Бородюк, Огай, Никитенко, Мырзабаев...
Ең әуелі Александр Бородюк өз еркімен кетті. «Қайрат» үш турдан бір-ақ ұпай еншілеп, Оралда «Ақжайықтан» ұтылған соң, Ресей маманы қарамағындағы ойыншыларының үгіт-өтініштеріне де қарамай, кете барды. Неге осылай үстірт шешім қабылдағанын әлі ашып айтқан емес...
Одан кейін сегізінші турдың қарсаңында, ел кубогы додасының 1/8 финалдық ойындарынан кейін Дмитрий Огай мен «Тобыл» екеуара келісімшартты үзді.
Қостанай клубы өз алаңында бірінші лигадағы «Қызыл-Жар» командасына жол беріп алған болатын. Бірақ премьер-лигадағы тым мүшкіл емес-тін. «Тобыл» алты ойыннан сегіз ұпай еншілеп, 5-орында тұрған.
Көп ұзамай, яғни оныншы турдан кейін, «Атыраудың» бас бапкері Владимир Никитенко да қызметінен кетті. Түзде «Ақтөбеден» 0:1 есебімен ұтылып қалған соң Владимир Андреевич өтініш жазып, оны команда басшылығы қабыл алған. Дәл сол кезде атыраулық ұжым тоғыз ойыннан (бір ойынын кейінге шегерілген болатын) жеті ұпай еншілеп, 10-орында тұрған болатын.
Іле-шала, он бірінші турдан кейін «Тараз» да бас бапкерін орнынан босатқанын мәлімдеді. Нұрмат Мырзабаевқа деген сенімдері шегіне жеткен сияқты. Жамбыл облысының командасы бірінші айналымнан кейін 11 ойыннан бес ұпай ғана жинақтап, соңғы 12-орынға табан тіреген болатын.
Отандық бапкерлер бәсекеге қабілетті емес пе?
Сөйтіп, үш бірдей бапкеріміз орындарын босатты. Никитенко өзгелер сияқты маусым басында келген маман емес еді. «Атырауды» былтырдан бері жаттықтырып жүрген. Сонымен қатар, Никитенко мен Огай тәжірибелері мол, танымал бапкерлер еді. Тек Мырзабаев бас бапкерлік өтілі аз маман болатын.
Неге осылай? Неге үш бірдей отандық бапкер қызметтерінен айырылып қалды? Маусым басында премьер-лигадағы 12 клубтың тең жартысында Қазақстан мамандары бас бапкер еді. Енді олардың саны азайып отыр. «Тараз» команда тізгінін бірден украин Юрий Максимовқа ұстатты. Ал «Тобыл» мен «Атырау» бас бапкерлік міндетті әзірше өз жаттықтырушыларымызға, яғни Лотов пен Коньковқа жүктеп отыр.
Сонда Қазақстан мамандарының шет елдік бапкерлермен бәсекелес бола алмай, біліктіліктерінің кемшін түсіп жатқаны ма? Неге дағдарыс кезінде өздеріне берілген мүмкіндікті пайдаланбай, сенім үдесінен шыға алмай келеді?! Сайып келгенде, бұл отандық бапкерлердің беделдеріне нұқсан келтіріп, өз мамандарымызға деген сенім үдесіне селкеу түсірмей ме?!
Бас бапкер де заман талабына сай бейімделуі керек
Отандық мамандарымыздың кейбіреулерінің сенімді ақтай алмай, орындарын босатып жатқандары еліміздегі қайсыбір сайттардың бетінде жарық көріп те жатыр. Онда егде буын өкілдерінің қазіргі футболшылармен тіл табыса алмай жүргендері мен жас жаттықтырушыларымызға тәжірибе жетпей жатқандығы баяндалады. Тіпті көп нәрсені өзгелерден үйренудің және өмір бойы ізденудің ешқашан артық етпейтіндігі де айтылып жүр.
Бұл тұрғыда, өмірден алар мысалдар да көп. Кезінде Киевтің жуналистері марқұм Валерий Лобановский Италияда оқу-жаттығу жиынын немесе жаттығу жұмыстарын жүргізгенде, сол елдің бапкерлері алаң сыртынан «сығалап», түгелдей қағаз бетіне түсіріп (конспект жасап) отыратын деп, мақтана жазатын. Солардың көбісі кейіннен атақты бапкер болып, қол жеткізген жетістіктері жағынан Лобановскийден де асып түсті...
Жалпы, мамандардың пікіріне құлақ түріп, шетелдік бапкерлердің өмірлік тәжірибелерінен үлгі алар болсақ, бәрі де бас бапкердің де заман талабына сай өзгеріп, өз ортасына бейімделіп отыруы керек екндігін көп айтады. Әр футболшының тілін табуға тырысуы керек. Былайша айтқанда, психолог та бола білуі қажет екендігі – ертеден айтылып жүрген «мәтел».
Содан соң сонау ертеден, күні бүгінге дейін бар тәжірибе, сыралғы бапкерлер қарамағындағы барлық ойыншыларға сөзі өтетін бір футболшына жанына жақын ұстайды. Тіпті команданы сол арқылы басқарады десек те болар.
Мысалы, қазір «Ақтөбе» клубында Самат Смақовтың беделі – зор, сөзі – өтімді, рөлі – маңызды. Осындай ойыншылар көптеген командаларда бар. Мәселен, «Қайрат» дегенде, көз алдымызға Тимощук келеді...
Түйін
Біз отандық мамандарымыздың шетелдік бапкерлерден қалыспай, деңгейі жоғары додада ысылып, бәсекелестікке қабілетті екендерін дәлелдейді деп сенеміз. Әрі соған тілеулеспіз.
Қазақстан премьер-лигасындағы бас бапкерлер тізімі:
Команда | Бас бапкер | Азаматтығы |
«Астана» | Станимир Стойлов | Болгария |
«Ертіс» (Павлодар) | Димитар Димитров | Болгария |
«Оқжетпес» (Көкшетау) | Владимир Муханов | Ресей |
«Ордабасы» (Шымкент) | Бақтияр Байсейітов | Қазақстан |
«Ақтөбе» | Юрий Уткульбаев | Ресей |
«Қайрат» (Алматы) | Кахабер Цхададзе | Грузия |
«Тобыл» (Қостанай) | Олег Лотов* | Қазақстан |
«Атырау» | Юрий Коньков* | Қазақстан |
«Шахтер» (Қарағанды) | Йозеф Вукушич | Словакия |
«Жетісу» (Талдықорған) | Алмас Құлшынбаев | Қазақстан |
«Ақжайық» (Орал) | Талғат Байсуфинов | Қазақстан |
«Тараз» | Юрий Максимов | Украина |
* – бас бапкер міндетін уақытша атқарушы |