой. Сәл шаршап қалды. Әлі мұндай деңгейде 90 минут бойы ойқастауға физикалық дайындығы жетер емес. Алда әлі ойындар бар. Азат өз мықтылығын әлі дәлелдейді.

– Дмитрий Шомконың қателігі жайлы не айтасыз?

– Мұндай деңгейдегі турнирде қателік жіберуге болмайды. Оны Еуропада кешірмейді. Әйтпесе, Шомко жақсы ойнады. Осы жайт өзіне де сабақ болары анық.

– Бес қорғаушымен ойнадыңыз. Бұл тактика өзін ақтады ма?

– Ойын алдында бес қорғаушымен алаңға шығу жайлы бір апта бойы ойландым. Дегенмен, бұл дұрыс шешім болды. Қапталдағы қорғаушылар шабуылға жақсы араласып жатты. Шыны керек, біз бүгін жеңіске лайық болдық. «Селтик» бізді селт еткізердей ештеңе істей алған жоқ.

– «Селтикті» соншалықты мықты деп есептеуге болмайтын шығар. Қалай ойлайсыз?

– Жоқ, олар мықты. «Селтик» өз деңгейінде ойнады. Мәселен, бір мүмкіндігі болды. Шеберлігінің арқасында гол соғып кетті. Ал біз бес мүмкіндіктің біреуін ғана голға айналдыра алдық. Енді олар Шотландияда мүлдем басқаша ойнайды. Ал мен жанкүйерлерге осындай ойын сыйлағанымызға қуаныштымын.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика