Вернуться к списку статей

«БИІК-Қазығұрт» және «Лион» – Төрт дүркін чемпион бет қаратпады

Футбол
1K
«БИІК-Қазығұрт» – «Лион» (Франция) – 0:7. Фото: olweb.fr
Бүгін «БИІК-Қазығұрт» Шымкентте Францияның 15 дүркін чемпионы «Лион» клубын қабылдап, 0:7 есебімен күйрей ұтылды.

Әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасының 1/8-финалында жеребе жеңіл түспей, «БИІК-Қазығұрт» қыздары азуы алты қарыс «Лион» клубына тап болған. Бұл ұжым УЕФА Чемпиондар лигасын төрт рет топ жарды, екі рет финалға шықты. Соңғы екі жылда қарсылас шақ келтірмей жүр.

Бүгін Шымкентте 1/8-финалының бірінші ойыны өтіп, Қазақстан чемпионы Франциядан келген қонақтарына қайрат көрсете алмады. Алты минут қана төтеп берді. Бұдан кейін Чемпиондар лигасының төрт дүркін жеңімпазы көсіле сілтеді. Оң қапталдағы шабуылшысы Ада Хегербергтің бір өзі төрт гол соқты...

Қарымта матч қарашаның 15-інен 16-сына ауған түні Еуропада өтеді. Қалай болар екен? «БИІК-Қазығұрт» қыздары енді ширек финалға шыға алмас. Әйтсе де, Чемпиондар лигасының 1/8-финалына дейін жеткенінің өзі – үлкен жетістік. Төрт дүркін чемпионымен өткен матчтың да пайдасы болады, тәжірибелерін толыстыра түсті деп сенеміз.

«БИІК-Қазығұрт» – «Лион» (Франция) – 0:7 (0:3)

Голдар: Хегерберг, 6. Хегерберг, 19-пенальтиден. Абили, 44. Мажри, 48. Хегерберг, 73. Ле Сомме, 75. Хегерберг, 90.

Ескерту: Адуле, 70.

«БИІК-Қазығұрт»: Гребенюк, Мясникова, Нганди, Машкова, Кравец, Қырғызбаева, Мессомо (Даннигэн, 82), Корт, Ихезуо (Бортникова, 85), Адуле (Бабшук, 77), Габелия.

«Лион»: Буадди, Баша (Каскарино, 61), Ренар, Бьюкенен, Бронз, Марожан, Кумагаи (Амрауи, 64), Мажри, Ле Сомме, Абили (Маляр, 77), Хегерберг.

Төрешілер: Карагиорги, Мирантея, Иродоту (бәрі де – Кипр).

8 қараша. 2017. Шымкент. «Намыс».

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 6 – 18
Тура соққы: 4 – 10
Қиыс кеткені: 2 – 5
Тойтарылғаны: 0 – 3
Бұрыштама соққылар: 1 – 4
Офсайдтар: 2 – 3
Ескерту (сары қағаз): 1 – 0
Ереже бұзу: 11 – 8

Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика