Вернуться к списку статей

“Ақтөбенің” ақ дегені алғыс болып тұр...

Футбол
2K
Фото shahter.kz сайтынан
Қазақстан премьер-лигасының он бірінші туры сенбі күні басталып, екі ойын өтті. Екеуінде де қонақтар жеңіске жетті.

Йозеф Вукушич – таза екі пенальти болып еді...

“Ақтөбе” Қарағандыда “Шахтерден” 2:0 есебімен басым түсті. Қонақтар бірінші екі гол соғып алды да, жеңісті есепті уыстарынан шығарған жоқ. Ойыннан соң “Шахтердің” бас бапкері Йозеф Вукушич «ойынның басында екі рет қателестік, екінші таймда аянған жоқпыз. Бірақ үш мәрте қарсыласымыздың қақпашысы қас шеберлік тантытты. Өз мүмкіндіктерімізді мүлт жіберіп қойдық. Содан соң «таза» екі пенальти болды деп ойлаймын. Нұрыбеков алаңнан қуылды. Білмеймін, неге осылай болды» деп қапаланыпты.

Ал “Ақтөбенің” бас бапкері ойын барысында өз футболшыларының ойын өрнектеріне жетекшілік етіп отыруы керек болғандықтан, төрешілердің қателіктеріне көңіл аудару қиынға соғатындығын тілге тиек еткен.

Қонақтар бір гол соғып алға шыққан соң, «Шахтер» тайлы-таяғымен алға қарай лап қойған. Нәтижесіз аяқталған шабуылдарының бірінде доп «Ақтөбе» қорғаушыларының бірінің қолына тигендей еді. Бірақ төреші ысқырық шалмады....

«Шахтер» – «Ақтөбе» – 0:2

Голдар: Жалмұқан, 8. Жаңғылышбай, 38.

71-минутта Нұрыбеков (Ш) екінші рет ескерту алып, алаңнан қуылды.

«Шахтер»: Багинский, Нұрыбеков, Тарасов, Садовничий, Пикалкин (Тәттібаев, 68), Сзоке, Зенели (Ермеков, 46), Байжанов, Скорых, Уббинк, Финонченко.

«Ақтөбе»: Отарбаев, Куаджа, Азовский, Сорокин, Ситдиков, Петролай, Крюков, Бочаров (Кәкімов, 70), Михалев (Цвейба, 62), Жалмұқан (Шестаков, 82), Жаңғылышбай.

Оңтүстік дербиінде Ордабасы оза шапты

Таразда өткен ойында да матч тағдыры бірінші таймда қонақтар соққан екі голмен шешілді. Серб шабуылшысы Филип Касалица алаң иелерінің қорғаушылары мен қақпашысын екі мәрте қапы қалдырып, шымкенттіктерге жеңіс әперді. Әрине, “Тараз” да жеңісті қолдан бермеуге тырысты-ақ. Бірақ екінші таймда бір гол соғып, есепті қысқартқаннан әріге бара алмады.

Сөйтіп, оңтүстік дербиінде “Ордабасы” жеңіске жетті. Әрі тағы да үшінші орынға көтерілді. Оныншы турдағыдай бір тәуліккке ғана ма, жоқ па, оны ертең білеміз. Ертең “Оқжетпес” қанша ұпай алса да, оңтүстікқазақстандықтарды тағы да төртінші орынға ығыстырады.

«Тараз» – «Ордабасы» – 1:2

Голдар: Касалица, 21 (0:1). Касалица, 29 (0:2). Мане, 85 (1:2).

«Тараз»: Григоренко, Баялиев, Айтбаев, Воротников, Д.Евстигнеев, В.Евстигнеев (Әмірханов, 51), Нұралы, Данилюк (Кәрімолла, 68), Сүлей, Байтана (Шахметов, 39), Мане.

«Ордабасы»: Бекбаев, Қожабаев, Трайкович, Абдулин, Симчевич, Сүйімбаев, Диакате, Чатто (Бейсенов, 75), Нұрғалиев, Тұңғышбаев (Тәжімбетов, 80), Касалица (Юнузович, 71).

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика