Вернуться к списку статей

Қазақ футболының тұма тарихы

Футбол
5K
Қазақстан футболының тарихының адамзатты өзіне баурап алатын осы бір сиқырлы ойынның әлемдік деңгейде туындау және даму кезеңдерімен тығыз байланысты болуы ғажап емес.

Футбол бізге қайдан келді?

Естеріңізге сала кетейік, қазіргі замандағы футболдың ресми танылған «туған» күні – 1863 жылдың 23 қазаны. Дәл осы күні Лондондағы Грейт-Куин-стрит бойындағы «Ерікті тас қалаушылар» дәмханасында жеті клубтың өкілі футболдың бірыңғай ережелер жинағын қабылдап, Англия футбол қауымдастығы құрылғандығын жариялаған. Осылай футбол Британия аралдарынан бүкіл әлемге таралуын бастайды. Әрі, тарихи уақыт бөлігінің қысқа ғана мерзімінде, яғни 50 жылдың ішінде Мәскеу мен Санкт-Петербург арқылы қазақтың сайын даласына да жетеді.

Сол жылдары Қазақстан Ресей Империясының құрамына кіретін. Сондықтан, әуелі қазіргі заманда жоқ бастапқы нұсқадағы елдің астаналарында футболдың таныла бастағандығына, содан соң Қазақстанға да жеткеніне тоқталайық.

Футболдың Ресейде ресми түрде пайда болған уақыты 1897 жыл болып саналады. 24 қазанда Санкт-Петербургтің Васильевский аралындағы кадеттер корпусының алаңында «Спорт» и «Виктория» командалары арасында басылымдарда жазылған, яғни тарихта тіркелген матч өтті.

1912 жылы Бүкілресейлік футбол одағы Халықаралық футбол федерациялары қауымдастығының (ФИФА) толыққанды мүшесі болып қабылданды. Осы ретте, жанамалық түрде болса да, сонда ФИФА-ға Ресей Империясы құрамына кіретін ұлттық аймақтар да енген деп сенім білдіруге болады. Ал олардың арасында Қазақстан да болған.

Дәл сол 1912 жылы Ресей құрамасы алғаш рет Стокгольмде өткен Олимпиада ойындарына қатысты. Айта кетерлігі, бір тұжырымға сай, алты жылдан кейін Олимпиадаға қатысқан сол құрамалардың бірі Қазақстанда Семей құрамасымен кездескен.

Бұл жерде біз Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде майдан тұтқындары ретінде қазақ қаласында болған және сол уақыттағы жағдай бойынша тәп-тәуір команда жасақтаған. Австро-Венгриялық Империяның футболшылары жайлы айтып отырмыз (1918 жылы мамыр айында Семейде қала құрамасы мен Австро-Венгриялық Империяның әскери тұтқындары командасы арасындағы жолдастық кездесулер өтеді).

Енді бір көңіл аударарлығы, Қазақстан және Ресей футболының туысқандық қарым-қатынасын нақтылай түсетін тағы бір дәйек бар. 1911 жылы Ресей құрамасы өз тарихында ең алғашқы ойынын өткізген. Дәл осы 1911 жылды 2 қыркүйек күні Англия құрамасымен өткен матчта Михаил Давидович Ромм команда капитаны мәртебесінде өнер көрсетті. Бір қызығы, кейіннен, нақтырақ айтқанда, 1953 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін М.Д. Ромм Алматыда және Шымкентте тұрып, футбол теориясымен айналысып, журналист болған.

Бірте-бірте футбол Мәскеу мен Санкт-Петербургте ғана емес, басқа да аймақтарда дами бастайды. Қысқа ғана уақыт ішінде Киев пен Севастополде, Тверь мен Харьковте, Ростов пен Николаевта, Юзовкада (қазіргі Донецкіде) және Ярославлде, Краснодар мен Одессада, Ревелде (қазіргі Таллиннде) және Ригада, Омбыда, Иркутскіде және Читада, Скобелевте (қазіргі Ферганда) және Семейде командалар құрылады.

Қазақ футболының отаны – Семей

Осылай, бұл Қазақстанда футболдың Семейден, Қазақстан футболының отаны болып жалпылай танылған қаладан арна тартқандығы ешқандай күмәнсіз тарихи артефактілермен, құжаттармен және куәліктермен нақтылана түседі.

Құжаттық негізде 1912-1913 жылдары Қазақстанда алғашқы футбол клубтары құрылғандығы дәлелденген: «Нептун», ССК (Семей спорттық кружогы), «Ярыш», «Олимп» және «Спорт». Мұны сол кезеңдегі баспасөз кесімді түрде айғақтайды:

«1912 жылы көктемде осы жерде (Семейде – автордың ескертуі) ағайынды Смороденниковтар ұйымдастырған, «Нептун» деген атаумен ойнайтын бірінші футбол командасы пайда болды. Өткен жаз бойы бір өзі ғана жаттығып, ойнады. 1913 жылдың басында Семейде футболға қызығушылар саны арта түсті. Гимназияшылар, студенттер, семинаршылар, сауда-өнеркәсіптік мекемелер қызметкерлері, ерікті-өрт сөндірушілер қоғамы командалары пайда болды. Футболдың бұлай тез дамуы және оған қызығушылар санының көбейе түсуі оның болашағы жарқын болатындығын меңзейді». («Къ спорту!», №35, 13.10.1913 ж.).

Жалпы, бірінші футбол матчының Семейде 1913 жылдың 6-шы, дәлірек айтқанда, қазіргі жыл санау есебі бойынша 19-шы тамызда өткені айдан анық. Газетте жарық көрген дерекке сүйене отырып, «Нептун» және ССК футбол клубтарының кездескендігін долбарлауға болады. Матч тең аяқталған – 1:1. Мақала түпнұсқасының аудармасы төмендегідей:

«Студенттердің сауық-сайраны күні, 6 тамызда студенттер мына бағдарламалар бойынша «Олимпия ойындарын» ұйымдастырды: футбол матчы, 3 шақырымға жүгіру және велосипедпен 6 шақырымға жарысу.

Футбол матчында сауда-өнеркәсібі кәсіпорындары қызметкерлерінің бірінші командасы студенттердің құрама командасымен кездесті, ойынды «Нептунъ» командасының капитаны студентъ Смородинников ұйымдастырды. Студенттер командасының құрамы: Шанявскiй, А. Ивановъ, Вас. Смородинниковъ (капитанъ); Антоновъ, Виссарiоновъ, А. Запаловскiй; Власовъ, Поповъ, Н. Ивановъ, Вяткинъ, Соколовъ.

Олардың қарсыластары: Шубинъ, Наумовъ, Софраневскiй; Московскiй, Пигаревъ, Янгалычевъ; Зайцевъ, Лоскутовъ, Лузьянинъ, Прыжуковъ-Степановъ (капитанъ) и Хорхоринъ.

Студенттер командасы сапында Шанявскiй, Власовъ (орталық шабуылшы) және Поповъ ерекше көзге түсті. Олардың қарсыластары бәрі бірдей жақсы ойнады. Әсіресе Прыжуковъ-Степановъ тамаша ойнады. Бірінші хавтаймда іс ұзақ уақыт бойы нәтижесіз өтті.

Студенттердің қорғанысы ұзаққа дейін қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Бірақ 42 минутта төреші олардың қақпасына гол кіргендігін есепке алды. Осылай бірінші хавтайм студенттердің жеңілісімен аяқталды, екінші хавтаймда студенттер шабуылға көшті. Доп негізінен студенттердің шабуылшыларында, ақыры 33-минутта Поповъ допты қақпаға енгізді. Бұл екінші хавтаймның есебі еді. Яғни матч тең аяқталды – 1:1. Көрермендер көп болды». (Лiйковъ, «Къ спорту!», №39, 10.11.1913 ж.).

Қазақ даласында теңбіл доп додасын дамытқандар

Әрқилы тұжырымдардың бірі бойынша, Қазақстанда футболды дамытуды ұйымдастырушылардың бірі Николай Николаевич Куприянов болған. Ол 1912 жылы Мәскеуден Семейге көпес Прокопий Плещеевке қызметке келіп, өзінің айналасына «аяқпен доп тебетін жаңа ойын» әуесқойларын жинап алып, жаңа құрылған ССК командасының бірінші жаттықтырушысы болған.

Барлық киім-кешектер мен қажетті жабдықтар Куприяновтың талабы бойынша Мәскеуден жаздырып алдырылған. Ең басты сатып алынғаны – футбол добы – шамамен 8 рубльге түскен. Бұл – сол уақыт бойынша өте қомақты сома.

Салыстырып өтер болсақ, патша әскерінің сарбазы айына 22,5 тиын алып отырған. Бұл ақшаға ол күнделікті сарбаздар шайханасынан тостағанмен қосымша тамақ іше алатын болған.

Жалпы, сол кездегі футбол жабдықтары әрдайым спорттық басылымдардың беттерінде жарнамаланып отырған. Мысалы, көпшілікке белгілі Богданов үйінде танымал «Sroom» маркасының бутсылары сатылған, ал британдық «McGregor» және «MMM» доптары ол кезде ең жақсылары болып саналған. Осындай доптардың бірін Куприяновтың өтініші бойынша Плещеевтің Семейге алдыртқаны күмәнсіз.

Алғашқы ойындар мен жаттығулар жабдықталмаған нашар алаңдарда өткізілген: базар алаңдарында, темір жол полотноларында, қаланың Знаменский алаңында.

ССК футбол клубы 1913 жылы құрылған және үнемі өзара ойындар өткізіп тұратын екі ұжымнан тұрған. Куприянов қаладан кетіп қалған соң команданың қалыптасуына Алексей Огородников көп еңбек сіңірген.


Дәл осы ССК командасының мына суреті 1913 жылы 8 (21) қыркүйекте жарыққа шыққан №36 «Русский спорт» журналында жарияланған. Бұл Қазақстанда ресми футбол клубы бар екендігі жайлы бірінші құжаттық дерек болып табылады.

Бұлармен қатар іс жүзінде футболдың танымалдығын арттыруға 1906 жылы озық педагог Р.Елкібаев құрған Семейдің мұғалімдер мектебіндегі оқушылар да сүбелі үлес қосқан. «Нептун» мен ССК пайда болысымен осы мектепте оқитын мұсылман жастарының өкілдері «Ярыш» футбол клубын құрып, олар да талассыз Қазақстан футболының іргесін қалаушылар қатарына қосылды.

«Ярыш» – мұсылман жастары командасы

«Ярыштың» бірінші ұйымдастыру жиналысы 1913 жылы тамыз айының ортасында, өздерінің жоғары мәдениеттерімен және іздемпаздықтарымен танымал Нигматуллиндар отбасының үйінде өткен. Оған 10 адам қатысқан.

Жиналысты өткізуші және команда құру пікірін шабыттандырушы Юнус Нигматуллин қатысушыларға өзі және оның екі көмекшісі Мұхамед Сайдашев пен Ахметсәлім Кәрімов футбол клубын құруға шешім қабылдағандарын мәлімдейді. Оның намысын қорғауға қабылданғандар 14 адам болады.

Команда мүшелері үшін оның құрамына кіру жарнасы 50 тиын болып бекітіледі. Допты ярыштықтарға жергілікті етікші тігіп береді. Әрі нағыз былғарыдан. Рас, алғаш тігілгенінде ол доп-домалақ болып шықпайды. Бірақ шебер тапсырыс берушілерінің өтініштерін тез ескеріп, оны қайтадан тігіп шығады да, Қазақстанда жасалған допты қажетті пішініне келтіреді.

Бір қызығы, қақпаның бағаналары мен белтемірін де «Ярыш» ойыншылары өздері қолдан жасап, матч пен жаттығуларға өздерімен бірге алып келіп отырады.

«Ярыштың» шевроны тігілген зеңгір аспан түстес жейделер мен ойынға киетін қара шолақ шалбарларды оларға қалаға мейілінше танымал көйлек-көншек тігуші Гаффэ Баязитова тігіп берген. Бұл жерде, тігінші қыздың Юнус Нигматуллиннің бөлесі екендігі, әрі отбасы аңызына сүйенсек, осы жігітке ғашық болғаны да маңызды болғандай.

Бір қызығы, «Ярыштың» тұңғыш эмблемасы күні бүгінге дейін сақталған. Юнус Нигматуллиннің қазір Германияда тұратын немере жиені, атап айтқанда, Рамиса Нигмати-Айдхофф, команданың осы нышандық белгісін Қазақстанға беріп жіберген болатын.

1914 жылы «Ярыш» екі командадан құралған: ересектер және жастар. Солардың бірінде кейіннен қазақ әдебиетінің классигіне айналған Мұхтар Әуезов хавбек болған. Онымен бірге «Ярыштың» намысын Ахметсәлім және Ғазиз Кәрімовтер, Қасымхан Мұхаммедов, Салах Хисматуллин, Зиятдин Рыспаев, Мұхаммед Сайдашев, Әміржан Сыздықов, Ғабдулхан Ғаббасов, Мұхамедулла Құрманов, Ғұсман Ямбушев, Сабыржан Ахметшин, Р.Фаизов және Н.Миршанов қорғаған.

Жазушының ұлы Мұрат Әуезов былай деп есіне алады:

«Бұл тек қана футбол емес еді. «Ярыш» ойыншылары басқа да спорт түрлерімен шұғылданды. Сондай-ақ, олар халықтар аспаптары оркестрін құрып, қабырға газетін шығарды».

«Ярыш» туралы пікірімен жергілікті газет бетінде сол кезде команданың ойыншысы Салах Хисматуллин де бөліскен болатын.

«Команда құрылған мезетте біз қай жер болсын, сонда ойнадық – көбінесе, қазір метиз-фурнитура зауыты орналасқан, Мусин диірмені алдындағы алаңқайда. Қазір педагогика училищесі орналасқан, семинария алдындағы базар алаңында...» («Иртыш», 6.11.1973 ж.).

Ал мынау семейлік және республикалық спорт журналистикасының жампозы Евгений Юдиннің жазған мақаласы:

«Гимназия және «Ярыш» футболшылары арасындағы матч қызықты өтіп, қауіпті сәттерге толы болды. Алаң жиегіне жағалай жиналған жанкүйерлер екі команданы да қолдап, демеп отырды. Әйтсе де, «Ярыш», алға!» деген айқай жиі естілді. Гимназияшылардың бірі қарсыласына қарсы ұмтылды, бірақ жартылай қорғаушы оны алдап өтіп, сол қапталдағы шабуылшының ашыла қойғанын көріп, допты оның аяғына салып берді де, өзі алға жүгірді. Сол қапталдағы шабуылшы досының әрекетін түсіне қойды. Оның жауапты пасы тура және дер кезінде орындалды. Қорғаныстағы ойыншылардан ширақ қимылдап, жартылай қорғаушы ала допты тоқтатпай тепті. Доп қақпа тоғыздығына тиді... Ярыштықтар шаршаса да, алаңнан шексіз қуанышпен шығып бара жатты. Хавбек Мұхтар Әуезов пен сол қапталдағы шабуылшы Салах Хисматуллин қарсыластарының қорғанысын қалай сеңдей соғыстырғандарын естеріне түсіріп, күліп бара жатты...» («Иртыш», №158, 11.06.1967 ж.).

Сонымен қатар, 1913 жылы «Олимп» (басқаша нұсқасы «Олимпия») және «Спорт» командалары пайда болды. Бұл командалардың қалыптасуына және жетілуіне Николай Иванов, Евгений Попов және Николай Соколов елеулі еңбек сіңірді. «Олимптің» спорттық киімі өзгеше болған. Ойыншылар жалпақ резина белдіктер тағып, бутсының орнына кәдуескі бәтеңке киген.

Ықшамдаған Нұрғазы Жаппарұлы

Автор: Станислав Сарсеков
Яндекс.Метрика