Вернуться к списку статей

Қазақ футболының "туған күні" нақты қай күн?

Футбол
3K
25 сәуір - Қазақ футболының туған күні
Бүгін қазақ футболының туған күні. Омырауына түскен салалы ақ сақалын сипаған біздің аяқдоп 113 жасқа толды. Бірақ қазақ футболының нақты "туған күні" қай күн?

Футболдың нақты жасы нешеде?

Футболдың нақты жасының нешеде еке­ніне жауап беру қиын. Спорттың бұл тү­рі­нің адамзат тарихында пайда болғанына 153 жыл болды деп кесіп айтар болсақ, қатты қателескеніміз. Өйткені аяқ доп өне­рі­нің қашан пайда болып, қай халықтың ой­лап тапқанына зерттеушілердің өздері әбден бас қатырып болған. Бірақ нақты жауа­бы сол күйі табылмады. Оған себеп те жоқ емес. Себебі футболдың отаны – Англия деп айтқанымызбен, әр ел оны өзіне тартуда.

Мәселен, археологтер Египет жерінен біздің заманымызға дейінгі 1900 жылдарға тиесілі футболдың элементтері бейнеленген жалпақ тастарды тапқан екен. Сондай-ақ Грекия жерінен де футболға қа­тыс­ты археологиялық заттар табылған. Нақ­тырақ айтсақ, Афины мұражайында доп теуіп тұрған адамның бейнесі бей­не­лен­ген қыш құмыра сақталып тұр. Зерт­теу­шілер бұл құмыраны біздің заманымызға дейінгі 4000 жылдыққа жатқызады.

Айта берсек, мұндай мысалдар жетіп-ар­ты­лады. Мәселен, Қытай, Үндістан, Мек­сика, Италия жерлерінен де архео­логтер біз­дің заманымызға дейінгі пәленбай мың жылдықтарға қатысты заттарды тапқан. Сондықтан «футболдың жасы 153-те және оны ағылшындықтар ойлап тапқан» деп ке­сіп айтуға болмайды. Ал «153 жас деген қай­дан шықты?» деген сұраққа келер болсақ, бұл тұңғыш ресми футбол қауым­дас­тығының пайда болуына байланысты. Яғни 1863 жылы Англияда тұңғыш футбол қауымдастығы құрылып, алғашқы ере­же­ле­рі қабылданып, футболды ағылшындар иеленіп алған болатын.


Англиядағы алғашқы футбол ойындарының бірі

Футбол қаншалықты өзгерген?

Футбол ойынын ежелгі халықтар әр­түрлі ойнаған. Мәселен, ежелгі Қытай же­рінде футбол «цу чю» (допты итеру) деп ата­лып, екі топқа теңдей бөлінген ойын­шы­лар ортада тұрған допты бір-бірінен өт­кізуі керек болған. Эскимостарда да сол сияқ­ты, бірақ мұз үстінде ойналған ойында коман­далар допты бір-біріне беріп қой­мауға тырысқан.

Ежелгі халықтардың көбі­сінің футболы бір-бірінікіне ұқсастау бол­ған. Ал Англияны мекен еткен саксондар со­ғыстан кейін жауларының бастарын доп ре­тінде теуіп ойнаған. ХVI ғасырда Англия кө­шелерінде тұрғындар футболдың қазіргі ережесіне ұқсас ойынды ойнаған. Алайда ол кезде ешқандай ереже болмағандықтан, көп жағдайда ойын ауыр жарақатпен аяқ­та­лып, аяғы тіпті өлімге ұласып отырған. Фут­болдың алғашқы ережелері жоғарыда ай­тып өткендей, тек 1863 жылы ғана пай­да болған. 


Қазақ жеріндегі алғашқы футбол командасы - Ярыш

25 сәуір – Қазақ футболының "туған күні"

Ережелері қабылданған футбол Ан­глия­дан басқа елдерге де жылдам қарқынмен кеңінен тарала бастады. 1873 жыл­дан бастап халықаралық ойындар ой­нала бастады. 1884 жылы Британия, Шот­лан­дия, Уэльс және Ирландия құра­ма­ла­ры­ның арасында алғашқы ресми халық­аралық турнир өтіп, ХІХ ғасырдың соңына қарай Еуропаны жаулап алған футбол Латын Америкасына да ауыз салды. Ал 1904 жылы Бельгия, Дания, Голландия және Швейцария елдерінің бастамасымен дүние­жүзілік футбол федерациясы (ҒІҒА) дү­ниеге келді. Бүгінде ҒІҒА-ға әлемнің 209 елі мүше. Соның ішінде Қазақстан да бар.

Жал­пы, отандық футбол зерттеушілерінің айтуынша, футбол қазақ жерінде 1913 жылдан бастап пайда болыпты. Этно­граф­тар­дың жазуынша, нөмірі бірінші спортты Қазақстанға Англиядан келген көпестер жеткізген көрінеді. 1913-14 жылдары Се­мей­де ССК, «Ярыш», «Олимп», «Ласточка» деген тұңғыш футбол клубтары пайда бол­ған. Тіпті солардың бірі «Ярышта» қазақтың көр­некті жазушысы Мұхтар Әуезов те өнер көрсеткен екен. Сондай-ақ бұл «Ярыш» халықаралық кездесу өткізген қазақтың тұң­ғыш клубы болып саналады. Рас, «Ярыш­тың» халықаралық ойындары рес­ми кездесулерге жатпаған. Десек те, бұл клуб еліміздің басқа қалаларында да фут­бол ұжымдарының ашылуына түрткі бол­ған. Атап айтар болсақ, Семейден кейін Ке­реку, Тараз қалаларында да футбол ко­мандалары пайда бола бастаған.

Қазақстан футбол федерациясы, сондай-ақ жанкүйер қауым да Қазақстан фут­бо­лы­ның туған күнін 25 сәуір күні тойлап жүр. Сол күні 2002 жыл­ы Қазақстан футбол Федерациясы УЕФА-ға ресми түрде кірген. Бірақ бұл дегеніміз, Қазақстан футболының тарихы 11 жылмен шектеледі деген сөз емес. Тіпті, 1913 жылға дейін де алаш жұрты теңбіл допты білген деген аңыздар бар. Сондықтан, қазақ футболының туған күні нақты қай күн дегенді әлі де зерттеу керек секілді. Әлбетте, оңайға соқ­пасы анық. Бірақ XVIII ғасырдағы Абылай ханның атының тісін тү­гендеп жүрген біздер үшін бұл датаны да анықтау қиынға соқ­пауы тиіс. Мұны Қазақстан фут­бол федерациясы қолға алса, дұрыс болар еді.

Футбол ережесінің қызықты хроникасы:

• 1863 жылы футболдың алғашқы ере­желері қабылданды. 13 бөлімнен тұрған ере­женің үш бөлімі допты қолмен ұстауға болмайтындығына арналды.

• 1871 жылдан бастап, қақпада қақпа­шы тұра бастады. Оған дейін соңғы шепте қалған кез келген футболшы қақпашы болып кете беретін. Сол жылы алаң көлемі 180х90 болып бекітілді. Сондай-ақ бұрыш­тама добы енгізілді.

• 1874 жылдан бастап футболшылар қор­ғаныс «шитоктарын» кие бастады. Сонымен қатар айып доптары белгіленетін болды.

• Алғашқы төрешілер 1873 жылы пайда бола бастады.

• 1878 жылдан бастап төрешілер ысқы­рық­ты пайдаланатын болды. Бұған дейін олар ауызбен ысқыратын немесе қоңы­рау­дың көмегіне жүгінетін.

• 1887 жылы ойынға «офсайд» түсінігі ен­гізілді.

• 1890 жылдан бастап қақпаға тор орна­тылды.

• 1891 жылы қапталдағы төрешілер пай­да болды.

• 1905 жылға дейін қақпашылар 11 метр­лік айып добы кезінде футболшының алдынан жүгіріп шығуға құқы болған. 1905 жылы бұған өзгеріс еніп, қақпашы пенальти кезінде орындаушының аяғы доп­қа тимей тұрып қозғалмау керек бол­ды.

• 1924 жылдан бастап бұрыштамадан гол соғуға рұқсат берілді.

• 2003 жылы футболшыларға ойын ке­зін­де немесе гол соғылғанда жейдесін ше­шу­ге тыйым салынды.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика