Футболдан Қазақстан премьер-лигасы қайта жалғасты. Ұлттық құраманың ойынына байланысты ұзақ үзілістен кейін сенбі күні екі матч ойналды.
Алдымен Қарағандыда «Шахтер» мен Түркістанның «Тұран» клубы кездесті. Бұрын наурызда Қарағандыда стадион дайын бола бермейтін. Осы жолы әйтеуір үлгеріпті. Бірақ команданың ойыны әзірге премьер-лигаға сай болмай тұр.
Жалпы, алғашқы екі турда қос ұжым да қарсылас қақпасының кілтін таба алмаған еді. Дегенмен, «Тұран» өз алаңында «Қайратпен» тең түсті. Бұған дейін клубтар 2022 жылы ел чемпионатында жолығып, 0:0 есебімен тарқасқан. Оның үстіне «Тұран» 2021 және 2022 жылдары гол ең аз соққан командалардың қатарына кіреді.
Кездесу Игорь Солошенко шәкірттері үшін тағы да сәтсіз аяқталды. Қарсылас команда мәселені бірінші таймда-ақ шешіп тастады. Леонардо Вака мен Бранислав Слука соққан екі гол «Тұранға» жеңіс сыйлады.
«Шахтер» (Қарағанды) – «Тұран» (Түркістан) – 0:2
Голдар: Вака, 7 (0:1). Слука, 39 (0:2).
Екінші ойын Атырауда өтті. Мұнайшы стадионындағы ойында алаң иелері «Жетісу» командасымен жолықты.
Бұл ойында қонақтар жеңіске жетті. Кездесудегі жалғыз голды «Жетісу» сапына 11 жылдан кейін оралған Серікжан Мұжықов салды. Сөйтіп, Қайрат Нұрдәулетов шәкірттері маусымдағы алғашқы үш ұпайларына қол жеткізді.
Алаң иелерінің таразы басын теңестіретін мүмкіндігі болған. Бірақ 77-минутта Игорь Стасевич 11 метрлік айып добын сәтті орындай алмады.
«Атырау» (Атырау) – «Жетісу» (Талдықорған) – 0:1
Гол:Мұжықов, 73 (0:1).
Ертең «Қызылжар» (Петропавл) мен «Тобыл» (Қостанай), «Ақтөбе» мен «Жеңіс» (Астана), «Астана» мен «Елімай» (Семей), «Ордабасы» (Шымкент) мен «Қайрат» (Алматы) командалары арасында үшінші турдың қалған ойындары өтеді.