Қой жылын әртүрлі көңіл-күйде “қорадан» шығарып салған отандық футбол мешін жылын үлкен үмітпен қарсы алып, 2016 жылғы футбол маусымына зор сенім артуда. Әлбетте, кейбір клубтар үшін былтырғы маусым ұмытылмастай тамаша өтті, бұртиып, ренжіп жүргендері де аз емес. Ендеше, ел чемпионатындағы қысқы үзілісті пайдаланып, өткен жылды қай команданың қалай өткізгені туралы аз-кем талдап көрелік. Мақаламыз позитивпен басталып, соңғы жағы кіл негативке толып кетпес үшін біз командалардың турнир кестесіндегі орындары бойынша емес, әліпбиге сәйкес тізуді жөн көрген едік, бірақ қалай айналдырсаң да бәрібір соңғы жағындағылар сынға көбірек ұшырайды екен. Әлде жетістікке жету үшін команданың атауын «А»-дан бастау қажет пе?!
«Ақтөбе» - қола жүлдегер
2005 жылдан бері жүлделі орындардан төмен түсіп көрмеген «Ақтөбе» былтырғы маусымды да өздерінің активтеріне жаза алады. Команда қолаға қол жеткізіп, ел кубогында жартылай финалға дейін жарқылдады. Дегенмен, ішкі чемпионаттан іштері пысқан «ақтөбелік» жанкүйерлер командадан еурододада ерлік күткен болатын. Үміт ақталмады. Алғашқы іріктеу кезеңінде-ақ «қазақстандық пентакампеон» өздерінен әлеуеті де, жағдайы да әлдеқайда төмен Эстонияның командасынан жеңіліп қалды. Одан кейін бас бапкері ауысты. «Папасының баласы», яғни Владимир Газзаевтың орнына Румыниядан Йоан Андоне келді. Бір қызығы, Газзаевтың кезінде «Ақтөбе» турнир кестесінде бірінші орында тұрған, қалай кетті, команда солай төмен түсе бастады.
«Астана» - чемпион
«Астана». О-о-о, «Астанаға» былтыр елордалықтар ғана емес, бүкіл алаш елі жанкүйер болды. Елімізде футболдың тоқтап қалмай, дамып жатқанын дәлелдеген де осы «Астана» еді. Команда Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі ойындарын өткізіп жатқанда бас қалада ғана емес, аймақтарда да жанкүйерлер топ-тобымен жиналып алып, футбол барларында Станимир Стойлов бастаған команданың тілеуін тіледі. Мейлі, ол жанкүйер «шахтерлік» болсын, мейлі «ақтөбелік» немесе «қайраттық» болсын, Чемпиондар лигасындағы матчтарында бар фанатты 90 минутқа өздеріне қаратып алды. Теңбіл допқа қызығатыны, футбол деген ойынды мүлдем түсінбейтіні де елордалық командаға елпілдеп тұрды. Ішкі чемпионатта да іркіліп қалған жоқ, чемпион атанып, келесі маусымда жанкүйерлерді қуантуға тағы бір мүмкіндік алса, ел кубогында финалға дейін жетіп, «Қайратқа» жол берді.
«Атырау» - 5-орын
Әу баста «Атыраудың» үздік алтылықтан орын алу мүмкіндігі көмескі болатын. «Тобыл» мен «Қайсардың» қасында «Атырауды» артық көрген сарапшылар аз болмады. Бірақ Владимир Никитенко бастаған мұнайлы өлкенің командасы чемпионатты сылбыр бастағанымен маңызды бөлігіне келгенде «аттың басын бос жіберіп», алға қарай ойқастады. Тіпті бір кездері екінші орынға да жайғасып көрді. Жақпайды екен, әлде әлі ерте екенін түсінді ме, маусым қорытындысы бойынша 5-орынға тұрақтап, өздерінің әлеуеті зор екендіктерін көрсетті. Әлбетте, осы қарқындарын сақтап қалар болса, команда келесі маусымда да көшбасшыларға тегеурінді қарсылас болары анық. "Ақтөбенің" қазіргі жағдайын жақсы пайдаланып, "Ордабасымен" бірге үздік үштікке де таласуы мүмкін. Алайда оның бәрі қысқы маусымаралық үзілісте құрамын қаншалықты күшейтетіндіктеріне байланысты болмақ.
«Ертіс» (Павлодар) - 6-орын
Дер кезінде есін жиып, іс насырға шауып кетпей тұрғанда дұрыс шешім қабылдаған командалардың бірі - «Ертіс». Жұмысы өнбей жатқан соң мамыр айының басында бас бапкері Дмитрий Черышевті қызметінен босатып, отанына жіберді де, көп ұзамай Болгариядан білікті Димитар Димитровты шақыртты. Жаңа бапкер бұрынғысына қарағанда байсалды, көп сөйлемейтін болып шықты. Тек іспен дәлелдеуді жөн көреді екен. Жазғы трансферлік кезеңде командасының жартысына жуығын алмастырып, «Ертісті» өзіне жақсы таныс, жайлы ойыншылармен толықтырды. Нәтижесінде Черышевтің кезінде 10-орында тұрған керекуліктер қамшыны басып, чемпионатты 6-орынмен аяқтады.
«Жетісу» (Талдықорған) - 11-орын
Тек Өскеменнің «Востогымен» болған електік ойыннан кейін ғана өздерінің Премьер-лигадағы орындарын сақтап қалған талдықорғандықтардың қой жылына деген өкпесі қара қазандай. Біраз уақыт айлықтарын ала алмай, қаржыдан қағажу көріп жүргендерін де жиі еститінбіз. Ресейден алдыртқан "керемет менеджері" де жағдайды құтқара алмады. Бақтарына орай, Қызылорданың «Қайсарына» өткен жыл бұдан да сәтсіз болды, әйтпесе, Бірінші лигаға ұшып кетуден бірден-бір үміткер осы команда еді. Әй, келесі маусым да талдықорғандықтар үшін оңай болмайды-ау. Әзірге "Жетісудан" кетіп жатқандарды ғана көріп жүрміз, есігін ашқандар тым сирек.
«Қайрат» (Алматы) - күміс жүлдегер
Айтпақшы, егер Францияның «Бордосынан» өте алғанда «Қайрат» та қазір «Астана» секілді қаһармандардың қатарында болар еді. Әттең, футболшылар өздерінің күшіне сенбеді, «Бордоны» жеңе аламыз деп ойламады. Әйтпесе, шамалары келіп-ақ тұр еді. «Бір командамыз Чемпиондар лигасында, екіншісі Еуропа лигасында» деп бөркімізді аспанға атып, біз жүрер едік. Дегенмен, сәті түспеді. Одан кейін ішкі чемпионатқа күш салды. Тіпті, бір уақытттары көш тізгінін ұстап та жүрді. Төрт тур бойы төрден түскен жоқ. Алайда Алматыда өткен маусымның ең маңызды матчында басты бәсекелесі «Астанадан» ұтылып, чемпиондықты уысынан шығарып алды. Әу баста «үш жылдан кейін «Қайрат» Қазақстан чемпионы атануы керек» деген тапсырмасы болмап па еді, оны орындай алмаған соң бас бапкері Владимир Вайсс та қызметінен кетті. Қазір көңілге медеу қылатыны Ел кубогы ғана.
«Қайсар» (Қызылорда) - 12-орын
2014 жылғы футбол маусымында үздік бестіктен орын алған команда бір жылдың ішінде бар абыройдан айрылады деп кім ойлаған?! Сол екен ғой, аталарымыздың «Иә, Алла, өзің берген бағыңнан өзің айыра көрме!» деп тілеп отыратыны. Расымен де алам десе әп-сәтте екен, футболшылардың шеберліктеріне де, бапкерлердің біліктілігіне де қарамайды, тіпті қалтаңның қалыңдығы да көмектеспейді. Әйтпесе, «Қайсарда» былтыр нашар ойыншылар болған жоқ. Осының алдында ғана Қазақстан құрамасында капитан болып жүрген Қайрат Нұрдәулетов, жергілікті жанкүйерлердің сүйіктісі Жасұлан Молдақараев, тәжірибелі Фархадбек Ирисметов, Сергей Скорых, Серікжан Мужиков бәрі-бәрі осында ойнады. Мартин Кляйн, Римо Хунт, Вук Митошевич, Эдин Юнузович сынды легионерлері де жаман емес еді. Жаман болмаған соң ғой, соңғысын «Ордабасы» қояр да қоймай алып кетті. Бас бапкері Дмитрий Огай бүгінде Қазақстан ұлттық құрамасының тізгінін ұстаудан үмітті. Ал басқа кейбір клубтардың төрінде айлап жатып алған қаржы дағдарысы қызылордалық командаға мүлдем жақындаған жоқ. Иә, осындай әлеуетке, осындай қолдауға ие команданың қалайша Премьер-лигадан ұшып кеткеніне шынымен де таңданасың.
«Оқжетпес» (Көкшетау) - 8-орын
Маусымның есігін аша салып, Премьер-лиганы өзімсініп кеткен командалардың командалардың бірі - «Оқжетпес». Азулы қарсыластарынан қаймықпаған Владимир Мухановтың командасы «Премьер-лигаға кеше келдік-ау, қиын болады-ау» деп те сескенген жоқ. Бірден атойлап алға шапты да, 2-3-орындарға жайғасып алды. Тіпті, үздік алтылыққа ойланбай өтетін командалардың бірі болып саналған. Алайда чемпионат бел ортасына жеткенде аздап позициясын беріп қойды. Десек те, дебютант үшін 8-орын да жаман емес. Ал мешін жылы көкшеліктер үшін тіптен сәтті болуы мүмкін. Естуімізше, Владимир Муханов командаға өзінің сенімді серкелерінің барлығын жинап жатқан көрінеді. Олай болса, биыл да "Оқжетпес" көшбасшылардың бас ауруына айналары сөзсіз.
«Ордабасы» (Шымкент) – 4-орын
Үнемі үздіктер қатарынан көрініп жүрген командалардың бірі - «Ордабасы». Былтыр да шымкенттіктер төрден орын алып, маусым қорытындысы бойынша 4-орынға жайғасты. Сәйкесінше, келесі жылы Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде ойнайтын болады. Еуропа лигасы демекші, өткен жылы да «Ордабасы» осы турнирде бағын сынаған. Бірақ Израильдің «Бейтарына» бата алмады. Шамалары да жетпеді. Енді қайтсін, Шымкенттің аптаған ыстығында футбол ойнау былай тұрсын, сағат 18:00-де алаңға шығудың өзі азап қой. «Ордабасы» жанкүйерлері үшін өте маңызды болған ойынды осы уақытқа белгілеу кімнің басына келген ақыл екен?! Әлде алып шаһар айналдырған бір стадионның жарығын ретке келтіре алмай ма?
«Тараз» - 9-орын
«Тараздан» жанкүйерлер жылда үлкен үміт күтеді, бірақ жылда клуб үмітті ақтамайды. Бүгінде дәстүр болып қалғаны соншалық, 9-орын «әулие-аталықтар» үшін заңдылық сияқты көрінеді. Соңғы рет команда 2013 жылы ел кубогының финалына жетіп, таңғалдырған. 2012 жылғы чемпионатта 4-орынды иемденген. Қазір оның барлығы тәтті түс секілді. Жыл сайын ел футболына бір таланттан сыйлап отыратын «Тараз» етігі жоқ етікшінің күйін кешіп келеді. Өткен маусымның бас жағын аздап бүлдіріп алды. Дегенмен, көп ұзамай естерін жиып, көшке қосылған. 12-турға дейін үздіктермен арпалысып, турнирдің 5-6-сатысында жүрді. Алайда одан арыға шамалары жеткен жоқ, қатарынан төрт ойында үздік төрттік, яғни "Ақтөбе", "Қайрат", "Ордабасы", "Астанадан" ұтылып, 9-орынға бір-ақ түсті.
«Тобыл» (Қостанай) - 7-орын
«Тобылдың» тынысы енді ашылатын шығар. Өйткені, Қостанайға футболды бар ынтасымен сүйетін әкім келді. Ал әзірге «Тобыл» үшінші жыл қатарынан үздік алтылықтан тыс қалып қойды. Бірінші турда-ақ Алматының "Қайратымен" кездесіп, ойсырай жеңілген команда есін тек армениялық бас бапкер Вардан Минасянның орнына жергілікті маман Сергей Масленов келгенде ғана жиды. Масленовтың баптауымен қостанайлықтар тәп-тәуір ойнап, қоржындарын қомпайта бастағанымен үздік алтылықтан орын алуға екі ұпайы жетпей қалды. Ел кубогында да "Тобылдың" жағдайы оңған жоқ. Тек ЦСКА, «Жетісу» сынды командалар тап болған соң ғана жартылай финалға жетті, әйтпесе одан да ертерек ұшып кетуі мүмкін еді.
«Шахтер» (Қарағанды) - 10-орын
2014 жылдың ортасына таман басталған «Шахтердің» ауруы былтыр әбден қозды. Жалақыларын жарты жылдап ала алмаған футболшылар басшылыққа жалтақтаудан жалығып, ақыры алаңға шықпай қоямыз деп қорқытты. Тіпті, кейбір ойындарға лидерлері бармай қалып та жүрді. Бірінші лигаға ұшып кетуден бірден-бір үміткер де осы «Шахтер» болатын. Алайда, «әне кетеді, міне кетеді» деп хал үстінде жатқан жерінен «кеншілерді» «Жетісу» мен «Қайсар» құтқарып алды. Әйтпесе, кей жанкүйерлер бұл командадан күдерін Қарағандыда біраз басшылар қамала бастағанда-ақ күдерін үзген-ді. Дегенмен, кенет жағдай өзгеріп, бұлт астынан күн шықпаса, қарағандылық команда келесі жылы да дәл осындай күйді кешуі әбден мүмкін.
Иә, Қой жылын Премьер-лига командалары осылай өткерді. Біріне жайлы болды, біріне жайсыз тиді. Енді Мешін жылының қай клубтарға мерейін төгіп, кімдердің мазасын қашыратынын маусым соңында байқаймыз.