Вернуться к списку статей

Премьер-лига өз мәресіне жетті. Жүлдегер мен қоштасқандар анықталды

Футбол
213

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының 2023 жылғы маусымы өз мәресіне жетті. Чемпион бір тур бұрын анықталды. Соңғы турда күміс және қола жүлдегер белгілі болды. Сонымен қатар үш команда бірінші лигаға түсті.

Премьер-лиганың 26-туры Жалпыұлттық аза тұту күніне тура келді. Сондықтан стадионға көрермен кірмеді. Матчтар Қарағандыдағы шахтадағы апаттан қаза тапқандар еске алумен басталды.

«Атырау» (Атырау) – «Қайрат» (Алматы) – 0:0

Пенальти сала алмады: Нойок, 41.

«Қайрат» бұл ойынға жай келе салғаны көрініп тұрды. Ешқандай мотивация жоқ, әйтеуір 90 минут доп теуіп шығу керек болды. Ал «Атырау» үш ұпайға лайық болған. Бірақ шабуылшылары мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Тіпті, пенальтиден мүлт кетті. Ойын 0:0 есебімен аяқталды.


«Қызылжар» (Петропавл) – «Қайсар» (Қызылорда) – 0:1
Гол:
Загре, 83 (0:1).
Пенальти соға алмады:Граф, 68.

«Қайсар» бұған дейін өз алаңында «Атырауды» 1:0 есебімен жеңген. Содан кейін алтыншы орынға көтерілген. Команда келесі жылы әкімдіктен бюджет сұрағанда абыройлы болу үшін соңғы ойынды да өз пайдаларына шешу қажет еді. Сөйтіп, Петропавлға барып, барлық мәселесі шешіліп қойған «Қызылжардан» үш ұпай алды. Негізі Әли Әлиев шәкірттерінің есеп ашатын керемет мүмкіндігі болған. Бірақ қорғаушы Иван Граф бұрынғы командасының қақпасына пенальти алмады.

Футболдағы «Сен соқпасаң – саған салады» қағидасы жүзеге асты. Келесі бір шабуылда қорғаушы Загре жеңіс голын соқты. Ол «Атырау» қақпасынан да саңылау тапты.

«Қайсардың» қазіргі бюджеті, құрамын салыстырсақ, алтыншы орын – жоғары нәтиже. Ал «Қызылжар» маусымды бесінші орынмен аяқтап отыр. Солтүстік командасы соңғы алты ойында бірде-біреуін ұтпады.


«Ақсу» (Павлодар) – «Тобыл» (Қостанай) – 0:3

Голдар:Забелин, 61 (0:1). Иванович, 69 (0:2). Дебле. 79 (0:3).

«Ақсу» жайлы айтатын ештеңе жоқ. Жыл басында амбициялары жоғары еді. Бірақ маусымды соңғы орынмен аяқтады. Ауыстырған бапкері де қатырған жоқ. Вахид Масудовтың Қазақстанда жаттықтырмаған командасы қалмады. Осы жолы «Ақсумен» бірінші лигаға кетті.

«Тобыл» соңғы ойынды жеңіспен аяқтады. Енді Қазақстан кубогының финалына дайындалуы тиіс.


«Оқжетпес» (Көкшетау) – «Мақтаарал» (Атакент) – 1:1

Голдар: Чарльстон, 3 (0:1). Жұмаханов, 90+2 (1:1).

«Оқжетпес» Астанада «Мақтааралды» қабылдаған. Егер осы ойында жеңіске жеткенде көкшетаулықтар өз орындарын сақтап қалар еді. Бірақ 3-минутта жылдам гол жіберіп, жағдайын қиындатты. Тек матчтың аяқталуына санаулы секундтар қалғанда Санат Жұмаханов таразы басын теңестірді. Сөйтіп, «Оқжетпес» маусымды 12-орынмен аяқтап, премьер-лигамен қоштасты.

Мұндай командалардың премьер-лигада жүруінің өзі федерацияға сын. Өйткені «Оқжетпес» биыл бірде-бір ойынын өз алаңында өткізе алмады. Стадионы жоқ клубтарды жазалайтын кез келген тәрізді.


«Каспий» (Ақтау) – «Ордабасы» (Шымкент) – 1:0

Гол: Аврич, 75-пенальтиден (1:0).

Ақтауда «Ордабасы» командасына жақсы құрмет көрсетілді. Еліміздің су жаңа чемпиондары қошеметке бөленді. Қонақтар барлық мәселе шешілген соң, жеңіске жетуге де ұмтыла қоймады. Биыл алаңға сирек шыққан футболшыларын ойнатты. Сөйтіп, алаң иелері 1:0 есебімен жеңіске жетті. Бірақ бұл үш ұпай бірінші лигадан құтқарып қалмады. «Каспий» келесі маусымды төменгі топта өткізеді.

Жыл басында «Каспий» басшылары да үштіктен көрінуді мақсат еткен. Алайда бар-жоғы 20 ұпай жинап, чемпионатты 13-орынмен аяқтады. Үш рет бапкер ауыстырды.

«Шахтер» (Қарағаны) – «Астана» (Астана) – 1:1

Голдар: Шацкий, 25-автогол (0:1). Тәтібаев, 53 (1:1).

Дәл осы күні Қарағандыда 46 кенші қаза тауып, Жалпұлттық аза тұту күні болды. Ауа-райы да қолайсыз болды. Алаң иелеріне басты мақсат премьер-лигада қалу еді. Игорь Солошенко елорда командасымен тең ойнады. Бұл команданың келесі маусымда да жоғары топта ойнауына жеткілікті болды. «Шахтер» премьер-лигадан төмен сырғымаған еліміздегі жалғыз команда.

Матчтың басында Владислав Прокопенконың голы қақпашы Игорь Шацкийге жазылды. Екінші таймда Айдос Тәттібаев таразы басын теңестірді.

«Астана» чемпионатты екінші орынмен аяқтады. Егер Қазақстан кубогын «Ордабасы» жеңсе, Еуропа лигасында, «Тобыл» алсаУЕФА Конференция лигасында ойнайды.

«Актөбе» (Ақтөбе) – «Жетісу» (Талдықорған) – 2:2
Голдар:
Шина, 6 (1:0). Рушевич, 32-пенальтиден (1:1). Рушевич,38-пенальтиден (1:2). Самородов, 53-пенальти, (2:2).
Алаңнан қуылды: Хасейн, 52.

Асқар Қожабергенов әйтеуір «Жетісу» командасын премьер-лигада алып қалды. «Ақтөбеге» қола жүлде бұйырды. Матчта үш пенальти тебілді. Екі команда тең нәтижеге ризашылық білдіріп, тарқасты.

Турнир кестесі

Команда

О

Ж

Т

Ж

Д-а

Ұпай

1

«Ордабасы»

26

18

4

4

48-21

58

2

«Астана»

26

16

5

5

35-24

53

3

«Ақтөбе»

26

13

11

2

44-21

49

4

«Қайрат»

26

12

8

6

44-32

44

5

«Қызылжар»

26

11

6

9

25-23

39

6

«Қайсар»

26

10

6

10

31-30

36

7

«Атырау»

26

8

10

8

24-27

34

8

«Тобыл»

26

9

7

10

29-33

34

9

«Мақтаарал»

26

8

5

13

29-32

29

10

«Шахтер»

26

7

8

11

31-36

29

11

«Жетісу»

26

8

5

13

27-38

29

12

«Оқжетпес»

26

7

6

13

26-37

27

13

«Каспий»

26

4

8

14

28-44

20

14

«Ақсу»

26

5

3

18

23-44

18

Үздік сұрмергендер:


17 – Жоао Пауло («Қайрат»)

11 – Тағыберген («Ордабасы»)

8 – Козлов («Атырау»), Бородин («Қайсар»), Кәрімов («Мақтаарал»), Айымбетов («Астана»)

7 – Абдихоликов («Ордабасы»), Свиридов («Шахтёр»), Эффионг («Атырау»), Шушеначев («Қайрат»), Дебле («Тобыл»)

6 – Панцулая («Каспий»), Кеңесов («Ақтөбе»), Томасов («Астана»), Чогадзе («Шахтёр»), Рушевич («Жетісу»)

5 – Т.Сильва («Ақсу»), Совпель («Қайсар»), Димитров («Оқжетпес»), Чесноков («Тобыл»), Дарбо («Астана»), Қасым, Алвеш, Самородов (бәрі - «Ақтөбе»), Таттыбаев («Шахтёр»)

4 – Сантана, Филипович (екеуі де – «Ақтөбе»), И.Сергеев («Тобыл»), Витор Родригес, Чиканчи, Имнадзе (бәрі де – «Қызылжар»), Приндета («Қайсар»), Садовский, Малый (екеуі де – «Ордабасы»), Жаңғылышбай («Мақтаарал»), Д.Сергеев («Қайрат»).

12426

Автор: Бек Төлеу
Яндекс.Метрика