Вернуться к списку статей

Чемпиондар лигасы – Қазақстан чемпионы өз тобында жеңімпаз атанды

Футбол
1K
2017 жыл. 28 тамыз. «БИІК-Қазығұрт» (Қазақстан) – МТК (Венгрия) – 3:0. Фото: mtkhungaria.hu
Футболдан әйелдер арасындағы УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңі аяқталып, «БИІК-Қазығұрт» қыздары 8-топта топ жарды.

«БИІК-Қазығұрт» қыздары биылғы Чемпиондар лигасын Венгрияда бастап, 8-іріктеу тобында бақ сынады. Әуелі Португалияның «Спортинг» клубымен кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жеткен болатын. Бұдан кейін «Хайвалия» (Косово) командасымен кездескен болатын. Бірден айтайық, бұл осы топтағы ең осалдау команда еді. Алайда Қазақстан чемпионына дәл осы қарсыласын жеңу оңай болған жоқ...

Негізі, ойын «БИІК-Қазығұрт» клубы үшін тәп-тәуір басталған. Қыздарымыз матчтың басында есеп ашып, алға шыққан. Голды Гүлнара Габелия соққан болатын. Алайда іле-шала украиналық қорғаушымыз Дарья Кравец ойын ережесін бұзып, алаңнан қуылды. Қазақстан чемпионына 70-минуттан астам уақыт бойы кем құрамда ойнауға тура келді.

Соңғы турда Болгария маманы Калоян Петков жаттықтыратын «БИІК-Қазығұрт» қыздары алаң иелерімен кездесті. МТК (Венгрия) УЕФА Чемпиондар лигасындағы рейтингісі жоғарылау команда болатын. Алайда Қазақстан қыздары бұл ойында шектен тыс мұқият ойнап, 3:0 есбімен басым түсті. Екі голды Чинвенду Ихезуо мен Гүлнара Габелия соқса, үшіншісін венгрлердің қақпашысы Река Сеч өз қақпасына енгізіп алды...

Сөйтіп, «БИІК-Қазығұрт» 8-іріктеу тобындағы үш ойында да жеңіске жетіп, 1-орынға ие болды. Яғни Чемпиондар лигасының 1/16 финалына шықты. Жеребе жұма күні тартылады. Қазақстан чемпионы – екінші қоржында (себетте). Жолы болып, жеребесі жеңіл түссе, былтырғыдай көпшілікті сүйсіндіреді деп ойлаймыз...

УЕФА Чемпиондар лигасы. Іріктеу кезеңі. 8-топ

1-тур

МТК (Венгрия) – «Хайвалия» (Косово) – 2:0

«БИІК-Қазығұрт» (Қазақстан) – «Спортинг» (Португалия) – 2:1 (1:1)

Голдар: Ихезуо, 7 (1:0). Диана Силва, 10 (1:1). Адуле, 83 (2:1).

«БИІК-Қазығұрт»: Гребенюк, Мясникова (к), Даннигэн, Машкова, Кравец, Қырғызбаева, Корт, Ихезуо, Адуле, Литвиненко (Мессомо, 90+1), Габелия.

2-тур

«Спортинг» (Португалия) – МТК (Венгрия) – 2:0

«БИІК-Қазығұрт» (Қазақстан) – «Хайвалия» (Косово) – 1:0      

Гол: Габелия, 14.

19-минутта Кравец алаңнан қуылды.

«БИІК-Қазығұрт»: Гребенюк, Мясникова (к), Нганди, Машкова, Кравец, Мессомо (Литвиненко, 48), Корт, Ихезуо (Даннигэн, 27), Адуле (Николаенко, 78), Қырғызбаева, Габелия.      

3-тур

«Спортинг» (Португалия) – «Хайвалия» (Косово) – 4:1

«БИІК-Қазығұрт» (Қазақстан) – МТК (Венгрия) – 3:0

Голдар: Ихезуо, 38. Габелия, 48. Сеч, 53-өз қақпасына.

«БИІК-Қазығұрт»: Гребенюк, Мясникова (к), Даннигэн, Машкова, Красюкова, Корт (Мессомо, 67), Қырғызбаева Ихезуо (Жолшиева, 90+2), Адуле (Бабшук, 52), Литвиненко, Габелия.


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика