Вернуться к списку статей

Станимир Стойлов – Келесі кезеңде Гибралтардың "Линкольн" клубымен кездесуді қалаймын

Футбол
1K
Станимир Стойлов –
«Жальгиристі» 2:1 есебімен жеңіп, келесі кезеңге өткеннен кейін «Астана» футбол клубының бас бапкері Станимир Стойлов биыл да Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтуді көздейтіндіктерін айтты.

– Ең бастысы жеңіске жеттік. Бұл біз үшін жақсы нәтиже, - деп бастады баспасөз мәслихатын «Астана» футбол клубының бас бапкері Станимир Стойлов ары қарай былай деп жалғастырды. – Енді бізде еурокубоктық доданың барлық іріктеу кезеңіне қатысуға мүмкіндік бар. Келесі қарсыласты ұтсақ Чемпиондар лигасының, ұтылсақ Еуропа лигасының плей-офф матчында ойнайыз. Ал «Жальгирис» жанкешті команда екен. Соңына дейін айқасты. Тіпті, екінші таймда өздерінде болған мүмкіндіктерді голға айналдыра алғанда, онда біздің күніміз мүлдем қараң болар еді.

– Ендігі кезең тіптен қиын болмақ. Одан бөлек, ел чемпионаты бар. Екі доданы қатар алып жүру қиын болмай ма?

– Иә, қиын. Сондықтан, мен ертең клуб басшылығынан ел чемпионаты аясындағы алдағы турымызды кейінге шегеру мүмкіндігін қарастыруды сұраймын. Әйтпесе, екі кеменің басын қатар ұстап жүру ауыр болып кетті.

– «Астананың» қосалқы құрамы Чемпиондар лигасы үшін тым әлсіз деп ойламайсыз ба?

– Сөзіңіздің жаны бар. Ел чемпионаты үшін жарайды. Бірақ Чемпиондар лигасы үшін, шынымен де біздің қосалқы құрам кішкене әлсіздеу. Өздеріңіз көрдіңіздер ғой, екінші таймда қонақтар есепті теңестіріп кеткенде алғы шепті күшейте алар ойыншы таппай қалдым. Серікжан Мужиков пен Джордже Деспотовичті ғана шығара алдым. Басқа ешкімді таппадым. Бізде жақсы қорғаушылар көп. Дегенмен, мықты шабуылшы мен жартылай қорғаушы аз. Амал жоқ, 15-16 ойыншымен Чемпиондар лигасының келесі кезеңдеріне жорыққа шығамыз. Сондай-ақ, Азат Нұрғалиевтің құжаттары келесі матчқа дейін реттеледі деп үміттенемін.

– Нұрғалиев соңғы кездері «Астана» сапында жақсы ойнап жүр. Ол Чемпиондар лигасының келесі ойындарында негізгі құрамда шығатын бола ма?

– Иә, Азат ішкі чемпионатта жақсы ойнап, командамыздың маңызды голдарын соғып жүр. Бірақ біз оны әлі еурокубокта көрген жоқпыз. Ал бұл екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Егер осы қарқынынан таймаса, негізгі құрамнан орын алары сөзсіз. Алайда, оған дейін құжаттары реттелсе екен деймін. Әйтпесе, біздің клубта бәрі мүмкін ғой.

– «Жальгирис» екінші таймда тамаша ойнады. Жеңіске жетеріңізге сенімді болдыңыз ба?

– Мен өз командама әрдайым сенемін. Мұнда кілең жігерлі, намысты жігіттер ойнайды. Жалпы, «Астана» өзінің жеңісті голдарын 85-90-минуттарда соғатын команда ғой. Соңына дейін бір ғажаптың боларына сендім.

– Таңат Нөсербаев алаңнан аяғын сылтып кетіп бара жатты. Жарақаты қаншалықты ауыр?

– Әзірге білмеймін. Бірінші таймда Таңат көп жүгірді. Қарсылас қақпасына әрдайым қауіп төндірумен болды. Бірақ үзілістен кейін шаршап қалды. Бәлкім, содан кейін де шығар, жүгіруге шамасы жетпей, жарақат алды. Енді ертең дәрігерлер тексерісінен өтеді. Сол кезде бәрі анықталады.

– «Астананың» бүгінгі ойыны Чемпиондар лигасына лайық болды деп ойлайсыз ба?

– Бірінші таймдағы ойынымызға жоғары баға беремін. Алайда екінші таймдағыдай ойынмен Чемпиондар лигасында алысқа бармаймыз. Бізге 90 минут бойы бір қарқында ойнап үйрену қажет.

– Енді келесі іріктеу кезеңі туралы ойлануға болады. Қарсыласымыздың кім болғанын қалайсыз?

– Ең бастысы, өзіміз келесі кезеңге өттік. Қалғаны мені қатты қызықтырмайды. «Селтик» секілді команданың Қазақстанға келуі жанкүйерлер үшін үлкен қуаныш болар еді. Олар өте мықты. Дегенмен, «Астана» мықтылармен ойнап үйренген. Қызықты кездесудің куәсі болар едік. Бірақ, өз басым, командамның плей-офф кезеңіне шығуы үшін Гибралтардың «Линькольнімен» ойнауды қалар едім.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика