Бәлкім, баз біреулер «жетістіктері соншалықты көп емес, тек екі ойын ғана, оның өзі іріктеу матчтары» деп те айтатын шығар. Жоқ, дұрыс емес, олар қателеседі! КСРО құрамасының әлем чемпионаттарының ақтық және електік додаларында бақ сынаған барлық кезеңінде оның құрамында Латвия, Эстония, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан өкілдері болған жоқ. Көрдіңіздер ме, одақтық республиканың үштен бірі өздері тәрбелеген футболшыларын құрама сапында әлем чемпионаты сияқты өте жоғары деңгейдегі ойындарға үкілеп қоса алмаған. Сондықтан Байшақовтың 1978 жылғы Аргентинадағы мундиалдың електік додасы кезеңінде КСРО құрамасы сапында өткізген екі ойынын Қазақстан футболының ерен жетістігі деп, жалтақтамай айта беруімізге болады.
– Мен футболдан басқа ештеңемен айналысқан емеспін, – деп еске алады Сейілдә Икрамұлы. – Көпшілік сияқты аулада доп қуып өстім. Отбасымыз спортқа бейім болатын – әкем 1949 жылы әскерден келіп, жергілікті команда сапында ойнай бастады. Ағам Сейітжан Жамбылдың «Металлист» командасында шабуыл шебінде өнер көрсеткен, ал 1967 жылы оны «Қайратқа» шақырды. Сейітжан Байшақов жалғыз мен ғана емес, мыңдаған жамбылдық жеткіншектер пір тұтқан ойыншы болды. Ал менің арманымның шегі, әрине, «Қайрат» болатын.
Байшақов «Қайраттағы» алғашқы ойынын 1971 жылы 8 сәуірде өткізді. Сол күні, КСРО чемпионатының маусымашар кездесуінде «Қайрат» Ленинградтың «Зенитін» қабылдайды. Әрі 3:1 есебімен жеңеді. Жаңа ойыншы бірден негізгі құрамға ілігіп, біраз уақыттан соң ол туралы бүкілодақтық басылымдар да жаза бастайды:
«Жас стоппер Байшақовтың да ойынын атап өту ғанибет. Ол жоғары лигада бірінші рет ойнап жүр, бірақ сенімді, батыл ойнауда, өзінің Киевтегі ойынын да ешқандай қатесіз өткізді – ал бұл әсте оңай емес еді, өйткені алаң ортасымен айылдарын тартпай, не Мунтян, не Пузач, не Трошкин дамыл бермей ентелеумен болды». («Футбол-Хоккей», №18, 2.05.1971 ж.).
Ал бірінші құрама жайында айтар болсақ... 1977 жылғы маусым мен үшін өте сәтті болды. Сол кезде «Қайрат» тәп-тәуір өнер көрсетті. Одақ чемпионатында біз сегізінші орынға ие болып, өрнекті ойын үлгісін көрсеттік. Ал ең басты оқиға, әрине – еліміздің негізгі құрамасының сапына іліктім. Ол кезде құраманы Никита Павлович Симонян жаттықтыратын.
Сол кезде КСРО құрамасы Азия және Африка елдеріне барған сапарынан оралған. Олар әлем біріншілігінің іріктеу матчтарына дайындалып жүрген. Негізгі команданың қорғаныс шебі, соның ішінде орталық қорғаушысы өзекті мәселе болып отырғандығы мәлім болды. Осы шепте мәскеулік армияшы Сергей Ольшанский, тбилисилік Шота Хинчагашвили, киевтік Виктор Матвиенко сынды қорғаушыларды ойнатып көрсе де, олар да Симонянның көңілінен шықпағандай.
1978 жылғы әлем кубогының електік додасында КСРО құрамасына Венгрия және Грекия командаларымен ойнау керек болды. Әрі ойындар күнтізбесі өте қолайсыз болып шықты. Ол аздай, КСРО құрамасы барлық төрт ойынды үш аптадан сәл ғана асатын уақыт ішінде өткізіп шығу керек болды. Ол кезде біздің чемпионат енді ғана басталып, қарсыластарымыздың біріншіліктерінің нағыз қызған кезі еді. 1977 жылы 24 сәуір күні Мәскеуде гректермен өткен бірінші ойында КСРО құрамасы жеңді – 2:0. Бұл ойынды мен қосалқы құрам орындығынан қарап отырдым.
Венгрлермен өтетін түздегі ойынға біз екі күндей қалғанда бардық.
Ойын алдындағы сұхбатында Никита Симонян бәрін бүкпесіз айтты:
«Біз команда құрамының үйлесімді нұсқасын іздестіруді жалғастырудамыз. Басты мақсатымыз қорғаныстағы ойынды ұйымдастырумен байланысты. Трошкин, Коньков, Ловчев үшеуі толық айығып кеткен жоқ, сондықтан қорғаныс шебінде өзгеріс болады. Ең бастысы – венгр шабуылшылары Пинтера мен Нилашиді тұсаулап ұстау. Егер біз осыны орындасақ, онда көңілге қонымды нәтижеге қол жеткізе аламыз. Құрама тек соңғы күні дәрігерлер қайсыбір ойыншылардың денсаулықтары жайлы қорытынды шығарған соң белгілі болады».
– Ойын болатын күні таңертең Симонян алаңға шығатын негізгі құрам тізімін оқыды, ішінде менің де аты-жөнім бар, – деп жалғастырады Байшаков. – Ойынға берілген нұсқау: біз Пустаи мен Варади алға ентелейтін қос қапталды бітеуіміз, ортада Нилаши, Ковач және Пинтер үшеуінің көсіле сілтеулеріне мүмкіндік бермеуіміз керек. Маған берілген жеке тапсырма – бойы ұзын шабуылшы Нилашидің жанынан қалмай, бағу.
КСРО – Венгрия кездесулері үнемі тартысты өтетін. 1977 жылғы 30 сәуірде өткен ойын да сондай болды. Алаң иелері аяусыз, кейде тіпті көпе-көрнеу дөрекі ойнады. ФГР төрешісі Альдингер оның ешқайсысына кірпік қақпай, есесіне кеңестік ойыншыларға жиі-жиі ескерту жасап отырды. Дүдәмал жағдайда Байшақов та ескерту алды:
– Бірінші таймның аяғына дейін дерлік, біз венгрлердің тықсыруына төтеп бере алдық. Бірақ үзіліске шығар кезде алаң иелері есеп ашты. Олардың кезекті шабуылдарының бірінде алыстан зулаған допқа қарсы атылған Владимир Астаповский сәл-пәл жаңылысып, қағып жібере алмай, саусақатырының ұшы ғана тиді. Ал Тибор Нилаши тура сол жерден табыла қалды. Екінші таймда венгрлер тағы да бір соғып кетті. Біз қарсы шабуыл ұйымдастыруға тырыстық, бірақ солардың біреуінде ғана өз дегенімізге жеттік – 1:2.
Дегенмен, венрглерден ұтылып қалған КСРО құрамасының Аргентинаға бару мүмкіндігі түпкілікті жойылған жоқ. Енді көп мәселе түздегі Грекиямен болатын матчта шешілуі керек болатын.
– Біз бұл ойынды жаман бастаған жоқпыз, – деп есіне алады сол ойынды Байшақов. – Кездесудің 8-ші минутында Анатолий Коньков айып алаңына баса-көктеп кіріп, допты қақпаға тоғытты. Бірақ қапталдағы италиялық төреші ойламаған жерден жалаушасын жоғары сілтеп қалып, болмаған офсайдты «ойлап тапты». Осы сәтте бізге тек Грекия құрамасының ойыншыларымен ғана додаға түспейтіндігіміз белгілі болды...
Маған Венгриямен өткен ойындағыдай бір ойыншыны тұсаулап ұстау тапсырылды. Бұл жолы менің бар назарым ардагер грек футболшысында болды. 35 жастағы Папаиоанну – бойы шағын (шамамен 160 см), техникалық шеберлігі өте жоғары ойыншы. Қанша тырыссам да, Папаиоанну ойын тағдырын шешкен жалқы голды соғып кетті. Екінші таймда айып соққысын орындаған Кудас допты біздің қақпаға қарай әуелетіп асырды, сол кезде Папаиоанну адам сенгісіз түрде, бақылауымнан зып етіп шығып кетіп, басымен допты Юрий Дегтярев қорғаған қақпаға сүңгітті. Бұл жеңіліс Аргентина жолдамасына қол жеткізсек деген біздің бар үмітімізді өшірді. Не айтатыны бар, мен қатты күйзелдім, өйткені гол жіберіп алғанымызға мен де кінәлімін ғой.
Ал мамандар пікірі әлдеқайда басқаша болды:
«Іріктеу ойындарында біз бәрінен де қорғанысымыздан үрейленіп едік, ал бізді шабуылымыз жарға жықты...» (О. Кучеренко, «Советский спорт», 12.05.1977).
Шынымен де, КСРО құрамасының шабуылшылары Будапешт пен Салоникиде гол соққанда, ешкім де жіберіп алған голдарымызды еске алмас еді.
– Менің ойымша, КСРО құрамасының 1978 жылғы әлем кубогының іріктеу турниріндегі сәтсіздіктерінің басты себептері тек ойындарда ғана емес, сондай-ақ құрама ішіндегі жалпы жағдайға да байлансты еді, – деп қорытындылайды Байшақов. – Бізде ұйымшыл ұжым болған жоқ. Бәрі өз беттерінше, ала бөтен өмір сүрді. Мәскеуліктер бөлек, киевтіктер бөлек, грузиндер бөлек. Құрамада мен тек Ташкенттің «Пахтакорынан» келген, екі жылдан кейін авиаапаттан қайтыс болған Владимир Федоровпен достық қарым-қатынаста болдым. Грузин футболшылары Шота Хинчагашвили және Давид Кипианимен де араласып тұрдық. Біз маусым алдындағы жиындарымызды олардың Леселидзедегі базаларында жиі өткізіп тұратынбыз, сондықтан бұрыннан таныс едік. Жалпы, 1977 жылғы үлгідегі КСРО құрамасы капитандар командасы болды. Владимир Онищенко, Олег Долматов, Олег Блохин, Давид Кипиани, Анатолий Коньков… Бәрі де жарқын дара тұлғалар, бірақ олар үлкен мақсаттарға қол жеткізетін ұжым болып біріге алмады.
Осындай жанға батқан, өкінішті жеңілістерден соң құрама сапына тағы да шақырады деп қарайлау қиын екендігі, түсінікті. Бірақ уақыттың мөлдір шынысына үңіліп, бұлжымас айқын деректі айтпасқа болмайды: Сейілдә Байшақов – КСРО бірінші құрамасының сапында ойнау мәртебесіне ие болған біздің бірінші футболшымыз. Бұл біздің ұлттық мақтанышымыз!
Аударған Нұрғазы Сасаев