Вернуться к списку статей

Қазақстан футбол федерациясында “Сорокин дауы” өршіп барады

Футбол
2K
Фото kff.kz сайтынан
Қазақстан футболында “Сорокин дауы” бітпей тұр. Тіпті өршіп барады. Өйткені әділетті шешім әлі қабылданбай отырғандай...

Даудың басы “Ақтөбенің” Сорокині

Қазақстан премьер-лигасының VІІ-турындағы «Қайрат» пен «Ақтөбе» арасындағы матчтың соңында Егор Сорокин алаң иелерінің қорғаушысы Жарко Марковичті бүйірінен қойып қалып, жалп еткізген. Бірақ 23 сәуір күні өткен сол ойынның бас төрешісі Игорь Алешин мұны байқамады ма, ойын тоқтатылып, жәбірленушіге көмек көрсетілсе де, ешқандай жаза қолданған жоқ.

Көп ұзамай, бүл кикілжің Қазақстан футбол федерациясының Тәртіптік-бақылау комитетінде (ТБК) қаралып, өрескел тәртіп бұзуші тағы да жазаға тартылмады.

Бірақ Тәртіптік-бақылау комитетінің төрағасы Ерлан Жамантаев «матч кезінде бұған ешқандай шара қолданылмағандықтан, ҚФФ-ының қазіргі Тәртіптік регламентіне сәйкес, ТБК-інң тәртіп бұзған футболшыға қатысты қандай да бір шара қолдануға құқығы жоқ», – деп мәлімдеме жасады.

Әрі ТБК төрағасы ойын барысында төреші байқамай қалған жәйттарды бейнеқайталаудан анықтап, соның қорытындысы бойынша тәртіп бұзушыларға жаза қолдануды ұсынды.

Регламентке өзгерту мен түзету енгізілді

Көп ұзамай, яғни 29 сәуір күні Тәртіптік-бақылау комитеті төрағасының ықыласымен ҚФФ Атқару комитетінің бюросы бас қосып, Тәртіптік регламентке өзгертулер мен түзетулер енгізу туралы мәселені талқылады.

Сөйтіп, аталған регламенттің 46-бабына төмендегідей мәтіндегі тармақша қосылды:

«матч төрешілерінің назарынан тыс қалған (тіркелмеген), бірақ бейнежазбалар немесе объективті материалдар негізінде анықталған ойын ережесін бұзғандарға қатысты жаза қолданылсын».

Әрі мұндай мәселелердің Тәртіптік-бақылау комитетіне ойын аяқталған соң 72 (жетпіс екі) сағаттың ішінде келіп түсуі керектігі, сонда ғана қаралатындығы да бекітілді. Сондай-ақ мұның шағым емес екендігіне де айрықша көңіл бөлініп жазылды.

Бұған қоса регламенттің 2-бабына «сонымен қатар бейнежазбалар немесе объективті материалдар негізінде анықталған» деген түсініктеме қосылды.

Әрі қарай мұндай кикілжіңді немесе дау-дамайлы көріністі талқылау мен шешім қабылдау тәртібі мен жолдары бекітілді.

Тәртіптік-бақылау комитетінің әділеттілік жолындағы ерлігі

Кеше Қазақстан футбол федерациясында Тәртіптік регламентке енгізілген өзгертулер түзетулер негізінде ТБК отырысы өткен сияқты. «Өткен сияқты» дейтін себебіміз, еліміздегі кейбір басылымдар «өтті» деп жазуда. Ал ҚФФ ресми сайты әлі ешқандай ақпарат жариялаған жоқ.

Бірақ отандық спорттық басылымдардың қайсыбіреулерінде ТБК отырысы өткені, сондай-ақ Сорокинге тағы да ешқандай жаза қолданылмағандығы жайлы жазылды. Осыған байланысты ТБК төрағасы Ерлан Жамантаев пен оның кейбір мүшелері ҚФФ Тәртіптік-бақылау комитеті сапынан шығатындарын білдіріп, өтініш жазған...

Мұны «Қайрат» футбол клубының басшысы Қ.Боранбаевтың твитінен де білуге болады. Қайрат Советаевич әлеуметтік желідегі өзінің жеке парақшасына «ТБК мүшелері мен оның төрағасын қолдаймын, олар ар-ұятты және әділетті шешім қабылдады. Біз адал, таза футболды қолдаймыз,– деп жазды.


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика