Вернуться к списку статей

Алты ойында – 19 гол

Футбол
1K
Фото fckairat.kz сайтынан
Кеше футболдан Қазақстан премьер-лигасында ХХV ел чемпионатының екінші айналымы басталды. ХІІ-турдағы алты ойында 19 гол соғылды.

Көш басындағы «Астана» өз алаңында өкшесін басқан бәсекелестерінің бірі «Ордабасы» командасын 3:1 есебімен ұтты. Сөйтіп, ХІ-турда Атырауда ұтылып қалғанын «жуып-шайған» болды.

Ал «Ордабасы» клубының бас бапкері Бақтияр Байсейітов бұл жеңілісінің түп-төркінін қарамағындағы футболшылардың жасанды алаңға бейімделіп кете алмай, ойындары мандымай қойғанына тіреді. Әрі қақпашыларының маңызды матчтарда өрескел қателіктер жіберіп алып, жерге қаратып жүргендерін де тілге тиек етті.

«Ертіс» болса, астаналықтардай емес, өткен турдағы жеңілісінің есесін қайтара алмады. Бұл турда өз алаңында «Ақжайықпен» тең түсіп (0:0), тағы да екі ұпай жоғалтты. Әрі ізіне түскен басты бәсекелестерінің бір табан (екі ұпай) болсын, жақындай түсулеріне мүмкіндік беріп алды.

«Ақжайық» дән риза, әрине. Енді ше, көш соңындағы команда екінші орындағы үздіктердің бірімен ұпай бөлісіп отыр. Әрі түзде! Орал командасының бас бапкері Талғат Байсуфинов айтқандай, «Ақжайыққа» – әрбір ұпай алтынға тең.

Бұл турда «Қайраттың» – қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Өз алаңында қақпашысы тәжірбиелі, қорғанысы берік «Оқжетпесті» 6:0 есебімен ойсырата жеңді. Әрі «Ордабасы» да ұтылып қалып, Көкшетау мен Шымкент командаларын қуып жетті. Тіпті доп айырмасымен үшінші орынға да шықты.

Көкше клубының бас бапкері өз шәкіртттерінің ойын өрнектеріндегі тоқырау өткен турда байқалғанын мойындапты. Енді ойыншыларын қалай да бір «сілкілеп» алуы керек сияқты.

«Атырау» енді екпін алып, ойыншыларының өз мүмкіндіктері мен қабілеттеріне деген сенімділіктері арта түскендей. Өткен турда «Астананы» алып ұрса, бұл жолы түзде «Тобылды» тізе бүктірді. Есеп – 2:1.

«Тобылға» ерте күнді кеш қылмай, білікті бас бапкер табу керек сияқты. Әйтпесе, үздік алтылыққа іліге алмай, кеш қалады. Басты бәсекелесінен өз алаңында ұтылу – үш ұпайдан айырылу емес, алты ұпай жоғалтумен тең.

«Жетісу» да желпінді. Өз алаңында кеншілер клубынан 2:0 есебімен басым түсті. Ал «Шахтер» үшінші рет қатарынан 0:2 есебімен ұтылып отыр.

«Тараз» жаңа бапкерімен түзде тең түсті. Украин Юрий Максимов тәубешіл адам екен, бұған да «шүкір» деп отыр.

«Ақтөбені» мүлде даттағымыз да, ақтағымыз да келмейді. Бірақ осы команда «жеңді немесе тең түсті» десек, бірден «не, пенальти болды ма» дейтіндер пайда болыпты. Иә, болды. Өзі шалынып құлады ма, әлде де шалып құлатты ма, әйтеуір жығылды...

ХІІ-турдың статистикалық деректерімен және қысқаша шолуларымен мына сілтеме бойынша таныса аласыздар.



Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика