Вернуться к списку статей

Футзал: Португалияны жеңгенімізбен, Аргентина адымымызды аштырмады

Футзал
9K
Өзбекстанда өтіп жатқан футзалдан ХХ әлем чемпионаты мәресіне де таяп қалды. Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасы жаһандық доданы сәтті бастағанымен, ширек финалда аяқтауға мәжбүр болды. 1/8 финалда біздің жігіттер 2021 жылғы әлем чемпиондары – Португалия құрамасын 2:1 есебімен жеңгенімен, ¼ финалда 2016 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы Аргентинада айласын асыра алмады.

Үш жыл бұрынғы есе қайтты

Қазақстан құрамасы әлем біріншілігінің топтық кезеңінде Испания, Жаңа Зеландия және Ливия құрамаларымен D тобында ойнап, үш турда 7 ұпай жинады. Сөйтіп топтан плей-офф кезеңіне екінші орынмен жолдама алып, 1/8 финалда ә дегеннен ескі қарсыласымыз, 2021 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы Португалия құрамасына тап болды.

Жорже Браз жаттықтыратын Пиреней түбегінің өкілдерімен Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында осымен үшінші мәрте жолығып, алғаш рет жеңіске жетті. Бұған дейінгі екі ойында футзалшыларымыз қарсыластарына жол берген еді. Мәселен, 2000 жылғы біріншілікте Португалия 6:2 есебімен басым түссе, 2021 жылы Литвада өткен жаһандық доданың жартылай финалында Португалия пенальти сериясында 4:3 есебімен жеңіске жеткен.
Дегенмен, бұған дейін Қазақстан Португалияны Еуро-2016 іріктеу кезеңі аясында бір мәрте жеңген. 2015 жылы өткен матчта Қазақстан құрамасы 3:1 есебімен басым түскен еді.

Португалиямен өткен ойынға тоқталар болсақ, кездесудің есебін 11-минутта Шыңғыс Есенаманов ашып, бірінші таймда Қазақстан құрамасына басымдық сыйлады. Екінші тайм басталған бетте Португалия ойыншысы Зики Те мергендігімен көзге түсіп, таразы басын теңестіріп кетті. Дегенмен, матчтың аяқталуына 14 секунд қалғанда Дәурен Тұрсағұлов бұрыштамадан кейін гол соғып, Қазақстан құрамасына маңызды жеңісті сыйлады. Осылайша Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпиондарын жеңіп, ширек финалға жолдама алды.

Жалпы, Әндіжан қаласындағы «Әндіжан» спорт кешенінде біздің жігіттер үш ойын өткізіп, үшеуінде де жеңілген жоқ. Алдымен бірінші турда Испаниямен (1:1) тең ойнаса, екінші турда Ливия футзалшыларын 4:1 есебімен тізе бүктірген еді. Жалпы, біз үшін «Әндіжан» спорт кешені сәтті алаң болды деуге болады.

Аргентина алдап соқты

30 қыркүйек күні әлем чемпионатының ширек финалында Қазақстан құрамасы Аргентина футзалшыларымен кездесті. Екі ел ойыншылары бүгінге дейін үш мәрте кездесіп, екі құрама бір-бір мәртеден жеңіске жетіп, бір рет тең ойнаған. 2016 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі алғашқы ойында аргентиналықтар 1:0 есебімен жеңіске жетсе, жуырда Алматыда ұйымдастырылған жолдастық кездесуде біздің жігіттер 3:2 есебімен басым түскен еді. 2017 жылы «Таиланд корольі кубогі» ойынында тең ойнаған (0:0).

Балуан Шолақ атындағы спорт сарайындағы кездесуде Қазақстан құрамасы Оңтүстік Америка өкілін тізе бүктірген соң жанкүйерлердің көпшілігі бұл ойында ұлттық құраманың жеңісіне сенімді болды. Алайда Аргентина футзалшылары ұлттық құрама өкілдерін де, жанкүйерлерді де алдап соғып, Ташкенттегі «Хумо Арена» спорт кешенінде өткен ойында 6:1 есебімен жерлестерімізді тас-талқанын шығарды.

Бірінші тайм тең дәрежеде өтті. Екі құрама да ойын барысында бірнеше қауіпті шабуыл жасап, гол соғуға тырысты. Алайда бұл сәтте қақпашылар қырағылық танытты. Үзілістен кейін қарсыластар бірден қарқынын күшейтіп, бірінен-соң бірі гол тастай бастады. Қорытынды есеп – 1:6. Ұлттық құрама сапынан жалғыз голды Дәурен Тұрсағұлов соқты.

Матчтан кейін Игита ойын туралы пікірін айтып, бұл әлем біріншілігі карьерасындағы соңғы чемпионаты екенін мәлімдеді.


«Бірінші таймда жақсы ойнадық. Екінші таймда Аргентина оңтайлы сәтті күтіп, қателіктерімізді тиімді пайдаланып кетті. Үшінші голдан кейін біз ойынды бақылауымыздан шығарып алдық. Дегенмен, еңсемізді тік ұстауымыз қажет. Біз бұл біріншілікте жақсы ойнадық. Біз бір отбасымыз. Бұл менің соңғы әлем чемпионатым. Қазақстан халқына алғысымды білдіргім келеді. Тіпті 1:6 болып ұтылып жатқанда да соңғы секундқа дейін қолдады. Еуро-2026-ға қатысуға денсаулығым жетеді», - деді ол.

Ал Қазақстан құрамасының бас бапкері Кака жауапкершілікті өз мойнына алып, жеңілістің себептерін атады.

«Ойынымызға лайық нәтиже болды. Бүгін өз деңгейімізден алыс болдық. Команданы жігерлендіре алмағаным үшін, ойын барысында лайықты сөздер таба алмағаным үшін жауапкершілікті өз мойныма аламын. Бүгін құрама тарихындағы ең нашар ойын болды. Үш күн бойы «жарайсыңдар» деген сөзді естіп келдім, ал бүгін жанкүйерлердің мынадай қолдауына лайық болмадық. Әрі қарай жұмыс істейміз. Өмір мұнымен тоқтап қалмайды. Жекелей қателіктер болған жоқ. Команда бапкері, көшбасшысы ретінде кез келген теріс пікірге дайынмын», - деді Кака.

Яндекс.Метрика