Әйелдер арасындағы Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметіне Айтбай Жамантаев тағайындалыпты. Айтбай бұған дейін осы құраманың аға жаттықтырушысы міндетін атқарып келген. Ол бұл қызметте болгар маманы Калоян Петковты ауыстырып отыр.
Айтбай Жамантаевқа өзіміздің тағы бір отандық маманымыз, яғни Владимир Ляпкин көмектесетін болады. Көктемде еліміздің әйелдер арасындағы құрамасы 2019 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирін бастайды. Біздің құрама тоғызыншы електік топқа түскен. Қарсыластары – Эстония, Латвия, Грузия қыздары. Бұл топтың ойындары 6-11 сәуірде Қап тауы етегінде өтеді.
19 жасқа дейінгі Қазақстан қыздар құрамасын Петр Пак жаттықтыратын болды. Ол бұл қызметте Украина маманы Роман Заевты ауыстырды. Жаңа бапкер 2010-2015 жылдар аралығында «Көкше» футбол клубын жаттықтырып, бес мәрте Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанған. Биыл Қазақстан U-19 қыздары 2018 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу ойындарында бақ сынайды. Осы ретте естеріңізге сала кетейік, електік ойындар 18-24 қазан аралығында Қазақстанда өтеді.
17 жасқа дейінгі Қазақстан қыздар құрамасының аға жаттықтырушысы қызметіне Орынбасар Дәуренбекова тағайындалды. Ол 2015 жылы осы құраманың аға жаттықтырушысына көмектесіп, кеңесшісі болған. Соңғы жылдары Астанада жас қыздарды жаттықтырып жүр.
Жалпы, осы уақытқа дейін Қазақстан U-17 құрамасын Данияр Қайырбаев жаттықтырып келген болатын. Орынбасар жаттықтыратын қыздарымыз да күзде Еуропа чемпионатының іріктеу ойындарында додаға түседі. Қарсыластары – Франция, Дания және Уэльс қыздары. Бұл топтың ойындары 24-30 қыркүйек аралығында дат жерінде өтеді.