Вернуться к списку статей

Қоғамда – Жер дауы, футболда – Тіл дауы

Футбол
2K
Фото fc-tobol.kz сайтынан
Ертеде қазақ қоғамындағы даулар беске бөлінген екен: жер дауы, жесір дауы, мал дауы, ар дауы, құн дауы. Ал бүгінгі Қазақстан футболындағы тіл мәселесінің қарабайырлығына қарап, олардың қатарына алтыншысын қосқың келеді. Ол – Тіл дауы.

Коноплянка. "Севилья". Испан тілі

Осыдан бірер күн бұрын шетелдік электронды баспасөз беттерінде Украина құрамасы мен "Севилья" клубының жартылай қорғаушысы Евгений Коноплянкаға испан тілін білмегені үшін айыппұл салынғаны жөнінде ақпарат тарады. Әрі кейінгі кездері негізгі құрамда алаңға жиі шықпай жүргендігі де осы мәселемен ұштастырылған.

Бұл дақпыртты Кирилл Круторогов деген футбол комментаторы таратқан. Ол «жақында мен Испанияда болдым, сонда "Севилья" Коноплянканы келісімшартта көрсетілген мерзімде испан тілін үйреніп алмағаны үшін жазаға тартып, айыппұл салды деп естідім. Фанаттар Женяның соңғы кездері негізгі құрамға ілікпей қалып жүргендігінің басты себептерінің бірі де осы, испан және ағылшын тілін білмеуі де санайды», – деген болатын.

Алайда іле-шала осы клубтың бапкерлер құрамындағы ресейлік Дмитрий Черышев бұл ақпаратты жоққа шығарып, шындыққа мүлде жанаспайтындығын мәлімдеді: «Евгенийдің жағдайы жақсы, ешкім де оған айыппұл салған жоқ, айыппұл жөніндегі ақпарат – бастан-аяқ сандырақ».

Осы ретте айта кетейік, Коноплянка Украинаның «Днепр» командасынан «Севилья» клубына 2015 жылы шілде айында ауысқан. Әзірше Испания клубы сапында 29 ойын өткізіп, төрт гол соқты және алты рет нәтижелі пас берді.

Бізде қашан қазақ тілі келісімшартқа енеді?

Бізге Коноплянкаға айыппұл салынды ма, жоқ па – ол маңызды емес. Бұл сөздеріміз үшін Женя айдаладағы Қазақстан сайтына ренжіп, өкпелеп қалмас. Біз оның Испания клубы сапында өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, аталған команданың жарық жұдыздарының бірі болуына шын жүректен тілектеспіз.

Бізге осы дақпырт ішінде «Коноплянка келісімшартта көрсетілген мерзімде испан тілін үйреніп алмағаны үшін» деген тұсы, нақты осы сөздері ұнады. Яғни оның "Севилья" клубымен арадағы келісімшартында осындай шарттың шынымен де болғаны ғой.

Шіркін, қашан біздің, яғни Қазақстан чемпионатындағы клубтар шетелдік ойыншыларымен келісімшартқа отырғанда «бәленбей айдың ішінде қазақ тілін үйреніп алуға міндеттісіз» деп, әлгіндей талап қояды екен?!

Әлде «байтал тұрмақ, бас қайғы» дегендей, жеріміз саудаға түсіп жатқанда, тіліміз туралы мұндай талаптарды армандаудың өзі қисынсыз, артық па?!


Фото fca.kzсайтынан 

"Бағдарламалық кітапша" орыс тілінде басылып шығады

Қазақстан премьер-лигасындағы клубтардың көбісінің ресми сайттары орыс тілінде жүргізіледі. Бұл сөздерімзге барлық командаларымыздың ресми сайттарын ашып, көз жеткізулеріңізге болады. Көбісінің орысша нұсқасында бәрі де қамтылған. Әрі жедел, дер кезінде баяндалып отырады. Ал қазақшасы оның шаңына да ілесе алмайды…

Тіпті әрбір тур сайын кезекті матчқа арналып шығарылатын анықтамалық-бағдарламалық жұқа кітапшаларын (“програмка”) тек орыс тілінде шығаратын командалар да аз емес. Қазақша бір ауыз сөз таппайсың. Сонда мемлекеттік тіл қайда?

Кейбір клубтардың баспасөз қызметінің медиа-офицерлеріне мұны шұқып тұрып айтып та жүрміз. Бірақ әзірше нәтиже жоқ! Енді... енді басшыларына шығу керек. Клуб басшылары, Кәсіпқой футбол лигасы, Қазақстан футбол федерациясы...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика