«Ұлытау» клубы қалай құрылды?
Ұлытау облысы — еліміздің орталығында орналасқан аймақ болғанымен, инфрақұрлым тұрғысынан көп облыстан артта қалған. Айналасы толған кен орындары, бірақ әлеуметтік және басқа да шешілмеген мәселе көп. Облыс орталығы Жезқазған қаласы 25 жыл Қарағандының құрамында болды. Тек осыдан 3 жыл бұрын ғана бөлініп шықты. Сөйтіп, бұл аймақта қайтадан футболға көңіл бөліне бастады.
Сол кездегі облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы «Ұлытау» деген команда құрып, оның басшылығына Талғат Байсуфиновты шақырды. Ұлттық құрамада екі рет бас бапкер болған елдегі білікті мамандардың бірі қазір Жезқазған футболын көтеруге шыңдап кірісіп кетті.
Байсуфинов директорлық ететін клуб алдымен 2023 жылы екінші лигада чемпион атанды. Ал былтыр «Оқжетпесті» алға жіберіп, бірінші лигада екінші орын алды. Сөйтіп, биыл заңды түрде премьер-лигада ойнауға мүмкіндік берілді.
Клубтың бас бапкері қызметін Ақмола футболының өкілі Иван Азовский атқарады.
Ал спорт директорына Талғат Маруаұлы алыстан адам іздемей, Виталий Лиді тағайындаған екен. 31 жастағы маман өзі осы өңірдің тумасы. Қазақ тілін жақсы меңгерген Ли футболшы ретінде «Шахтер», «Қазақмыс», «Қайрат», «Астана», «Ертіс», «Ордабасы», «Атырау» клубтарында ойнаған.
Команда құрамы
Премьер-лигадағы дебют маусымға «Ұлытау» Дмитрий Непогодов, Сергей Кейлер сияқты тәжірибелі ойыншыларды шақырды. Легионерлерден былтыр Грузия чемпионатында доп тепкен испаниялық Хосе Каррильо Мансилья, ресейлік Георгий Бугулов, украиналық Ярослав Терехов пен Бека Вачиберадзе, молдовалық Николай Солодовников пен Вадим Пайрели бар.
Жаңа маусымға тіркелген құрам:
Қақпашылар:
№ 35 Станислав Павлов (Қазақстан)
№1 Дмитрий Непогодов (Қазақстан)
№40 Станислав Щербаков (Қазақстан)
Қорғаушылар:
№3 Сергей Кейлер (Қазақстан)
№4 Максим Чалкин (Қазақстан)
№5 Демият Сламбеков (Қазақстан)
№2 Рафкат Аслан (Қазақстан)
№ 22 Бекжан Рзатаев (Қазақстан)
№7 Дінмұхаммед Қашкен (Қазақстан)
№19 Хосе Мансилья Каррильо (Испания)
№28 Георгий Бугулов (Ресей)
№23 Доминик Боловинцев (Қазақстан)
Жартылай қорғаушылар:
№21 Асқат Ермекұлы (Қазақстан)
№12 Қуандық Нұрсұлтанов (Қазақстан)
№10 Абзал Таубай (Қазақстан)
№ 95 Вадим Паирель (Молдавия)
№6 Ярослав Терехов (Украина)
№8 Бека Вачиберадзе (Украина)
Шабуылшылар:
№20 Рамазан Абылайхан (Қазақстан)
№15 Бағдат Данияров (Қазақстан)
№17 Жасұлан Молдақараев (Қазақстан)
№ 77 Мағжан Шауымбай (Қазақстан)
№11 Байжан Мәделхан (Қазақстан)
№9 Николай Солодовников (Молдавия).
Жезқазғанға Мерей Әбілова келетін болды
Жылда команда ауыстыратын қорғаушы Димаш Қашкен жаңа маусымды «Ұлытау» сапында бастамақшы. Былтыр «Хан Тәңірімен» бірінші лигада өнер көрсеткен футболшы енді премьер-лигада бағын сынамақ.
Айтпақшы, Жезқазған сияқты қаладан жұлдыздар өмір сүруге аса құлықты емес. Дегенмен осыған дейін шахмат жұлдызы Жансая Әбдімәлік қоныс аударса, енді Димаш Қашкенмен жұбайы, блогер Мерей Әбілова да келетін болды.
Жезқазған футболы не білеміз?
Жезқазғанда ең алғаш кәсіби футбол клубы 1967 жылы құрылған. Ең алғаш «Еңбек» деп аталған. Кейін «Горняк», «Джезказганец», «Металлург», «Металлист», «Ұлытау» деп команда атын бірнеше өзгерткен.
Біз білетін «Еңбек» Қазақстанның жоғары лигасында үш маусым ойнаған. Атап айтсақ, 1993, 1996 және 1997 жылдары болды. Соңғы рет 2001 жылы бірінші лигада өнер көрсетті. Ал 2002 жылы клуб тарқады.
Жезқазған футболының басты жұлдызы кім?
Жезқазған футболы дегенде көпшіліктің есіне бірінші кезекте Баян Бадағұлов түседі. Ол ұзақ жыл өз туған жерінде доп тепкен. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында құрылған алғашқы ұлттық құрамаға шақырту алған футболшылардың бірі. Кейін «Шахтер», «Қайсар» командаларында ойнады.
Сондай-ақ кейінгі жылдары әр түрлі клубтарда басшылық қызмет атқарған Ғалым Ибраев та Жезқазған футболының мақтанышы.
«Қазақмыстың» құрылуы
Жезқазған командасы жабылған соң, іргедегі Сәтбаев қаласында «Қазақмыс» клубы құрылған. Өңірдегі ең ірі компанияның атауын алған футбол клубы 2006 жылдан бастап, бірінші лигада ойнады. Бірден бас бапкерлікке Бразилиядан маман да шақыртқан болатын. Келесі екі маусым қатарынан клуб бірінші лигада чемпион атанды. Сөйтіп, премьер-лигаға жолдама алған. Алғашқысында жоғары топта ойнауға қаржы жетіспесе, 2009 жылы клуб бәрібір де тәуекел етті. Сол жылы 14 команданың ішінде 12-орын алды. Келесі жылы клубтар саны қысқаратын болғандықтан, бірден үш команда бірінші лигаға түсті. Оның бірі – «Қазақмыс».
Бірақ «Қазақмыстың» да ғұмыры ұзақ болмады. Айналдырған бес жылдың ішінде клуб жабылып тыңды. Дегенмен «Қазақмыс» қазақ футболына Гейсар Алекперзаде есімді шабуылшыны таңытты.
Айтпақшы, Гейсар әлі күнге 126 голмен бірінші лиганың сұрмергені саналады. Бірнеше клубта спорттық директор қызметін атқарған ФедорСиминиди де футболшы ретінде осы «Қазақмыста» танылған.
Жаңа облыс- жаңа үміт
«Қазақмыс» жабылған соң, аймақта футболдың дамуы мүлдем тоқтап қалды. Кәсіби футбол клубы болмаған соң, жас балалардың бой түзейтін бойтұмары болмайды. Абырой болғанда 2022 жылы «Ұлытау» облысы құрылып, жаңа команданың ашылуына сеп болды.
Қазір «Ұлытаудың» бюджеті мен мүмкіндігі көп болғанымен, жоспарлары көп секілді. Енді жаңа дебютанттың ойынын тамашалау жанкүйерлерге де қызық болса керек.
Сұмергендер
Бір қызығы, «Ұлытау» клубы екі маусым ғана ойнаса да, сол екі жылда да өздері қатаысқан лиганың үздік сұрмергені атағын жеңіп алды. Мысалы, 2023 жылы екінші лигада Ерсұлтан Төреқұл 32 гол салып, екінші орындағы ойыншыдан 18 голға асып кетті.
Ал былтыр Жасұлан Молдақараев 25 матчта 19 доппен бірінші лигада бомбардир болды.