Вернуться к списку статей

Асқар Қожабергенов – "Қайрат" өз мүмкіндігін Алматыда жіберіп алды

Футбол
2K
Асқар Қожабергенов
– «Қайрат» өз мүмкіндігін бірінші кездесуде жіберіп алды. Алматыдағы матчта қақпасына гол жібермеу қажет еді. Егер сол ойын 1:0 есебімен аяқталғанда кешегі 1:2 есебінің өзі алматылықтарды келесі кезеңге шығарар еді, – деді Асқар Сейдахметұлы.

Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңі аясында өткен «Астана» – «Жальгирис» және «Маккаби» – «Қайрат» кездесуіне елімізге белгілі бапкер Асқар Қожабергенов сарапшылық жасады.

– Асқар аға, алдымен «Астана» – «Жальгиристен» бастасақ. Елордалықтардың ойыны жайлы не айтасыз?

– «Астананың» қарсыластарынан бір бас жоғары екені көрініп тұрды. Дегенмен, жағдайды ушықтырмай, жүректі ұстатпай, ойын тағдырын ертерек шешіп тастауға болар еді. Шыны керек, тіпті, «Астана» келесі кезеңге шыға алмай қалады-ау деген де қорқыныш болды. Уақыт сырғып өтіп бара жатты, ал қонақтар қорғанысының сыр беретін түрі көрінген жоқ. Соңғы минутта доп, әйтеуір, қақпаға кірді-ау. Меніңше, елордалықтар өткен жылғы тәжірибенің арқасында жеңісті жұлып алды. Былтыр да, білесіздер ғой, Финляндияның ХИК командасын соңғы минутта тізерлеткен болатын. Бір жағынан, бірінші ойынның Литвада өткені жақсы болған. Осы аралықта «Жальгиристі» зерттеп, артық-кем тұсын анықтауға уақыт болды.

Астана - Жальгирис 2:1
Астана - Жальгирис 2:1

– Енді «Астана» Чемпиондар лигасының келесі іріктеу кезеңінде Шотландияның «Селтигімен» кездеседі. Бұл матчтан не күтесіз?

– «Селтикпен» енді қиын болады. Осыдан үш жыл бұрын олар Қазақстан клубтарын менсінбеген еді. Сөйтіп ойда жоқта «Шахтерден» 0:2 есебімен ұтылып қалды. Қазір шотландиялықтар қазақстандық клубтарға басқаша қарайды. Бұрынғыдай екі қолды бос қойып ойнамайды. «Астанаға» қарсы тыңғылықты дайындалады. Оның үстіне, кезінде қарағандылықтармен «Астана-Аренада» ойнады. Демек, бұл стадион да оларға жақсы таныс. Бас бапкері Брендан Роджерс те білікті маман. Негізі, «Астанаға» ойын тағдырын бірінші кездесуде шешіп алу қажет. Бірінші кездесу өз жерімізде өтеді. Қақпамызға гол жібермей, «Селтик» қақпасына қалайда бір-екі гол соғып алу керек. Сол кезде Глазгода дұрыс тактика таңдай алсақ, келесі кезеңге шығуға мүмкіндік бар.

– Кеше Алматының «Қайраты» Еуропа лигасының екінші кезеңінің жауапты кездесуінің аясында Тель-Авивте «Маккабиден» жеңіліп қалды. Бұл ойын туралы не айтасыз?

– «Қайрат» өз мүмкіндігін бірінші кездесуде жіберіп алды. Алматыдағы матчта қақпасына гол жібермеу қажет еді. Егер сол ойын 1:0 есебімен аяқталғанда кешегі 1:2 есебінің өзі алматылықтарды келесі кезеңге шығарар еді. Кеше «Қайратқа» жылдам гол жібермеу керек еді. Содан кейін-ақ жағдайы қиындап кетті. Сондай-ақ, Бауыржан Исламханның да жоқтығы байқалды. Исламханмен алматылықтардың ойыны мүлдем басқа. Оның үстіне, Аршавин екеуі алаңда жақсы тіл табысады. Ал «Маккаби» ыңғайсыз қарсылас екен. Оларға қарсы тұру оңай болған жоқ.

– Бәлкім, бас бапкердің тәжірибесі жетпеген шығар. Былтыр Владимир Вайсс Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне дейін жеткен еді...

– Қазір енді айтқаннан не пайда? Бірақ «Қайрат» әу баста-ақ қателік жіберген сияқты. Вайссты жібермеу керек пе еді... Ел чемпионатындағы жағдайлары да мәз емес. Көшбасшыдан 10 ұпайға қалып келеді. «Астананы» қуып жету оңай болмас.

Маккаби - Қайрат 2:1
Маккаби - Қайрат 2:1

– «Ақтөбе» мен «Ордабасы» Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде-ақ ұшып кетті. Олар биыл еурокубокқа дайын болмады ма?

– «Ордабасы» Сербияның «Чукаричкиін» ұтатын шығар деп ойлағанмын. Бірақ команданың ішкі проблемалары көп сияқты ғой. Азат Нұрғалиев пен Гафуржан Сүйімбаевты да ұстап қала алмады. «Ордабасы» алдымен өз ішкі проблемаларын реттеп алуы тиіс. Ал «Ақтөбенің» жағдайы әу баста-ақ белгілі болған. Былтыр мықты футболшылармен Эстонияның командасын жеңе алмаған олар биыл селдіреген құраммен Венгрияның «Будаепштін» жеңе алады дегенге сену қиын болды. Ал венгрлер былтырғы эстондардан әлдеқайда мықты.      

– Бізде қазір футбол маусымы қызып тұр. Ал еуропалықтарда қазір демалыс. Біздікілер мұндай ойындарға дайын болуы қажет қой.

– Сіз де солай ойласаңыз, қателесесіз. Керісінше біздің клубтарға қиын. Өйткені, әр үш күн сайын алаңға шығуға мәжбүр. Ал Еуропада жазғы маусымаралық үзіліс тым қысқа. Мәселен, олар чемпионатты мамыр айының соңында аяқтайды да, шілде айының басында еурокубокқа кірісіп кетеді. Олар чемпионаттың ойыны деп бас ауыртып жатпайды. Еурокубоктың ойынына бір апта дайындықты арнайды. Кезінде өзім де «Ертіс», «Тобыл» клубтарымен бірге еурокубокқа қатыстым ғой. Сонда көз жеткізгенмін, «Көктем-күз» жүйесінде ойнайтын біз үшін еурокубоктық бәсекеде басқаларға қарағанда ауырырақ. Қайта «Астанаға» ел чемпионатының келесі турындағы «Шахтерге» қарсы ойынды кейінге шегергені дұрыс болды. «Селтикке» қарсы дұрыстап дайындалуға болады. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика