Вернуться к списку статей

“Қайрат” ұпай жоғалтып, “Ордабасы” әупіріммен жеңді

Футбол
1K
Бүгін футболдан Қазақстан премьер-лигасында ХІХ-турдың төрт ойыны өтіп, еліміздің оңтүстігіндегі екі матч кешқұрым басталып, ертерек аяқталды.

“Қайрат” “Жетісудан” жеңіліп қала жаздады...

«Қайрат» Талдықорғанға алыс жолдан қалжырап барды. Әрі бірнеше ойыншысы жасыл алаңға шыға алмады. Жарко Маркович пен Андрей Аршавин алған ескертулеріне байланысты бұл матчта ойнауға құқылары жоқ. Ал Тимур Рудосельский жарақат алып қалған. Оның үстіне «Қайраттың» бас бапкері Анатолий Тимощук пен Жерар Гоуды негізгі құрамда алаңға шығарған жоқ.

Өздеріңіз де байқап отырған боларсыздар, «Қайрат» бұл ойынға орталық қорғаушыларынсыз шықты (Маркович пен Рудосельский). Олардың орындарын Лунин мен Тесак басты. Ал қапталдағы қорғаушының бірі Ворговский болды.

Ойынды «Қайрат» белсенді бастағанымен, есепті «Жетісу» ашты. Андрей Шабаевтың тамаша пасын Душан Савич мүлт жіберген жоқ. Бір қимылымен-ақ қақпашы Плотниковті дәрменсіз қалдырды.

«Қайрат» бұдан кейін қарқынын үдетті. Цхададзе тіпті алаңға жанында тұсаулап ұстап отырған сұрмергені Жерар Гоуді де шығарды. Кот-д'Ивуар шабуылшысы бас бапкерінің сенімін ақтап, соңғы минутта таразы басын теңестірді. Тавамбаның оң қанаттан әуелете асырған пасын басымен қақпаға “сүңгітті”.

«Қайраттың» бас бапкері матчтан кейін осы ойында екі гол соққандарын, бірақ біреуін төрешінің есепке алмағанын айтып, қынжылды...

Ал «Жетісу» жеңісті есепті ұстап қалмақ болып, жаза басты. Қорғаушылары матч соңында Гоудан көз жазып қалды. Әрі гол соғатын тамаша бір мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алды. Әйтпесе, жеңіс өз қолдарында тұрғандай болып еді.     

«Жетісу» «Қайрат» – 1:1

Голдар: Савич, 37 (1:0). Гоу, 90 (1:1).

Жетысу: Шабанов, Әмірсейітов, Кадио, Клайн, Сағындыков (Вага, 64), Шабаев, Калинин (Харун-Заде, 85), Шайыхов (Әділханов, 74), Касьянов, Джалович, Савич.

Кайрат: Плотников, Қуантаев (Тұрысбек, 71), Лунин, Тесак, Вороговский (Райымбек, 90+1), Қуат, Дарабаев, Исаэль, Исламхан, Асеведо (Гоу, 59), Тавамба.


“Ордабасы” кем құрамда ойнаған “Атырауды” әупіріммен жеңді

«Ордабасы» командасының да Сербиядан титықтап келгендігі байқалады. Бүгін «Атыраудан» ұтылып қалмаса да, тең түсе жаздады. Бірінші тайм ортасынан ауа қонақтар гол соғып, алға шыққан.

Бірақ көп ұзамай, көңіл-күйлері су сепкендей басылды. Себебі бас төреші Айдын Рахымбаев «Атыраудың» бір ойыншысын, атап айтқанда, Павел Шабалинді алаңнан қуды. Сөйтіп, қонақтар бір сағаттай кем құрамда ойнады.

Шиеленісті ойын осылай, қонақтардың жеңісімен аяқталуға айналғанда, алаң иелеріне тағдырдың “тосын сыйы” көмекке келді. Сол қанаттан айып соққысы орындалғанда, доп «Атырау» футболшылары құрған тосқауыл шетіндегі ойыншының қолына тиген.

Мұны қапталдағы төреші көріп, жалаушасын желбіреті. Пенальти! Гогита Гоуа мүлт кеткен жоқ. Таразы басы теңесті.

Екі минуттан кейін «Ордабасы» командасына “тосын сый” келген қапталдан бұрыштама соққысы орындалды. Еркебұлан Тұңғышбаев серпіле секіріп, басымен допты қақпаға дәл түсірді. Жеңіс!

«Ордабасы»  «Атырау» 2:1

Голдар: Коробкин, 30 (0:1). Гогуа, 85-пенальтиден (1:1). Тұңғышбаев, 87 (2:1).

32-минутта Шабалин («А») алаңнан қуылды.

«Ордабасы»: Бекбаев, Кожабаев, Трайкович, Сүйімбаев, Симчевич (Төлебек, 75), Диакате, Ерланов, Гогуа, Гейнрих (Касалица, 57), Әшірбеков (Тұңғышбаев, 56), Марцхваладзе.

«Атырау»: Нарзикулов, Кузьмин, Дамчевски, Ламанж, Коробкин, Эсатов, Эссаме, Куртеян (Чуреев, 59), Шабалин, Аржанов (Макась, 90), Шарпар (Сапаров. 80).

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика