Вернуться к списку статей

“Астана” ел кубогында “Каспийді” әупіріммен жеңді

Футбол
2K
Фото fca.kz сайтынан
Азулы “Астана” ХХV Қазақстан кубогының 1/8 финалдық кезеңінде бірінші лигада ойнайтын “Каспий” командасын қабылдап, 1:0 есебімен әзер жеңді.

Әзер жеңді деуіміздің де өзіндік бір сыры бар. Себебі «Астана» бұл матчта жасыл алаңға негізгі құрамдағы ойыншыларының көбісін шығарған жоқ. Жас футболшылары мен өз мүмкіндігін тосып, қосалқы құрам орындығында отырған футболшыларына кезек берді. Содан соң команда сапына жақында қосылған легионерлерін де соларға қосты.

Алайда «Каспий» командасының жігіттері Астанаға жеңісті қолдан бере салу үшін келмеген екен. Табан тіресе «шайқасты». Тіпті бірнеше мүмкіндіктері де болды. Бірақ өз мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алды.

Қосалқы құрамы мен жаңа ойыншылары Ақтау командасының қақпасына гол соға алмай діңкелеткен соң, сыралғы бапкер Стойлов негізгі құрамдағы шабуылға бейім үш футболшысын ойынға қосты. Сөйтіп «Астана» шабуылды үдетті.

Матчтың негізгі уақытына қосылған үш минуттың соңғы секундтарында «Каспий» қорғаушылары «Астана» шабуылшысы Деспотовичтің офсайдтта, яғни ойыннан тыс қалғанын көріп, состиып тұрып қалды. Сол кезде ойыншылардың арасынан Таңат Нөсербаев ытқып шығып, допты өзінің әріптесінің аяғына тигізбей іліп әкетті де, бейхам тұрған қақпашыны қапы қалдырып кетті.

Елорда командасы осылай әупіріммен жеңіске жетті. Станимир Стойлов бұл ойыннан қорытынды шығаратындарын, «Астана» клубы жейдесінің жауапкершілігі ауыр екендігін, оны киюдің өзі үлкен мәртебе болып табылатындығын әрбір футболшы жете түсінуі керектігін баса айтты.

Ал «Каспийдің» бас бапкері Қайрат Айманов аянбай ойнаған жігіттеріне риза болғандығын, бірақ сұрмерген шабуылшыға зәру екендіктерін бүкпесіз мәлімдеді. Әрі өз футболшыларының Чемпиондар лигасында көпшілікті тәнті еткен ел чемпионымен тартынбай және сескенбей ойнап, өз өнерлерін паш етуге бекініп келгендерін де тілге тиек етті.

Астана” – “Каспий” – 1:0

Гол: Нөсербаев, 90+3.

«Астана»: Мокин, Бейсебеков, Гурман, Күлбеков, Шайыхов, Наджарян (Мұжықов, 79), Аруна, Тағыберген, Жақыпбаев (Деспотович, 75), Абдурахими (Нөсербаев, 79), Щеткин.
«Каспий»: Аязбаев, Жанысбаев, Коне, Ұзғанов (Таңжарықов, 49), Қызылтаев, Шевченко, Қадырбаев, Шалекенов, Қабылан, Утробин, Искендиров (Мусса 90+2).

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика