Вернуться к списку статей

Қазақ додасындағы шабуылшылар команда ауыстырды

Футбол
1K
Душан Савич енді
Футболдан Қазақстан чемпионатындағы жазғы трансфер кезіндегі ауыс-түйіс әлі толастаған жоқ. Премьер-лигада бір командадан екіншісіне ауысып жатқандар да аз емес.

“Жетісу” сұрмергенін Қостанайға “ұзатты”

Былтырдан бері «Жетісу» командасының намысын жыртып жүрген, тамырында серб қан соққан, Македония шабуылшысы Душан Савич «Тобылға» ауысты. Қостанай клубымен бір жарым жылға келісімшарт жасап, қол қойыпты.

Негізі, биыл күзде 31-ге толатын Душан Савичтің ұлты – серб, бірақ Македония азаматтығын да алған. 2007 жылдан бері осы елдің намысын қорғап жүр. Македонияның жастар құрамасы сапында үш, ұлттық құрамасы құрамында тоғыз ойын өткізген.

Ол – әйгілі "Црвена Звезда" клубының түлегі. Македонияның "Беласица", "Победа", "Вардар", "Работнички", сондай-ақ Румынияның «Брашов», Кореяның «Инчхон Юнайтед», Өзбекстанның «Пахтакор», Украинаның «Волынь» және «Говерла», Болгарияның "Славия" сынды клубтары сапында ойнаған.
Қазақстанға 2014 жылы келген. Сол жылы Қызылорданың "Қайсарында" біраз ойнап, бірінші айналымнан кейін Болгарияға барып келді. 2015 жылдан бері "Жетісу" сапында өнер көрсетіп жүр. Биылғы маусымда 19 ойын өткізіп, 10 гол соқты. "Тобылдың" құрамында № 20 жейдемен ойнайтын болыпты.

Негізі, Қазақстан премьер-лигасында Душан Савичке қызыққандар аз болмаған секілді. Мәселен, Македония сұрмергенін «Астана» да өз қатарынан көргісі келгендей. Бірақ «Астана» УЕФА шектеуі бойынша, қазір футболшы сатып ала алмайды. Тек бос агенттермен немесе жалға алып қана құрамын нығайта алады.

Ал «Жетісу» көз салғандар көп сұрмергенін қалай ғана тегін бере қойсын? Заман талабы, нарық ұстанымы солай. Осылай ақша тауып, шығындарының бір бөлігін жабуы керек. Бірақ Савичті басқа командаға жіберулері, енді олардың алғашық алтылықтан үміттерін үзгендерін білдіре ме?..

“Астананың” шабуылшысы “Ақтөбеге” ауысты

Алаңа негізінен екінші таймның аяғында ғана шығып жүрген «Астананың» шабуылшысы Алексей Щеткин «Ақтөбеге» ауысты. Еңбек келісімінің мерзімі жайлы нақты ақпарат жоқ.

25 жастағы Щеткин соңғы бір жарым жылда «Астана» сапында ойнады. Оған дейін «Тараз» және «Атырау» командаларының намысын қорғаған. Кейінгі жылдары Қазақстан ұлттық құрамасы сапына да шақыртылып жүр.

Тілешев пен Жаңғылышбай “Ақтөбеден” кетіп, Левин “Ақжайыққа” барды

«Ақтөбе» жазғы трансфер кезеңінің соңғы күндері Тоқтар Жаңғылышбаймен арадағы келісімшартты бұзды. Жас шабуылшы енді қайда барады? Белгісіз. Жаңғылышбай биыл «Ақтөбе» сапында жасыл алаңға 12 рет шығып, екі гол соққан болатын. Бұған дейін «Ақтөбенің» Мұрат Тілешевпен қоштасқаны ресми түрде жарияланған болатын.

Ал «Тобыл» жас ойыншысын маусым ортасында жібере салмай, «Ақжайыққа» жалға берді. Атап айтқанда, жартылай қорғаушы Евгений Левин бірнеше құжатқа қол қойып, Оралға жол тартатын болыпты. Ол енді маусым аяғына дейін "Ақжайықтың" намысын қорғайды. 
Биылғы маусымда Евгений Левин "Тобол" сапында 4 ойын өткізген болатын. Оның үшеуінде жасыл алаңға негізгі құрамға шыққан-ды. Тіпті азулы "Астананың" қақпасына әдемі гол соғып, қостанайлықтарды риза қылған.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика