Петропавлдағы «Қарасай» стадионында «Қызыл-Жар» басты бәсекелесі «Қайсарды» қабылдап, ұта алмады. Тіпті бірінші таймда өз қақпасына гол жіберіп алып, таразы басын теңестіру үшін біраз тер төгуге мәжбүр болды. Сөйтіп екеуара төрт ұпай айырмашылығы сол күйі сақталып қалды.
Ал «Екібастұз» көшбасшылардың бір ұпайды қанағат тұтқандарын пайдаланып, өз алаңында Теміртау футболшыларын ұтып, «Қызыл-Жарға» мейілінше тақай түсті. Бірақ бұл жеңіс екібастұздықтарға оңайшылықпен келген жоқ, тек соңғы минутта ғана маңызды гол соғып, үш ұпай олжалады.
«Алтай» Семейде көш соңындағы «Бәйтерек» жүндей түтті. Бірінші таймда-ақ төрт гол соғып, үстемдік танытты. Осы жеңісінің арқасында қайтадан 6-орынға көтерілді. Өйткені «Каспий» Қызылордада «Байқоңырмен» тең түсіп, екі ұпай жоғалтты.
Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда Оңтүстік Қазақстан облысының екі командасы додаға түсіп, матч нәтижесі көпшілікті таң қалдырды. Азулы командалар мен бірінші лига көшбасшыларына дес бермей, тіпті жеңіп те кететін «Мақтаарал» бұл ойында «Қыраннан» ұтылып қалды. Әрі олар Атакент командасын бір саты төмен ығыстырып, олардың алдын орап та кетті.
«Қызыл-Жар СК» – «Кайсар» – 1:1
Голдар: Хромцов, 33 (0:1). Перцух, 77 (1:1).
«Екібастұз» – «Шахтёр-Болат» – 2:1
Голдар: Әубәкіров, 42 (1:0). Жүсіпов, 55 (1:1). Саденко, 89 (2:1).
«Алтай» – «Бәйтерек» – 5:0
Голдар: Шафф, 19. Нұрғалиев, 21. Тәңірбергенов, 27. Шакин, 38. Д.Шмидт, 61.
«Қыран» – «Мақтаарал» – 1:0
Гол: Э.Набиев, 46.
«Байқоңыр» – «Каспий» – 1:1
Голдар: Сердюков, 36 (0:1). Дүйсембаев, 74 (1:1).
ХІІІ-турдан кейін сұрмергендер көшін бастаған футболшылар:
Сергей Шафф («Алтай») – 8 гол;
Алмас Әрменов («Каспий») – 7;
Сергей Струков («Қызыл-Жар СК») – 6;
Бошко Ступич («Қызыл-Жар СК»), Бағлан Бөрібай («Қыран»), Сабыржан Ибраев («Мақтаарал»), Роман Павинич («Кайсар»), Дастан Дүйсембаев («Байқоңыр») – 5 голдан.