Шотландияның Эдинбург қаласында 17 жасқа дейінгі қыздар арасындағы 2017 жылғы Еуропа чемпионатының 6-електік тобындағы доп додасы аяқталды. Қазақстан U-17 құрамасының қыздары үш ойын өткізіп, үшеуінде де ірі есеппен ұтылды.
Әуелі Франция U-17 құрамасы қыздарынан 0:17 есебімен күйрей ұтылса, одан кейін Шотландия бойжеткендерінен 0:8 есебімен ойсырай жеңілді. Ал бүгін түнде Хорватия аруларынан 0:3 есебімен ұтылып қалды.
Негізі, хорват қыздары да алғашқы екі ойында жеңілістің кермек дәмін татқан болатын. Шотландия және Франция бойжеткендерінен бірдей есеппен, яғни 0:4 болып ұтылып қалған. Бірақ бүгін біздің қыздарымыздан басым түсті.
Украина маманы Роман Заев жаттықтыратын Қазақстан U-17 құрамасы болса, Шотландиядағы електік турнирде үш рет ірі есеппен ұтылып, бірде-бір соға алмай, пұшайман болды.
Сонымен, қыздар арасындағы 2017 жылғы Еуропа чемпионатының 6-електік тобындағы іріктеу турнирі аяқталды. Осы төрттіктегі соңғы матчта Франция қыздары Шотландия бойжеткендерін 4:0 есебімен тізе бүктіріп, бірінші орынға ие болды.
Қазақстан U-17 – Хорватия U-17 – 0:3
Голдар: Кларич, 3. Спаич, 19. Спаич, 43.
Қазақстан U-17: Алмасбай, Жақсымбай, Флют, Иванюк, Кұрманғазина (Серікбай, 36), Низамутдинова, Ақбаева (Скуфина, 41), Михайлова (Ақшалова, 41), Төлегенова, Әділханова, Багулли.
Хорватия U-17: Толич, Тариташ, Копич, Бартолович, Чаневац (Бурчул, 71), Павичич, Пернар, Яковац (Томкич, 53), Спаич, Геголай (Едвай, 41), Кларич.
Бас төреші: Реелика Тури (Эстония).
Ойынның қысқаша статистикасы:
Соққы: 6 – 16
Тура соққы: 4 – 9
Қиыс кеткені: 1 – 6
Тойтарылғаны: 1 – 1
Бұрыштама соққылар: 2 – 3
Офсайдтар: 0 – 7
Ескерту (сары қағаз): 0 – 1
Ереже бұзу: 15 – 10