Астана қаласының біріншілігінде отандық футбол жұлдыздары аз емес. Солардың бірі Қазақстан ұлттық құрамасының экс-футболшысы, еліміздің екі дүркін чемпионы Антон Чичулин "Достар" командасының намысын қорғайды. Кезекті турлардың бірінен кейін біз Антонмен аз-кем сұхбат өрбіткен едік.
– Антон, алдымен "Достар" командасына қалай келгеніңіз жайлы айтып берсеңіз...
– Бұл командада бұрыннан жақсы араласатын достарым аз емес. Солар көмектес деп шақырған. Бас тарта алмадым. Оның үстіне, өзіме де пайдалы. Доп теуіп, әрдайым бабымда жүремін. Осылайша алдағы футбол маусымына дайындалып жүрмін.
– Біріншіліктің деңгейі қалай екен?
– Жылдан жылға деңгейі өсіп келе жатыр. Мәселен, бұрын бірінші орынға ары кетсе екі команда таласатын. Қазір қарымды командалар көбейіпті. Бәрі де бас жүлдеден үмітті. Дарынды жастар да аз емес. "Астана" футбол клубы футбол орталығының жасөспірімдері ұнады. Намысты ойыншылар екен. Бір сөзбен айтқанда, ойындардың барлығы да тартысқа толы. Жеңісті қолдан бере салатын команда жоқ. Осы орайда, біріншілікті жоғары дәрежеде ұйымдастырып жатқан Астана қаласының футбол федерациясына ерекше алғыс айтқым келеді.
– Сіздіңше, биыл қала біріншілігінде қай команда жеңімпаз атанады?
– Дәл қазір бұл жайында болжам жасау өте қиын. Барлық тартыс әлі алда деп ойлаймын. Десек те, "Школьниктің" әлеуеті зор, "Зениттің" де бас жүлдеден дәмесі бар, "Наша Кампания" да құрамына қарымды ойыншыларды жинапты. Олардың да мүмкіндіктері зор. Біз де қарап қалмаймыз. Соңына дейін бірінші орын үшін таласамыз. Дегенмен, меніңше биыл бас жүлдені "Астана-1964" командасы жеңіп алатын сияқты. Ойыны басқалардыкіне қарағанда қызықтырақ. Бір-бірін жақсы түсінеді. Егер маусым соңында бас жүлдені осы команда жеңіп алып жатса, таңғалмаймын.
– Антон, әңгіме арнасын кәсіпқой карьераңызға қарай бұрсақ. Өткен маусымда "Атырау" командасында ойнадыңыз. Бүгінде "Атырау" Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жүр. Оған Сіз бармадыңыз. Келісімшартыңыз аяқталды ма сонда?
– Иә, келісімшартым аяқталған. Одан кейін хабарласқан жоқ. Қазір еркін агентпін. Өзге командалардың ұсыныстарын қарастырып жатырмын. Әзірге екі командадан ұсыныс бар. Жақын уақытта бәрі шешіледі деп ойлаймын.
– Қай командалардан шақыртулар келіп жатыр?
– Әзірге айтпай қоя тұрайын. Қай командамен оқу-жаттығу жиынына кететінім 20 қаңтардан кейін белгілі болады.
– Былтыр "Атырау" сапында 29 матч өткізіп, команданың үздік ойыншыларының бірі болдыңыз. Өткен маусымға қандай баға берер едіңіз?
– Егер жоғарғы бағаны "бес" деп алар болсақ, өткен маусымға "төрт" қояр едім. Өйткені, еурокубокқа жолдама ала алмадық. Аздап жолымыз болмады. Жалпы, былтырғы жыл жаман болған жоқ. Үздік алты команданың қатарынан көрінудің өзі ерлік. Қаржыдан да қағажу көрген жоқпыз. Жалақымызды уақытынан кешікпей алып отырдық. Өзім де алаңға тұрақты түрде шығып тұрдым. Алдағы маусым да сәтті болады деп үміттенемін.
– "Атырау" былтыр ел чемпионатын 37 ұпаймен аяқтап төртінші орынға тұрақтаған "Ордабасыдан" екі ұпайға қалып қойды. Қалай ойлайсыз, еурокубокқа жолдама алу үшін "Атырауға" не жетіспеді?
– Екінші кезең басталғанда біздің басты бәсекелестеріміз "Ордабасы" және "Ертіс" болатын. Бірақ, павлодарлықтар алысқа шаба алмай, орта жолдан тізгінді жіберіп қойды. Содан "Ордабасымен" тартыстық. Кімнің төртінші орын алатыны Атыраудағы ойында шешілуі тиіс болатын. Алайда өз алаңымызда шымкенттіктермен тең түсіп қалдық та, алдыға жіберіп қойдық. Міне, сол жолы жеңгенімізде осы маусымда "Атырау" Еуропа лигасында бақ сынайтын еді.
– Былтырмен салыстырғанда биыл "Атыраудың" құрамы едәуір өзгерген сияқты. Өткен маусымда ойнаған ойыншылардың жартысына жуығы командадан кетіп қалыпты. Қалай ойлайсыз, "Атырау" алдағы маусымда жоғары орындарға таласа ала ма?
– Таласа алады деп ойлаймын. Өйткені, бас бапкері Владимир Андреевич Никитенко командаға қарымды ойыншыларды шақырта алады. Негізі, былтыр маусым соңында клуб басшылығы команданың негізгі құрамын сақтап қаламыз деген болатын. Бірақ бізді шақырмады ғой. Енді бапкерлер алқасы селекциялық жұмыстарды дұрыс жүргізер болса, онда "Атырау" осы жылы да сәтті өнер көрсетуі тиіс.
– Биылдан бастап "лимитчик" ойыншыларға байланысты ереже біраз жұмсартылды. Яғни, командалар 21 жасқа дейінгі бір ойыншыны хаттамаға енгізгенімен оны негізгі құрамда алаңға шығаруға міндетті емес. Қалай ойлайсыз, "лимитчиктерге" байланысты бұл ереже жас футболшыларға көмектесе алды ма? Мен мұны сізден сұрап тұрғаным, кезінде өзіңіз ешқандай ереженің көмегінсіз-ақ үлкен футболға қадам басқансыз...
– Иә, есімде. Премьер-лигадағы ең алғашқы ойынымды өткізгенімде 17 жаста болатынмын. 2002 жыл еді, ол кезде елордалық "Жеңістің" сапында ойнайтынмын. Жалпы, меніңше, егер футболшы дарынды, қабілетті болатын болса, ешқандай ереженің көмегінсіз-ақ үлкен футболда өз орнын ойып тұрып алады. Бұл ереже біраз команданың бас ауруы болғаны да жасырын емес. Өйткені, "лимитчигің" әлсіз болса, бір ойыншың кем дей бер. Бірақ, бір жағынан бұл ереженің орнын легионерлерге байланысты толықтырулар жауып отыр. Өздеріңіз білесіздер, биылдан бастап командаларға тағы бір легионерге артық тіркеуге рұқсат берді. Яғни, тағы бір қазақстандық футболшы өз орнынан айрылды деген сөз. Оның үстіне, құрамына жақсы легионерлерді шақыруға барлық команданың мүмкіндігі жете бермейді. Сондықтан, бір команда тіптен күшейіп, екіншісі едәуір әлсіреп қалуы әбден мүмкін.
– Сұхбатыңызға рахмет, Антон! Алдағы маусымыңызға сәттілік тілеймін!