Вернуться к списку статей

​«Барыстың» жаңа бапкері алғашқы жеңісіне қол жеткізді

Хоккей
150

«Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының кезекті ойынында Астанада «Сочиді» қабылдап, овертаймда жеңіске жетті.

Екі команда бұған дейін 19 мәрте кездескен. Оның 12-і елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік команда жеңіске жетіпті. Осы жолы өзара 20-матч өтті.

Бірінші кезеңде екі команда бірден белсенділік танытып, бір-бір шайбадан алмасып алды. Есепті 1-минутта «Барыстың» экс-шабуылшысы Джереми Бракко ашты. Дегенмен, 4-минутта Энтони Камара таразы басын теңестіріп үлгерді.

Екінші 20-минуттықта дәл осылай өрбіді. «Барыстан» Давид Скленичка, «Сочиден» Кирилл Рассказов мергендік танытты.

Үшінші кезең голсыз аяқталды. Жеңімпаз овертаймда анықталды. Ойынның бітуіне 30 секунд қалғанда Аркадий Шестаков «Барыстың» 4 матчқа созылған жеңіссіз сериясын аяқтады.

Енді елордалық клуб алдағы ойынын 28 желтоқсанда елордада Ресейдің «Авангард» (Омбы) командасымен жолығады.

Бұл Олега Болякиннің бас бапкердің міндетін атқарушы болып тағайындалғалы алғашқы жеңісі.

«Барыс» 33 ұпаймен Шығыс Конференциясында әлі соңғы орында тұр.

«Тартысқа толы ойын болды. Жанкүйерлердің бәрі осы матчта жеңіс күтті. Жігіттер бапкерлер штабының мақсатын түсіне бастады. Бүгінгі матчта бірнеше өзгеріс енгізуге тура келді. Енді алда «Авангард» және «Трактормен» өтетін кездесу бар. Соған дайындаламыз», -дейді Олег Болякин.


Автор: Асфендияр Жанаділ
Яндекс.Метрика