Вернуться к списку статей

Айдар Күмісбеков – "Ордабасы" мен "Қайрат" келесі кезеңге 100 пайыз шығады, "Ақтөбеге" қиын болады

Футбол
2K
Айдар Күмісбеков
Аталмыш матчтардың қарсаңында еліміздің екі дүркін чемпионы, кубок иегері Айдар Күмісбековпен сұхбаттасып, командаларымыз жайлы пкірін тыңдаған едік.

Ертең Қазақстанның үш клубы Еуропа лигасына жорығын бастайды. Ел кубогының иегері «Қайрат» Албанияда «Теутамен» айқасса, былтырғы чемпионаттың қола жүлдегері «Ақтөбе» өз алаңында Венгрияның «МТК Будапештін» қабылдайды. Ал өткен маусымда 4-орыннан көрінген «Ордабасы» түзде Сербияның «Чукаричкиімен» шеберлік байқасады. 

– Ертең алаңға шығатын үш клубымызға да сәттілік тілеймін! Негізі, бірінші іріктеу кезеңінен үшеуі де сүрінбей өтуі тиіс. Иә, басқаларына қарағанда «Ордабасыға» қиын қарсылас тап болды. «Чукаричкидің» әлеуетін жақсы білмесек те, Сербия чемпионатының деңгей қаншалықты жоғары екендігін пайымдаймыз. Ал ол жақта қола жүлде алған ұжымды әлсіз деп айта алмас едім. Соған қарамастан шымкенттіктердің келесі кезеңге өтетініне 100 пайыз сенемін. Сол сияқты, Алматының «Қайраты» да еш қиналмастан екінші іріктеу кезеңіне өтуі тиіс. Оның үстіне, «Ордабасы» мен «Қайрат» жауапты кездесулерін өз алаңында өткізеді. Бұл да болса көмек. Ал «Ақтөбеге» қиындау болады. Бір жағынан «Будапешт» те жақсы команда. Екінші жағынан өздерінің ойындары да биыл оңып тұрған жоқ. Венгрлерден аса алмай қала ма деп қорқамын.

– Осы үш командамыздың биылғы ел чемпионатындағы ойындарына қандай баға бересіз?

– «Қайрат» қазір бабында. Кахабер Цхададзе алматылық команданың ойынын үйлестіріп, футболшыларын ойната білді. Әйтпесе, маусымды нашар бастаған. «Ордабасы» өз ойындарын ала-құла өткізіп жүр. «Бірде көл, бірде шөл» деп осындайда айтса керек. Фавориттерге қарсы тәп-тәуір ойнағанымен екінші алтылықтағы командаларға қарсы матчтарда ұпай жоғалтып жүр. Ал «Ақтөбенің» жанкүйерлеріне сабырлық. Бұл клуб бізді тек жеңістерге үйретіп тастағандықтан қазіргі ойындары ешкімнің де көңілінен шықпай жүр. Бәлкім, клуб басшылығы да дұрыс бағытты ұстай алмай жүрген шығар. Бәрі қалпына келіп, жақсы болады деп үміттенемін. Дегенмен, бұлардың биылғы ойыны жайлы жақсы пікірде емеспін.

– Ал сәл кештетіп барып, Чемпиондар лигасына жорығын бастайтын «Астананың» ел чемпионатындағы ойыны қалай?

– Елордалықтардың «Астана-Аренадағы» ойындарының барлығын жібермей тамашалауға тырысамын. Биыл отала алмай, әзер орнынан қозғалды. Тек 6-7-ші турға таман кішкене өз ойындарын таба бастады. Қазір Станимир Стойловтың командасы Чемпиондар лигасына дайын. Рас, өткен турда «Қайраттан» жеңіліп қалды. Бірақ тізгін өздерінің қолында болды.

– «Астанаға» жақсы шабуылшы жетіспей жатыр дейді. Мұнымен келісесіз бе?

– Оны бәрі айтып жатыр ғой. Тіпті, әр матчтан кейін бас бапкері Станимир Стойлов та шабуылшының қажеттігін айтуда. Иә, «Астанада» алғы шепте ойнай алатын, гол соғатын Таңат Нөсербаев, Джордже Деспотович сынды жігіттер бар. Олардың қатарына Жуниор Кабананга мен македониялық Агим Ибраими қосылды. Осы квартет бір-бірімен бәсекелестік жүргізу арқылы «Астананың» шабуылын күшейтеді деп үміттенемін. Дегенмен, ішкі чемпионат пен Чемпиондар лигасының деңгейі мүлдем бөлек. Шынымен де бір жақсы шабуылшы артықтық етпес еді.

– Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі алғашқы қарсыласы – «Жальгирис». Литвалықтардың ойыны туралы не білесіз?

– Кеңестік кезеңде Қазақстан үшін «Қайраттың» маңызы қаншалықты зор болған болса, Литва үшін «Жальгирис» те сондай маңызға ие болған ғой. Кейінгі кездері іріктеу кезеңдерінен ары аспай жүр. Егер «Астана» сыртта өтетін алғашқы кездесуде лайықты есепке қол жеткізсе, өз алаңында ұту үшін барын салады.

– Осы төрт клубымыздың қайсысы биыл еурокубок бәсекелерінің топтық кезеңіне өте алады?

– Қателеспесем, «Астана» клубының басшылығы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне болмаса да, Еуропа лигасының негізгі додасына жолдама алуды көздеп отыр ғой. Иә, өткен маусымдағы көрсеткішті қайталау қиын болады. Алайда, Еуропа лигасының топтық додасына өтуге шамалары жетеді. Сондай-ақ, Алматының «Қайраты» да биыл Еуропа лигасында ойнауға әбден лайық. Бұлардың мүмкіндігі мен әлеуеті тіпті, «Астанадан» да жоғары деп ойлаймын. Ал «Ордабасы» мен «Ақтөбе»... Сенгім-ақ келеді.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика