Қазір суперорта салмақта (76,2 келі) Сауль Альвареске тең келер ешкім болмай тұр. Промоутері Оскар де ла Хойямен аралары үзілген соң, мексикалық жұлдыз бір-екі жекпе-жек ұйымдастыру үшін әртүрлі промоутерлердің қысқа мерзімді қызметтерін пайдаланатын болған. Ал ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша соңғы бес жылда ешкіммен байланыс орнатпаған. Осы жолы Альварес Турки Әл ал-Шейх басқаратын Riyadh Season компаниясымен төрт жекпе-жек ұйымдастыруға келісімге келді.
Төрт жекпе-жек әдетте Канело үшін екі жыл. Ол жылына мамыр және қыркүйекте кездесу өткізіп тұрады. Өйткені Мексикада мамыр мен қыркүйекте Синко де Майя және Тәуелсіздік күні ерекше тойланады. Сол күндері Альварес рингке шығып жүр. Riyadh Season компаниясымен келісімге келген соң, ол америкалық Теренес Кроуфорд, орта салмақтағы әлемнің экс-чемпионы Джермалл Чарло, француз Бруно Сурастар бар. Тіпті, 2022 жылы есесі кеткен Дмитрий Биволмен де реванш болып қалуы ықтимал.
Жәнібек Әлімханұлымен кездеспей жүрген британиялық Хамза Шираз қарсылас атанып қалуы мүмкін. Шираз тек 22 ақпанда Карлос Адаместі жеңсе ғана Канелоға қарсылас атана алады.
Енді осы жердегі тосынсый тізімде Джейк Пол жоқ. Бокстағы шоуменмен жекпе-жек қыруар табыс әкелетін болса да, Riyadh Season басшысы мұны қаламайды. Пол алғашқыда баскетболшылармен жекпе-жек өткізіп жүрді. Кейін аралас жекпе-жек шеберлерін рингке шақырды. Ал былтыр қарашада кәсіпқой бокстың аңызы Майк Тайсонға жетті. Оны төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңді.
«Темір Майк» ол кезде 58-де болса, қарсыласы бар-жоғы 27-де еді. Пол мұнымен тоқтамай, әлем чемпиондары – Бетербиев пен Канелоны жекпе-жекке шақырды. Канело жалпы мұндай кездесуге қарсы емес. Бірақ Riyadh Season компаниясымен келісім деген нұсқа пайда болды. Басшысы Турки Әл аш-Шейх бірден тек кәсіби спортшылармен шығасың деп кесіп айтқан. Ешқандай поп-боксшылармен жекпе-жек өткізуіне болмайды.
Пол треш-ток әңгіменің шебері және адамдарды қалай ашуландыруды біледі. Бірақ ол 2027 жылға дейін Канеломен жекпе-жек өткізбейтінімен келісуі керек сияқты (осы уақытқа дейін мексикалық зейнетке шығуды жоспарлап отыр).«Канело Альварес Джейк Полмен кездесуден қорқып қалды. АҚШ жерінде оны қолдайтын мексикалықтарды сыйламай отыр. Канело біреудің құлына айналды. Альварес спорттық карьерасында рингтің сыртында бокстың дамуына ештеңе істеген жоқ. Мен бокстағы жаңа бейнемін. 2025 жылы менің қатысуымсыз ешқандай ірі жекпе-жек өткізе алмайсың. Сенің ұйымдастыратын іс-шараларын сәтсіздікке ұшырап, ақшаңды ақтамайды. Сол кезде бұл спорт түрінде кімнің кароль екенін түсінесіің. Мен өз-өзіме қожайынмын. Барлығы менің сәтсіздігімді көргісі келеді, бірақ Құдайдың басқа жоспары бар», - дейді блогер.